Қылмыстық заң 18 жасқа толғанға дейін қылмыс жасаған адамдардың жауаптылығына қатысты арнайы қағидаларды көздейді.
Солардың бірі бас бостандығынан айыру жазасына қатысты.
Қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес қылмыс жасаған кәмелетке толмағанға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Дәл осындай қағида, егер қылмыс адам өліміне әкеп соқпаса, ауырлығы орташа қылмыс жасаған жағдайда да қолданылады. Бұл талап Қылмыстық кодекстің 81-бабында тікелей көзделген.
Практикада бұл қағида кәмелетке толмаған адам бір мезгілде ауырлығы әртүрлі бірнеше қылмыс үшін жауаптылыққа тартылған жағдайларда да маңызды.
Мәселен, Батыс Қазақстан облысында қылмыстық істердің бірі бойынша кәмелетке толмаған бірнеше қылмыс жасағаны үшін сотталған. Ауыр қылмыстар үшін тағайындалған жазамен қатар, оған онша ауыр емес қылмыс үшін 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Істі кассациялық тәртіппен қарау барысында прокурор кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық заңның арнайы талаптарына назар аударды.
Нәтижесінде онша ауыр емес қылмыс үшін тағайындалған 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы 50 сағат қоғамдық жұмыстарға ауыстырылды. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Кәмелетке толмағандарға жаза тағайындау кезінде тек жалпы қағидалар ғана емес, олардың жасы, тұрмыс және тәрбие жағдайлары, психикалық даму деңгейі және жеке басының өзге де ерекшеліктері ескеріледі. Бұдан бөлек, әрбір нақты жағдайда тәрбиелік ықпалы бар шараларды қолдану мүмкіндігі қарастырылуға тиіс.
Кәмелетке толмағандарға қатысты арнайы қағидалар – олар жасаған өзге қылмыстардың ауырлығына қарамастан сақталуға тиіс заңның тікелей талабы.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі