Прокурорлар қазақ тілі байқауында жүлдегер атанды

Прокурорлар қазақ тілі байқауында жүлдегер атанды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына биылғы Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Болашағын Отанымызбен  байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс», – деген болатын.

Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыру мақсатында Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитеті  құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясын ұйымдастырды, оған еліміздің 15 өңірінен 17 этнос өкілдері қатысты.

Онлайн акцияда құқық қорғау органдарының 66 қызметкері қазақ ақындарының туған ел, туған жер, ана тілі тақырыбындағы өлеңдерінен үзінділерді мәнерлеп жатқа айтудан жарысып, оны Instagram әлеуметтік желісіне орналастырды.

Акцияға прокуратура органдарының қызметкерлері де белсенді қатысты.

Қазылар алқасының шешімімен Бас көлік прокуратурасының басқарма бастығы Мехти Назаров ІІ орынды, Ақмола облысы прокуратурасының басқарма аға прокуроры Имран Мамедов ІІІ орынды иеленді. Олар Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің дипломдарымен марапатталды.

Қатысушылардың материалдарымен Instagram желісінде #менқазақшасөйлеймін2021 хештегі бойынша танысуға болады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі