Бас прокуратурада әкімшілік әділет саласындағы жаңалықтар талқыланды

Бас прокуратурада әкімшілік әділет саласындағы жаңалықтар талқыланды

Бас прокуратурада ағымдағы жылдың 22 сәуірде жаңа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) негізгі ережелерін талқылау бойынша семинар өтті.

Бейнеконференц-байланыс арқылы семинарға Жоғарғы Соттың судьясы – А. С. Тукиев және ӘРПК әзірлеушілері болып табылатын Әділет министрлігінің өкілі Д. А. Сүлейменов, сондай-ақ аумақтық прокуратуралардың қызметкерлері қатысты.

Әкімшілік рәсімдердің және ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап әрекет ететін ӘРПК бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктері егжей-тегжейлі талқыланды.

Жаңа кодекс Президенттің Жолдауындағы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының одан әрі дамуына ықпал ететінін атап өткен жөн.

Кодекс мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің, соның ішінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарының сапасын арттырады.

Егер азаматтар мен заңды тұлғалар әкімшілік органдардың шешімдерімен келіспесе, олар жаңа мамандандырылған әкімшілік соттарға шағымдана алады.

Бұл ретте, ӘРПК-де соттың белсенді рөлі қағидаты енгізілді, онда сот өз бастамасы бойынша дәлелдемелер жинайды (егер олар жеткіліксіз болса), судья азаматқа талап қою талаптарын тұжырымдауда жәрдем көрсетеді, талап қоюларды қайтару үшін формальды негіздер алып тасталады.

Жалпы семинар жаңа кодекс нормаларының құқық қолдану практикасы бойынша шоғырландырылған ұстанымды әзірлеуге мүмкіндік берді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі