Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы «Киберполмен», ІІМ-нің Профилактикалық қызметті үйлестіру комитетімен, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Телекоммуникациялар комитетімен, «Қазақтелеком» АҚ-мен, байланыс операторларымен және екінші деңгейлі банктермен бірлесіп «Алаяқтықтан қорғау күні» акциясын өткізді.
Акция аясында бір жұмыс күні ішінде нақты уақыт режимінде алаяқтық белгілері бар қоңыраулар анықталып, олар бойынша жедел шаралар қабылданды:
- байланыс операторлары күмәнді қоңыраулар туралы хабарлап отырды;
- банктер алаяқтық әрекеттер жасалып жатқан тұлғалардың шоттарын уақытша бұғаттады;
- полиция қызметкерлері мекенжайларға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Мысалы, Павлодар облысының бір ауданының тұрғыны алаяқтардың айласына түсіп, SMS-кодты айтып қойған.
Алайда шоттарды бұғаттау арқылы алаяқтықтың жолы кесіліп, оқиға орнына келген полиция қызметкері ұялы телефондағы мобильді қосымша арқылы «СТОП кредит» функциясын орнатуға көмектесті.
Осыған ұқсас тәсілмен Ақмола облысындағы ауыл тұрғынына қатысты да онлайн несиелеуге шектеу қою және шоттарды бұғаттау арқылы алаяқтықтың алдын алу мүмкін болды.
Бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде бір күн ішінде 51,5 млн теңге сомасына 37 алаяқтық фактісінің алдын алу қамтамасыз етілді.
Акция барысында алаяқтықтың үш негізгі тәсілі анықталды:
1) тексерілуге жазылу үшін емханадан қоңырау шалу;
2) электр есептегіштерін ауыстыру туралы қоңырау;
3) инвестиция мәселелері бойынша қоңырау шалу.
Осыған байланысты мұндай қоңыраулар түскен жағдайда ақпаратты міндетті түрде медициналық немесе энергетикалық ұйымдардың ресми байланыс арналары арқылы қайта тексеріп, ешкімге SMS-кодтарды бермеу қажет.
Өзіңізді және жақындарыңызды алаяқтық әрекеттерден қорғау үшін Бас прокуратура «E-gov» мобильді қосымшасындағы немесе екінші деңгейлі банктердің қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімінде қолжетімді «СТОП кредит» функциясын пайдалануды ұсынады.
Онлайн несие рәсімдеуден бас тарту алаяқтардың сіздің атыңызға несие рәсімдеу қаупін азайтады.
Сондай-ақ, бұл функцияны орнатуға көмектесіп, егде жастағы ата-аналарыңызды және басқа да жақындарыңызды қорғауға шақырамыз.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі