Бас прокуратурада екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті

Бас прокуратурада екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша кездесу өтті

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының сауда өкілі Антон Логиновпен кездесті. Кездесуге Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы елшілігінің бірінші хатшысы Артур Закаев қатысты.

Жандос Өмірәлиев ресейлік тарапты Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметі туралы хабардар етіп, инвесторларды құқықтық сүйемелдеу тетіктеріне, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысына цифрлық құралдарды енгізуге, сондай-ақ Инвестициялық омбудсменнің рөліне ерекше назар аударды.

Ресей Федерациясының сауда өкілі Антон Логинов инвесторларды қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.

Тараптар өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасып, инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі