Қазақстанның Бас Прокуроры ЕҚЫҰ Бас хатшысымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

Қазақстанның Бас Прокуроры ЕҚЫҰ Бас хатшысымен заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады

2026 жылғы 23 сәуірде Бас Прокурор Берік Асыловтың ЕҚЫҰ Бас хатшысы Феридун Синирлиоғлумен кездесуі өтті.

Қадағалау органының басшысы 2010 жылғы Астана саммитінің декларациясында бекітілген қағидаттарға сүйене отырып, ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

Берік Асылов қонақты прокуратура қызметінің басты бағыттары туралы, атап айтқанда азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, қадағалау қызметін цифрлық трансформациялау, есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, оның ішінде есірткі бизнесінің қаржылық ағындарын анықтау, қадағалау және бұғаттау үшін мемлекетаралық цифрлық платформаны құру жөнінде хабардар етті.

Прокуратура органдары мен ЕҚЫҰ арасындағы мемлекетке активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимыл мен одан әрі ынтымақтастыққа, сондай-ақ осы мәселеде халықаралық ұйымның Қазақстанға көрсетіп отырған қолдауына ерекше назар аударылды.

ЕҚЫҰ-ның қатысуымен Құқық қорғау органдары академиясында қызметкерлерді даярлау және олардың кәсіби біліктілігін арттыру нәтижелері, соның ішінде оқу орнының сараптамалық және әдістемелік базасын жаңғырту және дамыту мәселелері талқыланды.

Атап айтқанда, тек 2025 жылдың өзінде ЕҚЫҰ-мен бірлесіп кибер- және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл, адам саудасы, сыбайлас жемқорлыққа және ақшаны жылыстатуға қарсы күрес, сондай-ақ мемлекеттің азаматтық қоғам институттарымен және бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылын дамыту мәселелері бойынша 13 ғылыми-білім беру іс-шарасы өткізілді.

Жүргізілген жұмыстар аясында прокуратура, полиция, экономикалық тергеу қызметі органдарының 400-ден астам қызметкері өз құзыреттерін арттырды.

Ағымдағы жылы трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл және құқық қолдану практикасын жетілдіру мәселелеріне арналған ЕҚЫҰ-мен бірлескен 12 осындай білім беру іс-шарасын өткізу жоспарлануда.

Кездесу соңында ЕҚЫҰ Бас хатшысы заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелеріндегі прокуратура органдарының жетістіктерін атап өтіп, алдағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екенін білдірді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі