Бас прокуратура «Заң мен тәртіп» идеологемасын іске асыру аясында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға, жасөспірімдер қылмысын азайтуға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асыруда.
Өңірлерде цифрлық технологияларды, профилактика мен тәрбиелік жұмысты үйлестіретін жаңа форматтағы заманауи жобалар енгізіліп, олар нақты нәтижелерімен өз тиімділігін дәлелдеді.
Мәселен, Атырау облысының прокуратура органдары жыл басынан бері оқушылардың тұрақты моральдық және мінез-құлықтық бағдарларын қалыптастыруға бағытталған «5-минуттық құндылық» жобасын жүзеге асыруда. Жоба 235 мектеп пен 154 мың оқушыны қамтыды.
Оның ерекшелігі – әр сабақтың алдында құндылықтарды күнделікті қысқаша талқылау. Бір оқу күні ішінде барлық сабақтарда бір тақырып (мысалы, құрмет, жауапкершілік және тәртіп) қарастырылады, мұғалімдер оны өз пәніне және өмірлік жағдайларға байланысты ашып түсіндіреді. Сабақтар пікірталас, шағын әңгіме, өмірлік жағдайларды талдау, ойын элементтері және қысқа бейнероликтер көрсету форматында өтеді.
Мұндай формат құндылықтарды тұрақты түрде қайталап, бекітуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде тәрбиелік жұмыстың уақыты айына 180 минуттан 500 минутқа дейін ұлғайды. Сауалнама деректеріне сәйкес, оқушылардың 90%-дан астамы жүйелі жұмысты атап өтсе, 94,7%-ы құндылықтардың тұрақты талқыланатынын көрсеткен, ал 79,5%-ы отбасын негізгі құндылық деп санайды. Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс деңгейі 61,5%-ға төмендеді (52-ден 20-ға дейін).
Өткен жылдың күзінен бастап Қызылорда облысында оқушылардың құқықтық және медиасауаттылығын дамытуға бағытталған «AdalBala» цифрлық платформасы да жұмыс істейді.
Оқыту буллинг пен киберқауіпсіздіктен бастап қаржылық сауаттылыққа дейінгі негізгі бағыттар бойынша (заң мен тәртіп, қаржылық сауаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, буллинг пен зорлық-зомбылық, медиа және киберқауіпсіздік, лудомания, цифрлық тәуелділік, сондай-ақ өмірлік дағдылар) анимациялық бейнероликтерді, практикалық тапсырмалар мен тесттерді қолдана отырып, интерактивті форматта өтеді. Контент жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген, ал тест нәтижелері педагогтар мен ата-аналарға тәуекелдерді анықтап, балалармен жұмысты түзетуге мүмкіндік береді.
Жоба облыстағы барлық 300 мектепті, яғни 180 мың баланы қамтыды. Нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 20%-ға төмендеді.
Ұсынылған жобалар «Заң мен тәртіп» қағидатының бала кезден бастап – жүйелі тәрбие, цифрлық профилактика және отбасыға уақтылы қолдау көрсету арқылы қалыптасуы тиіс екенін айқын көрсетеді.
Аталған бастамаларды кешенді іске асыру құқық бұзушылық деңгейін төмендетіп қана қоймай, әрекет етуге емес, алдын алуға бағытталған ерте әрекет ету жүйесінің тиімді моделін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Қол жеткізілген нәтижелерді ескере отырып, Бас прокуратура осындай жобаларды кезең-кезеңімен еліміздің барлық аумағына кеңейтуді жоспарлап отыр.
Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардың құқықтық санасын одан әрі нығайтуға және қоғамда құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділік қалыптастыруға басымдық бере отырып жалғасуда.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі