Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы қайталама қылмыстың алдын алу, әлеуметтік бейімдеу мен пробация қызметі есебінде тұрған адамдарға бақылау тиімділігін арттыру мақсатында сотталғандарды қайта әлеуметтендіруге бағытталған цифрлық шешімдер кешенін іске асыруда.
Негізгі бағыттардың бірі - пробация жүйесін цифрландыру.
Есептегі тұлғаларды цифрлық қайта әлеуметтендіру
Өткен жылдан бастап пробация қызметінің жұмысы цифрлық форматқа көшіріле бастады.
Бас прокуратураның бастамасымен сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселелерін үйлестіру Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бекітілді.
Пробация қызметінің есебіндегі тұлғалар «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіне енгізілді.
Енді пробация қызметкері мобильді қосымша арқылы сотталған тұлғаның есепке қойылғаны туралы сигналды әкімдіктер жанындағы Отбасын қолдау орталықтарына жолдайды.
Орталық мамандары тұрғылықты жеріне барып, есептегі адамның қажеттіліктерін зерделеп, құзыретті мемлекеттік органдарды тарта отырып қажетті көмекті ұйымдастырады.
Осы форматта 3 мыңнан астам қызмет көрсетілді. Оның ішінде: әлеуметтік төлемдер, демеушілік көмек, жұмыссыз ретінде тіркеу, құжаттарды рәсімдеу, ЭЦҚ алу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және консультативтік көмек бар.
Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пробация есебіндегі тұлғаларды FSM «Social» мобильді қосымшасына енгізді. Аталған жүйе азаматтардың өз бетінше жүгінуінсіз әлеуметтік-құқықтық көмекті проактивті түрде көрсетуге бағытталған.
Жүйе құжаттандыру, жұмысқа орналастыру, оқыту, медициналық және өзге де көмек көрсету мәселелері бойынша мемлекеттік органдарға арналған тапсырмалар тізбесін автоматты түрде қалыптастырады.
Жасанды интеллект алгоритмдерін пайдалану арқылы ақпарат қажетті шаралар қабылдау және атқарылған жұмыстар туралы мәліметтер енгізу үшін жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
Осы механизм аясында сотталғандарға құжаттандыру, оқыту, жұмысқа орналастыру және медициналық көмек бағыттары бойынша 5 221 әлеуметтік қызмет көрсетілді.
Қазіргі уақытта қосымшаны «Цифрлық қадағалау» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесіне интеграциялау мәселесі пысықталуда. Бұл прокурорларға қайта әлеуметтендіру процесін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
«Цифрлық қадағалау» және есептегі тұлғалардың мінез-құлқын бақылау
Екінші маңызды бағыт - бейнебақылау жүйесін пайдалану арқылы есептегі тұлғаларды цифрлық бақылауды енгізу болды.
Өткен жылдың наурыз айында Бас прокуратура қадағалау қызметінің тиімділігін арттыру және құқық қорғау органдарының үйлестіруін қамтамасыз етуге арналған «Цифрлық қадағалау» бірыңғай ақпараттық-талдау жүйесін пайдалануға енгізді.
Жүйе қоғамдық тәртіпті бақылау үшін Қазақстан қалаларында жұмыс істейтін интеллектуалды бейнекамералармен интеграцияланған.
Бірыңғай жүйеге пробация есебіндегі тұлғалардың мінез-құлқын автоматты түрде бақылауға және сот белгілеген шектеулер мен міндеттерді бұзу фактілеріне жедел әрекет етуге арналған «Пробацияны қадағалау» мамандандырылған модулі енгізілді.
Пробация қызметкерлері үшін ақпаратты жедел алып, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін арнайы автоматтандырылған жұмыс орны құрылды.
Модуль келесі фактілерді тіркейді:
теміржол және әуе қатынасы арқылы орын ауыстыруы;
Ақпарат мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және мониторинг сервистерімен интеграция арқылы автоматты түрде келіп түседі.
Жүйе іске қосылған сәттен бастап 1 мыңнан астам есептегі тұлға тарапынан 6 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді.
Оның ішінде түнгі уақытта жүру, тыйым салынған орындарға бару және басқа өңірлерге өз бетінше шығу фактілері бар.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық құқық бұзушылықтар бойынша жаза түрін ауыстыру туралы ескертулер шығарылды, ал 54 құқық бұзушы жазасын әрі қарай өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне жіберілді.
Іске асырылып жатқан цифрлық шешімдер сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеуметтендіру шараларының тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі