Прокуратура органдары қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде заңдылықтың сақталуын және адам құқықтарының қамтамасыз етілуін жүйелі түрде жалғастыруда.
Қадағалау қызметі аясында пенитенциарлық мекемелерді жаңғырту, сотталғандарды медицинамен қамтамасыз ету, оларды еңбекпен қамту және босатылғаннан кейін қайта әлеуметтендіру мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Соңғы екі жылда медициналық қамтамасыз ету саласында ҚАЖ мекемелері жанындағы медициналық бөлімдердің инфрақұрылымы жақсартылды. 54 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сондай-ақ Батыс Қазақстан және Жетісу облыстарында екі жаңа медициналық бөлім салынды.
Өңір әкімдіктерімен өзара іс-қимыл шеңберінде түзеу мекемелеріндегі тұрғын үй-жайларға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, ҚАЖ мекемелерінің аумағында 12 өндірістік ангар салу жобасы іске асырылуда.
Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде сотталғандарды еңбекпен қамту деңгейі 50 пайыздан 70-ке дейін артты.
Қарағанды облысында Қылмыстық-атқару жүйесі комитетімен бірлескен жұмыс кезінде қауіпсіздігі барынша төмен мекемедегі сотталғандарды жұмыс берушінің аумағында тұрумен және толық қамтамасыз етумен еңбекке тарту бойынша пилоттық жоба іске асырылуда.
Бүгінгі таңда «Qarmet» АҚ және «Железобетонный партнер» ЖШС-не жұмысқа орналастыру үшін 51 сотталған шығарылды. Алдағы уақытта жобаға қатысушылар санын 500 адамға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Қылмыстық-атқару қызметі процестерін автоматтандыру бойынша шаралар қабылдануда. Мекемелерге кеңейтілген функционалы бар заманауи терминалдар енгізілуде.
Жаңа жүйелер сотталғандарды сәйкестендіру үшін Face-ID технологиясын, сондай-ақ құжаттарға қол қою үшін TouchScreen технологиясын пайдалануға мүмкіндік береді.
Аталған шешімдер өтініштерді, ізгілік актілерін қолдану туралы өтінішхаттарды, шағымдар мен арыздарды мемлекеттік органдарға, оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жолдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
Терминалдарды сынақтан өткізу Ақмола және Алматы облыстарының мекемелерінде сәтті жүргізілуде.
Әлеуметтік пайдалы байланыстарды нығайту мақсатында ҚАЖ 10 мекемесінде туыстарымен бейнебайланыс арқылы сөйлесуге мүмкіндік беретін бейнетелефондар енгізілді. Елдегі барлық мекемелерге 416 аппарат орнату жоспарлануда.
Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін жаңғырту, ұстау жағдайларын жақсарту және заманауи цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасатын болады. Қабылданып жатқан барлық шаралардың іске асырылу барысы Бас прокуратураның тұрақты бақылауында.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі