
Бас прокуратура «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Прокуратура органдары заңсыз қоқыс үйінділерін жою, табиғи ресурстарды қорғау, цифрлық шешімдерді енгізу және қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілікті арттыру бойынша шаралар қабылдауда.
Мәселен, Астана қаласының прокуратурасы жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2025 жылдың қорытындысы бойынша 640 мың қала тұрғынының қатысуымен 800-ден астам іс-шара өткізіп, 120 мың тоннадан астам қалдық шығарды.
2026 жылдың басынан бері 160-тан астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Көктемгі экологиялық айлық аясында 221 мыңнан астам азамат пен шамамен 9,8 мың кәсіпорын қатысты, 6 400-ге жуық аула аумағы тазартылып, 1 мың тоннадан астам қалдық шығарылды және 20 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды.
Мемлекет басшысы «Тұрақты болашаққа ортақ көзқарас» атты Өңірлік экологиялық саммитте атап өткендей: «Биыл – Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Жасанды интеллект көмегінсіз экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу мүмкін емес екені анық. Аталған технология табиғи ресурстарды қорғау, экологиялық басқаруды жетілдіру ісінде мол мүмкіндікке жол ашады».
Осыған байланысты прокуратура органдары экологиялық бақылаудың заманауи цифрлық құралдарын белсенді түрде енгізуде.
Алматы қаласының прокуратурасы заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауға арналған жасанды интеллект элементтері бар «TazaQala» цифрлық платформасын әзірледі. Жүйені тестілеудің бір айында 260 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, олардың 135-і жойылды.
Абай облысында «Ғарыш Сапары» ғарыштық мониторинг жүйесін пайдалану арқылы 351 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, жойылды. Сондай-ақ қалдықтар айналымының ашықтығын қамтамасыз ететін «Қалдықтар» АЖ жүйесі енгізілді.
Шымкент қаласында «Тазалық сақшылары» жобасы іске асырылуда. Оның аясында коммуналдық қызметтердің 3 мыңнан астам қызметкері экологиялық және өзге де құқық бұзушылықтарды анықтауға тартылды. Жоба нәтижесінде 2 790 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 мыңнан астам есірткі жарнамасы бар граффити жойылды.
Маңғыстау облысында экологиялық акциялар аясында Каспий теңізінің жағалауы тазартылып, мыңдаған тонна қоқыс шығарылды, ағаштар отырғызылды, сондай-ақ экологиялық мәселелерге жедел ден қою үшін @TazaQazBot Telegram-боты енгізілді.
Осындай нәтижелер еліміздің барлық өңірлерінде бар.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Бас прокуратура азаматтарды экологиялық заңнама талаптарын сақтауға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады.
Жазғы маусым қарсаңында қалдықтарды тиісті түрде шығару мәселелері ерекше өзектілікке ие болуда. Контейнер алаңдарының маңына құрылыс қоқыстарының, ескі жиһаздардың, тұрмыстық техниканың, автокөлік шиналарының және өзге де ірі көлемді қалдықтардың тасталуы жиі кездеседі. Тұрғын үйлердің аулаларында коммуналдық қалдықтарды жинауға арналмаған жерлерге қойылған дивандарды, шкафтарды және басқа да заттарды жиі көруге болады.
Мұндай әрекеттер заңсыз қоқыс үйінділерінің пайда болуына, қоршаған ортаның ластануына және елді мекендердің санитариялық жағдайына қауіп төндіруге әкеледі. Құрылыс қалдықтары, ірі көлемді қалдықтар мен пайдаланылған автокөлік шиналары коммуналдық қалдықтарға жатпайды және оларды арнайы қабылдау, кәдеге жарату немесе қайта өңдеу орындарына азаматтар өздері шығаруы тиіс.
Бас прокуратура экологиялық нормалар мен абаттандыру қағидаларын сақтау әрбір азаматтың міндеті екенін еске салады. Қоршаған ортаның тазалығы тек мемлекеттік органдардың қызметіне ғана емес, әр адамның жеке жауапкершілігіне де байланысты.
«Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті, табиғатқа ұқыпты қарауды және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі