Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы азаматтарды медиа-кеңістікте таралып, 240 мыңнан астам қаралым жинаған «онлайн I консультация беру және қолдау құқығы» деп аталатын бейнеролик туралы ескертеді, онда азаматтарға ақшалай қаражатты қайтаруға мемлекеттік органның атынан жәрдемдесу ұсынылады.
Аталған бейнематериал жасанды интеллект (дипфейк) технологияларын пайдалана отырып жасалғаны және кейіннен ақша қаражатын жымқыру мақсатында азаматтарды адастыруға бағытталғаны анықталды.
Бұл ретте Қазақстан Республикасында осы бейнероликте аталған «Инвестицияларды бақылау агенттігі» деп аталатын мемлекеттік орган жоқ екенін хабарлаймыз.
Құқық қорғау және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің бейнелерін осындай материалдарда пайдалану азаматтардың алаяқтық схемаларға деген сенімін арттырудың бір жолы болып табылады.
Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі аталған бейнематериалды дайындауға және таратуға қатысы бар адамдарды анықтауға, оларды кейіннен заңнамаға сәйкес жауапқа тартуға бағытталған тексеру ұйымдастырды.
Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға, әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде және өзге де интернет-ресурстарда таратылатын ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға, сондай-ақ күмәнді сілтемелерді ашпауға және жеке деректерді не ақшалай қаражатты үшінші тұлғаларға бермеуге шақырады.
Мемлекеттік органдар мессенджерлер, әлеуметтік желілер немесе бөгде онлайн-платформалар арқылы ақша қаражатын қайтару бойынша қызмет көрсетпейтінін естеріңізге саламыз.
Мұндай фактілер анықталған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу жүгінуді немесе «102» - ге хабарлауды сұраймыз.
Бас прокуратураның Баспасөз қызметі