Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды

Бас прокуратура 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жұмыс қорытындыларын шығарды

Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратураның 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызмет қорытындыларына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.

Отырыс барысында қадағалау органының басшысы: «Прокуратура органдары қызметінің басты назарында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті Қазақстан құруға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға және азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз қорғауға арналған бағытын іске асыру мәселелері тұр».

«Қазіргі уақытта елімізде ауқымды реформалар жүргізілуде. Жаңа Конституция адам құқықтарының кепілдіктерін едәуір күшейтіп, оларды қорғау тетіктерін кеңейтті. Прокуратура конституциялық реформалардың негізгі мақсаттарына қол жеткізуге өз үлесін қосуы тиіс. Біздің міндетіміз – Конституцияның әрбір нормасының азаматтардың өмірінде нақты жүзеге асуын қамтамасыз ету және заңның бүкіл қоғам үшін бұлжымас құндылық болып қалуына ықпал ету», – деп атап өтті Берік Асылов.

Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша қызметтің негізгі бағыттарының басым бөлігінде оң серпін байқалғаны айтылды.

«Заң және тәртіп» идеологиясын ілгерілету, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, инвестициялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және цифрлық трансформацияны одан әрі дамыту бағытында кешенді шаралар қабылданды.

Құқықтық тәртіптің жақсаруына құқық қорғау органдары қызметін үйлестірудің күшеюі, құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстары және цифрлық технологияларды енгізу маңызды ықпал етті.

Қылмыстық құқық бұзушылықтар деңгейі 10%-ға төмендеді (оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар), сондай-ақ алаяқтық қылмыстар саны 13%-ға азайды.

Прокуратура органдары құқық қорғау органдарымен және қаржы институттарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, есірткі трафигінің интернет-инфрақұрылымын жою бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.

Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде 2025 жылдан бері 530 мың «дропперлік» шот бұғатталып, 2,6 млрд теңге көлеміндегі есірткіден түскен заңсыз кірістерге тосқауыл қойылды, сондай-ақ осы бағыттағы 10 мың сайттың қызметі тоқтатылды.

Берік Асылов қылмыстың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың, балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстардың, алаяқтық пен есірткі саудасының жолын кесу жұмыстарын күшейту қажеттігіне назар аударды.

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету қоғам өмірінің барлық негізгі әрі сезімтал салаларын қамтыды.

Қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын құқықтық қорғауға, бас бостандығынан айыру орындарында заңдылықтың сақталуына, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының бұзылуына жол бермеуге, сондай-ақ азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылды.

Прокурорлық қадағалау актілері бойынша 2,1 млрд теңге көлеміндегі жалақы берешегі өтеліп, 168 мың жұмыскердің құқықтары қалпына келтірілді.

Мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамның оңалту құралдарын алу, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізу құқықтары қорғалды.

Кәмелетке толмағандардың, оның ішінде білім алу, тұрғын үймен және медициналық қамтамасыз етумен қамтылу құқықтарының сақталуы прокурорлардың тұрақты бақылауында.

Мәселен, прокурорлық қадағалау актілері бойынша 10 мыңнан астам жасөспірімнің жоспарлы ауруханаға жатқызылу, тегін тамақтану құқықтары қорғалды, сондай-ақ 2 мыңнан астам жетім бала тұрғын үймен қамтамасыз етіліп, тұрғын үй кезегіндегі құқықтары қалпына келтірілді.

Осы салада мемлекеттік органдар мен ұйымдардың 2,9 мың лауазымды тұлғасы әртүрлі жауаптылық түрлеріне тартылды.

Әлеуметтік бағдарламалардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету мақсатында прокурорлардың күш-жігері құқық бұзушылықтардың жолын кесуге және мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталды.

Прокурорлардың қабылдаған шараларының нәтижесінде мемлекет пайдасына 147 млрд теңге өндірілді (мүлік, салықтар, экологияға келтірілген залал және басқа да төлемдер).

Президенттің мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде прокурорлар 342 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік қаражаттың заң бұзушылықтармен жұмсалуына жол бермеді. Бұл ретте шығыстарды негізсіз жоспарлауға, бәсекелестікті шектеуге, артық тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға жол бермеуге ерекше назар аударылуда.

Активтерді қайтару және оларды заңды экономикалық айналымға тарту жөніндегі жүйелі жұмыс жалғастырылды.

Биыл мемлекеттен заңсыз шығарылған активтердің 40 млрд теңгесі қайтарылды (оның ішінде 37,7 млрд теңге ақшалай қаражат, 2,3 млрд теңге көлеміндегі мүлік).

Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен 39 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді (олардың қатарында Ақтау қаласындағы жедел медициналық жәрдем станциясы, Шымкент қаласындағы студенттер жатақханасы, Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы футбол стадионы, Балқаш қаласы әуежайын реконструкциялау және басқа да нысандар бар).

Заң талаптарын сақтайтын бизнесті кешенді прокурорлық қорғау жүйесі қалыптастырылды.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы ерекше бақылауда.

Президент Жарлығымен құрылған Инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі комитет өз өкілеттіктерін іске асыруға кірісті.

Негізгі назар ден қою шараларынан жүйелі әрі проактивті жұмысқа көшуге, яғни проблемалардың түпкі себептерін анықтап, оларды жоюға аударылды.

Қазіргі уақытта прокурорлардың сүйемелдеуінде 3 мыңнан астам инвестициялық жоба бар. Оларды іске асыру жаңа экономикалық өсу нүктелерін қалыптастыруға, салық базасын кеңейтуге, жұмыспен қамтуды арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. Аталған жобаларды жүзеге асыру аясында 600 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Инвестицияларды тарту, активтерді қайтару және қылмыскерлерді экстрадициялау мәселелерін қоса алғанда, халықаралық ынтымақтастықты дамыту жұмыстары жалғасуда.

Бас прокуратураның қоржынында 39 юрисдикциямен жасалған 92 екіжақты шарт бар. Олардың қатарында Ұлыбритания, Гонконг, Үндістан, Испания, Италия, АҚШ, Монако Князьдігі, Франция, Макао және басқа мемлекеттер мен аумақтар бар.

Сондай-ақ Қазақстанға 27 адам экстрадицияланды (Грузия, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Ресей, Түркия, Черногория және басқа елдерден), ал шет мемлекеттерге 70 адам берілді (Армения, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Польша және басқа елдерге).

Алқа отырысының қорытындысы бойынша Бас Прокурор қадағалау органының алдағы жұмысының негізгі бағыттарын айқындады. Олар жүйелі цифрлық трансформация қағидаттарына, құқық бұзушылықтарға жедел ден қоюға және мемлекеттің барлық қызмет салаларында заңдылық режимін дәйекті түрде нығайтуға негізделетін болады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі