
2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистратурасы мен докторантурасы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсіміне қатысты.
Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, сондай-ақ Maqsut Narikbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана халықаралық университеті, Astana IT University, Ұлттық қорғаныс университеті және Ішкі істер министрлігінің Академиясы сияқты жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Соңғы он жылда Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 534 қызметкері білім алды. Оның ішінде 459-ы магистратураны, 75-і докторантураны тәмамдады.
Академияның басты ерекшелігі – әртүрлі ведомстволардың өкілдері бір аудиторияда білім алады. Бұл құқық қорғау қызметіндегі түрлі тәжірибелерді біріктіріп, Заң және Тәртіпті қамтамасыз етуге негізделген бірыңғай кәсіби ынтымақтастық мәдениеті мен ортақ экожүйені қалыптастырады.
Салтанатты рәсімді аша отырып, Бас Прокурор бүгінгі түлектер ел дамуының тарихи кезеңінде білім алып шыққанын атап өтті.
Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғаудың сапалық жаңа деңгейін бекітіп, алғаш рет адам капиталын дамыту, ғылым, білім беру, азаматтардың цифрлық құқықтары, сондай-ақ прогресстің, инновациялардың және білім құндылықтарын жауапты отансүйгіштіктің конституциялық негізі ретінде айқындады.
Берік Асыловтың айтуынша, дәл осы өзгерістер құқық қорғау жүйесінің одан әрі эволюциясының бағытын айқындайды.
«Бүгінде Академия ғылымды, білімді, IT-технологияларды және практиканы біріктіретін құқық қорғау жүйесінің интеллектуалдық әрі технологиялық өзегіне айналуда. Біз цифрлық ортада тиімді жұмыс істейтін, қатерлерді жаппай сипат алмай тұрып алдын ала болжай алатын жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз.
XXI ғасырда қылмысқа жылдам әрекет ететін емес, оны алдын ала болжай алатын ғана жеңіске жетеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің болашағы бүгіннен – ғылыми зертханаларда, Академия аудиторияларында және жаңа технологияларды әзірлеу орталықтарында басталады», – деді Берік Асылов.
Бас Прокурор цифрландыруды дамыту елдің жаңа конституциялық моделіне және Мемлекет басшысының азаматтарға мінсіз қызмет етуге, Заң үстемдігін қамтамасыз етуге әрі технологиялық тұрғыдан егемен, икемді Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Президенттің білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Академия цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды тергеу, электрондық дәлелдемелерді, ашық дереккөздерді талдау және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні қолдану салаларында мамандар даярлаудың кешенді экожүйесін қалыптастыруда.
Осы мақсатта Цифрлық технологиялар және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл институты құрылып, онда цифрлық криминалистика мен киберқылмыстарды, оның ішінде криптоактивтерді пайдалана отырып жасалған қылмыстарды тергеуге арналған бірегей білім беру бағдарламалары әзірленді.
Тағы бір стратегиялық бағыт – құқық қорғау жүйесінің бірыңғай ғылыми кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі таңда Академияның бастамасымен 60-тан астам ведомствоаралық ғылыми зерттеу жүргізілді.
Келесі кезеңде Ғылыми-әдістемелік кеңес азаматтық жоғары оқу орындарының қатысуымен Ведомствоаралық кеңес болып қайта құрылады.
Бұл формат құқық қорғау жүйесін дамытудың бірыңғай шешімдерін әзірлеу үшін ғылыми әлеуетті, практикалық тәжірибені және заманауи білім беру тәсілдерін біріктіруге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Академия зерттеу университеті мәртебесін алуды, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, қос диплом бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты дамытуды жоспарлап отыр.
Рәсімге қатысушыларға Киберполигонның, Форсайт-орталықтың, Innovation Lab және Ғылыми превенция мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының жұмысы таныстырылды.
Пилоттық режимде жұмыс істейтін Форсайт-орталық дипфейк технологияларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, ұшқышсыз жүйелерді дамыту және көлеңкелі цифрлық нарықтар мәселелері бойынша терең талдамалық зерттеулер әзірледі.
Innovation Lab зертханасы аясында тәжірибеде қолданылып жатқан 14 қолданбалы өнім (әдістемелік ұсынымдар мен алгоритмдер) әзірленді. Бұл тәжірибе өңірлік ProLab зертханаларының желісі және аумақтық прокуратуралардағы оқу-практикалық кабинеттер арқылы кеңейтілуде.
Академия пайдалы модельдерге 20-ға жуық патент алды. Әзірлемелер қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттарының прототиптері, тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған мамандандырылған техникалық құралдар, сондай-ақ іздестіру іс-шаралары мен криминалистикалық зерттеулерде қолданылатын металл заттарды анықтауға арналған ұшқышсыз суасты дроны бар.
Сапар қорытындысын шығара отырып, Берік Асылов қазіргі заманғы мемлекеттің қауіпсіздігін ғылымсыз, технологиясыз және жасанды интеллектісіз қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі