«Тіл шебері – 2021» байқауы болып өтті

«Тіл шебері – 2021» байқауы болып өтті

Бас прокуратурада Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай прокуратура органдары қызметкерлері арасында «Тіл шебері – 2021» онлайн-байқауы болып өтті.

Байқаудың мақсаты – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген қызметкерлерді анықтау, тіл мәдениетін көтеру және үш тілділікті насихаттау.

Осы байқауға прокуратура органдарынан үш тілді еркін меңгерген 20 қызметкер қатысты.

Үміткерлерді қазақ, орыс және ағылшын тілдері саласының филолог-ғалымдары қатысқан қазылар алқасы бағалады.

Байқау 3 кезеңнен тұрды. «Елтаным» және «Сөзтаным» кезеңдерінде үміткерлер берілген тақырыптарды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде баяндау арқылы тілдерді жетік меңгергендерін көрсетті. Ал «Ойтаным» бөлігінде жарысқа қатысушылар қазақ тілінде «Тәуелсіздік – мәңгілік елдің тұғыры» атты эссе жазды.

Байқаудың қорытындысы бойынша І орын Бас әскери прокурордың аға көмекшісі Еркін Қожа-Ахметке берілді.

ІІ орын – Елнұр Рамазанов, Семей қ. прокуратурасының бөлім прокуроры.

ІІІ орынМадина Абдраманова, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының 2-курс магистранты және Алмаз Сағындықов, Түркістан облысы Сайрам ауданы прокуратурасының прокуроры.

Бас жүлдені Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметіндегі Бас Прокурордың аға көмекшісі Дархан Айтмағанбетов жеңіп алды, ол «Болашақ» президенттік бағдарламасы стипендиясының иегері, Джордж Вашингтон университетінің (АҚШ) түлегі, құқық магистрі.

Ол мемлекеттік қызметшілер арасындағы республикалық «Тіл шебері – 2021» байқауында Бас прокуратураның намысын қорғайтын болады.

Жеңімпаздар Бас Прокурордың арнайы дипломдарымен марапатталды. Сондай-ақ үш тілді білудің жоғары деңгейін көрсеткен қызметкерлерге алғыс хаттар берілді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі