Қазақстан Республикасына жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Бас прокуроры келді

Қазақстан Республикасына жұмыс сапарымен  Ресей Федерациясының Бас прокуроры келді

Ағымдағы жылдың 7 cәуірде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов пен Ресей Федерациясының Бас прокуроры Александр Гуцанның кездесуі өтті.

Кездесу барысында қазақстандық қадағалау органының басшысы қонақты прокуратура органдары қызметінің негізгі және басым бағыттарымен таныстырып, жаңа Конституцияда айқындалған оның құқық қорғау рөлін атап өтіп, ең жоғары құндылықтар ретінде бұрынғыдай адам, оның құқықтары мен бостандықтары болып қала беретінін жеткізді.

Ресейлік прокурорлар делегациясы азаптаулардың алдын алу, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс туралы хабардар етілді.

Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға және іздеуде жүрген адамдарды ұстап беруге байланысты халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері қаралды.

Сонымен қатар прокурорлық қадағалау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ақпараттық-талдамалық құралдар таныстырылды.

Кездесу қорытындысы бойынша 2009 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан мен Ресей прокуратуралары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге әскери прокуратуралардың және активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған қосымша хаттамаларға қол қойылды.

Соңында тараптар сенімді және кәсіби ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, қылмыстылыққа қарсы күрес, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы алдағы бірлескен қадамдарды келісті.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі