Бас прокуратурада экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды

Бас прокуратурада экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды

 Бүгін Бас Прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, онда экономикалық контрабандаға қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Оның жұмысына Үйлестіру кеңесінің мүшелері, облыстардың прокурорлары, құқық қорғау, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.

Отырысты аша отырып, Бас Прокурор экономикалық контрабанда мемлекетке елеулі залал келтіретінін, отандық бизнес үшін тең емес бәсеке тудыратынын атап өтті. 5 жыл ішінде Республика бойынша кеден саласында 700-ден аса қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Кеңесте Қаржы мониторингі агенттігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің қабылдап отырған шаралары туралы баяндамалар тыңдалды.

Шетелдік мемлекеттермен ақпарат алмасу, ішкі нарықты заңсыз импорттан қорғау және кедендік бекеттерді техникалық жарақтандыру мәселелері талқыланды.

Ғ. Нұрдәулетов «Қазақстанда көліктің шекарада орынсыз тұрып қалу фактілерін болдырмай, қабылданып отырған шаралар адал бизнес үшін кедергі келтірмеуі керек» деп атап өтті.

Іс-шара қорытындысымен Үйлестіру кеңесінің мүшелері шекарадағы заңсыз сауда айналымына қарсы күрес бойынша ұсынымдар берді.

 

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі