Қызметтік борышқа адалдық

Қызметтік борышқа адалдық

2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданының Қайнар ауылы маңындағы әскери бөлімдегі өрт туралы ақпарат алып, жеті адамнан тұратын прокурорлар тобы мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру және тұрғындарға қауіптілік деңгейін анықтау мақсатында оқиға орнына барған.

Оқиға орнында болған сәтте оқ-дәрілердің жарылысы орын алған, нәтижесінде Байзақ ауданы және Оңтүстік өңір әскери прокуратурасының алты қызметкері түрлі дене жарақаттарын алды, біреуі қайтыс болды.

Қызметтік борышын орындау кезінде өз өмірлерін қатерге тіге отырып, біздің әріптестеріміз ерлік пен батылдық танытты және антқа адал офицердің үлгісін көрсетті.

Бас әскери прокуратураның Оңтүстік өңірінің әскери прокуроры Арман Қуанышұлы Қапезов қайғылы қазаға ұшырады.

Қапезов прокуратура органдарында 20 жылдан астам жұмыс істеді, қызметтегі жетістіктері үшін бірнеше рет, оның ішінде мемлекеттік наградамен марапатталды. Әріптестері арасында сыйлы болды.

Арман Қуанышұлының төрт баласы қалды.

Прокуратура органдарының басшылығы мен ұжымы А.Қ. Қапезовтің отбасы мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады, ал емделіп жатқан қызметкерлердің тез сауығып шығуларына тілектестік білдіреді.