Алматы облысының тұрғыны жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылған. Аталған оқиға салдарынан қарсы бағытта келе жатқан автокөлік жолаушысының денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Қарасай аудандық сотының қаулысымен тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық іс тоқтатылған.
Алайда прокурорлық тексеру барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеру процестік мерзімдерді өрескел бұза отырып жүргізілгені анықталды.
Қылмыстық іс шамамен 5 ай бойы өндірісте болған. Бұл ретте алдын ала тергеу тағайындалмаған, тергеп-тексеру мерзімдері ұзартылмаған және үзілмеген.
Бас прокуратураның кассациялық наразылығы бойынша сот актісінің күшіжойылып, іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды.
Жіберілген заң бұзушылықтар үшін сот полиция департаментінің атына жекеше қаулы шығарды.
Тергеп-тексеру мерзімдерін бұзу формалды көзқарасқа жол бермейді және заңда көзделген құқықтық салдарға алып келеді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі