Алматы қаласының тұрғыны басқа тұлғамен бірге жәбірленушінің ақша қаражатын жасырын жымқырған.
Сот қаулысымен ол ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сот шешімінің заңдылығын тексеру барысында заңның дұрыс қолданылмағаны анықталды. Сот оның бұған дейін де дәл осындай негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылу құқығын пайдаланғанын ескермеген. Мұндай шараны қайта қолдану жазаның бұлтартпастығы қағидатына және заң талаптарына қайшы келеді.
Прокурордың кассациялық наразылығымен сот қаулысының күші жойылып, қылмыстық іс сол сотқа өзге құрамда жаңадан қарауға жіберілді.
Тараптардың татуласуы институты мемлекеттің ізгілік қағидатының көрінісі болып табылады. Ол келтірілген зиян өтеліп, жәбірленуші кінәлі адамды кешіріп және жанжал толық реттелгенде белгілі бір жағдайларда адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға мүмкіндік береді. Алайда бұл механизм жауаптылықтан жалтару тәсілі ретінде бірнеше рет пайдаланылуы мүмкін дегенді білдірмейді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі