«…Бас прокуратура заңсыз активтердің иелерімен тиімді жұмыс жүргізді, қазынаға шамамен 850 миллиард теңге қайтарды. Бұл қаражат он мектеп пен төрт спорт объектісін салуға, денсаулық сақтау саласындағы 235 объектіні, сондай-ақ су инфрақұрылымының 177 объектісін салуға және жаңғыртуға бағытталды. Республикалық бюджетке қосымша қаражаттың түсуі күтілуде.»
Қазақстан Республикасының Президенті
Касым-Жомарт Токаев
КІРІСПЕ
Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қарсы іс-қимыл және қабылданған жүйелі шаралар туралы жыл сайынғы ақпарат (бұдан әрі – жыл сайынғы ақпарат, есеп) «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабына сәйкес әзірленді (бұдан әрі – Заң).
Жыл сайынғы ақпаратты әзірлеудің және жариялаудың мақсаты – активтерді қайтару жөніндегі қызметтің жариялылығы, ашықтығы және есептілігі қағидаттарын қамтамасыз ету.
Есепте активтерді қайтару және қайтарылған активтерді басқару жөніндегі жұмыстың нәтижелері туралы мәліметтер қамтылған.
Активтерді қайтару жөніндегі қызметті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі төрағалық ететін Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия), Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы (бұдан әрі – Бас прокуратура), сондай-ақ құзыреті шегінде өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Қайтарылған активтерді басқару, олардың сақталуын қамтамасыз ету және оларды өткізу функциялары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомстволық бағынысты ұйымы – «Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС-ға (бұдан әрі – ҚАБК, Басқарушы компания) жүктелген.
Ескертпе: 2025 жылғы желтоқсанға дейін активтерді қайтару жөніндегі қызметті уәкілетті орган ретінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті (бұдан әрі – Комитет) жүзеге асырды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Инвесторлардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру туралы» 2025 жылғы 17 желтоқсандағы №1125 Жарлығымен Комитет қайта ұйымдастырылып, активтерді қайтару саласындағы функциялар мен өкілеттіктер Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына берілді.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
I бөлім.
Заңсыз иемденілген активтерді анықтау және
қайтару жөніндегі шаралар
Заңның ережелері Әділетті Қазақстан идеясымен, «Заң және Тәртіп» қағидаттарымен сабақтас және қазақстандықтардың қазіргі және келешек ұрпақтарының мүддесі үшін әлеуметтік әділеттілікті орнықтыруға, халықтың құқықтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ Қазақстанның тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Активтерді қайтару мынадай:
Активтерді анықтау және қайтару жөніндегі шараларға мыналар: активтерді іздеу (анықтау) жөніндегі шаралар, олардың пайда болуын растау, алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары, активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару шаралары, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару, сондай-ақ өзге де шаралар жатады.
Заң қабылданған сәттен бастап прокуратура органдары заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қарсы іс-қимыл жасау, оларды қайтару, сондай-ақ активтерді иемдену (пайда болу) көздерінің заңдылығын тексеру мақсатында тұрақты негізде мониторингтер, талдаулар жүргізіп келеді.
Олардың нәтижелері Комиссияның қарауына енгізіледі. Комиссия 15 отырыс өткізіп, олардың қорытындысы бойынша субъектілердің және (немесе) олармен үлестес адамдардың тізілімі қалыптастырылды, сондай-ақ жалпы сомасы 6,5 трлн теңгеден астам активтерді қайтару жөнінде, оның ішінде 2025 жылы – 5,5 трлн теңгеге шаралар мақұлданды.
Тізілімге енгізілген субъектілермен және (немесе) олармен үлестес адамдармен 70-тен астам келісім жасалды. Олардың қатарында активтерді ерікті түрде қайтару (беру) туралы келісімдер, инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыру туралы келісімдер, кінәні мойындау және заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы процестік келісімдер бар.
Негізінен Заң субъектілері және (немесе) олармен үлестес адамдар активтерді ерікті түрде беру тәсілдерін таңдады. Бұл тәсілдер мемлекеттік бюджетті толықтыру, мүлікті заттай түрде қайтару, капиталды ел экономикасына қайта инвестициялау, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру арқылы жүзеге асырылады.
Сонымен бірге субъектілер мемлекетпен сындарлы диалог құруға ерік білдірмеген жағдайларда, сондай-ақ активтердің пайда болу заңдылығына қатысты негізді күмән болған кезде, прокуратура органдары активтерді қайтарудың мәжбүрлі тетіктерін қолданды.
Прокуратураның талап арыздармен жұмыстарының нәтижелері бойынша соттар мемлекетке шамамен 165 млрд теңге, оның ішінде 2025 жылы – 148,6 млрд теңге сомасына заңсыз иемденілген активтерді мәжбүрлі түрде қайтару туралы шешімдер қабылдады.
***
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы активтерді қайтару саласында халықаралық құқықтық ынтымақтастықты нығайтуда.
БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі, ЭЫДҰ, Интерпол, ФАТФ және активтерді қайтару саласындағы ведомствоаралық желілер – CARIN, ARIN, GlobE и BAMIN ұйымдарымен өзара тығыз іс-қимыл жүзеге асырылуда.
Аталған ведомствоаралық желілерде Бас прокуратураның өкілдері байланыс адамы ретінде айқындалған және олардың отырыстарына белсенді түрде қатысады.
Озық халықаралық тәжірибе алмасу мақсатында ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнату үшін шетелдік әріптестермен бірқатар екіжақты кездесулер өткізілді.
Көптеген шетелдік серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, 2025 жылы Молдованың Ұлттық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығы, Болгарияның Тәркіленген заңсыз активтер жөніндегі комиссиясы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес халықаралық академиясы, Ирландияның Қылмыстық активтер жөніндегі бюросы, сондай-ақ Литва мен Әзербайжан бас прокуратуралары тиісті құжаттарға қол қойды.
Меморандумдар шеңберінде қабылданып жатқан шаралар активтерді қайтару саласында пайдалы ақпарат пен озық тәжірибемен тиімді алмасуға, сондай-ақ қызметкерлердің білімі мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді.
БҰҰ ЕҚБ, ЕҚЫҰ, BAMIN, GlobE және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен 30-ға жуық жоба (семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, халықаралық іс-шараларға қатысу және т.б.) іске асырылып, онда прокуратура органдарының 340-тан астам қызметкері оқыды.
Интерполмен өзара іс-қимыл шетелдегі активтерді іздеу және қайтару бойынша жаңа «Күміс бюллетень» мен «Күміс хабарлама» құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етті.
2025 жылы прокуратура бірнеше «Күміс хабарлама» жариялады, бұл жекелеген адамдардың шетелдегі мүлкі туралы ақпараттар алуға және толықтыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, Интерпол ұйымының «I-24/7» ақпараттық жүйесіне қол жеткізілді, ол халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің өкілдіктерімен тікелей өзара іс-қимыл жасау үшін пайдаланылады.
Активтерді қайтару саласындағы халықаралық құқықтық ынтымақтастық шетелдік әріптестермен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге, ақпарат және озық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ прокурорлардың кәсіби деңгейін, білімі мен дағдыларын арттыруға бағытталған.
II бөлім.
Заңсыз иемденілген активтерді қайтару
жөніндегі жұмыстың нәтижелері
Активтерді қайтару жөніндегі жұмыс адал ниетті кәсіпкерлер, кредиторлар, сатып алушылар мен инвесторлар үшін тәуекелдерді барынша азайта отырып, ұйымдастырылған және кәсіпорындардың ағымдағы бизнес-процестері мен шаруашылық қызметіне араласуға жол бермеу қағидаттарына негізделген.
Жалпы, мемлекетке 1,3 трлн теңгеден астам сомаға активтерді қайтару бойынша шаралар қабылданды. 1,076 трлн теңге сомасына активтер нақты қайтарылды (ақшалай – 968,5 млрд теңге, заттай мүлік түрінде – 107,7 млрд теңге). Оның ішінде 2025 жылы – 316,7 млрд теңге (ақшалай – 278 млрд теңге, заттай мүлік түрінде – 38,7 млрд теңге).
Қайтарылған активтердің қатарында коммерциялық және тұрғынжайлар, элиталық жылжымайтын мүлік, оның ішінде шетелде орналасқан жер учаскелері, кәсіпорындардағы акциялар мен үлестер, автокөлік құралдары, зергерлік бұйымдар, сән-салтанат заттары және басқа да құнды мүліктер бар.
Қайтарылған ақшалай қаражат пен мүліктен бөлек, келісу рәсімдерінің нәтижелері бойынша Заң субъектілері экономикалық объектілерді салу және жаңғырту, сондай-ақ әлеуметтік жобаларды іске асыру бойынша 5,2 трлн теңге сомасына инвестициялық жобаларды дербес іске асыру міндеттемелерін қабылдады.
Олардың қатарында туристік кешендер, көлік-логистикалық орталықтар, зауыттарды салу және жаңғырту, басқа да ірі өнеркәсіптік объектілерді іске қосу, сондай-ақ спорттық, медициналық, білім беру және өзге де әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін салу көзделген.
Аталған жобалар шеңберінде 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру, 2,5 мыңға жуық қолданыстағы жұмыс орнын сақтау, бюджетке жыл сайын 1 млрд теңгеден астам қаражаттың түсуі, сондай-ақ өндірілетін өнімнің кемінде 20%-ын экспортқа шығару күтіледі.
Өз кезегінде, әлеуметтік жобалар халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде медициналық қызметтерге және бұқаралық спортқа қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған.
III бөлім.
Қайтарылған активтерді басқару және оларды іске асыру
Мемлекетке қайтарылған мүлікті тиімді басқару активтерді қайтару процесінің маңызды кезеңі болып табылады.
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметтері бойынша Басқарушы компанияға жалпы сомасы 107,7 млрд теңгені құрайтын 270 актив (оның ішінде шетелде орналасқан активтер) берілді.
Ұсынылған деректерге сәйкес Басқарушы компания жалпы сомасы 50 млрд теңгеден астам активтерді, оның ішінде 25 млрд теңгеден астам сомадағы шетелдік активтерді өткізді.
Сонымен қатар жекелеген объектілер оларды теңгерімге қабылдау кезінде жүргізілген бағалаудан әлдеқайда жоғары бағамен сатылды.
Мәселен, 2 шетелдік объекті бастапқы бағалау құнынан 3,9 млрд теңгеге жоғары бағаға өткізілді.
Басқарушы компания 32 активті жалпы сомасы 29,1 млрд теңгеге республикалық және коммуналдық меншікке берді. Оның ішінде тарихи құндылығы бар заттарды мұражай қорына беру қамтамасыз етілді.
Қалған активтер ҚАБК-нің басқаруында тұр. Оларды іске асырғанға дейін әртүрлі иелену тәсілдері қолданылуда, оның ішінде: мүліктік жалдау (жалға беру); сенімгерлік басқаруға беру; басқа активтердің мүлкі құрамына енгізу және басқа да тәсілдер.
Қайтарылған активтерді басқару және өткізу нәтижелері бойынша Басқарушы компания Арнайы мемлекеттік қорға 50 млрд теңгеден астам қаражат аударды.
IV бөлім.
Инвестициялық және өзге де жобаларды іске асырудың
әлеуметтік-экономикалық әсері
Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған активтерді Қазақстан Республикасының Үкіметі елдің орнықты экономикалық және әлеуметтік дамуын қамтамасыз ету мақсатында пайдаланады.
Республикалық бюджеттік комиссияның шешімі бойынша Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен жалпы сомасы шамамен 480 млрд теңгеге 434 әлеуметтік және өзге де объектінің құрылысы қаржыландырылды.
Олардың ішінде 227 сумен жабдықтау объектісі, 183 медицина объектісі, 11 білім беру объектісі, 5 спорт объектісі, сондай-ақ 8 инфрақұрылымдық жоба (оның ішінде Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы 3 әуежай) бар.
Объектілерді іріктеу кезінде олар аса қажет болатын шалғай елді мекендерге ерекше назар аударылады.
Нәтижесінде тұрғындар жаңа мүмкіндіктерге ие болып, тұрмыс жағдайларының айтарлықтай жақсарғанын сезінуде, бұл олардың күнделікті өмірін анағұрлым жайлы әрі тұрақты етеді.
Прокуратура қызметкерлері тұрғындармен белсенді өзара іс-қимыл жасап, объектілердің құрылысы басталған сәттен бастап, яғни капсула салу рәсімінен бастап оларды пайдалануға беру кезеңіне дейінгі барлық процестерге қатысады.
Мердігер ұйымдардың жауапкершілігін арттыру және қаржы жымқыру тәуекелдерін барынша азайту мақсатында әрбір объектінің құрылысы прокурорлардың бақылауында. Құрылыс жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізіледі, оның ішінде құрылыс алаңдарын қашықтан бейнебақылау арқылы бақылау жүзеге асырылады.
Нәтижесінде қысқа мерзім ішінде 312 объектінің (оның ішінде 2025 жылы – 283 объекті), оның ішінде 158 сумен жабдықтау объектісі, 148 денсаулық сақтау объектісі, 2 білім беру, 2 спорт және өзге де объектілері құрылысының аяқталуы қамтамасыз етілді.
Семей қаласында психоневрологиялық аурулары бар адамдарға көмек көрсетуге арналған медициналық-әлеуметтік мекеменің жаңа корпусы; Риддер қаласында аурухана кешені салынды; Ақтау қаласында облыстық жедел және жедел медициналық көмек станциясы пайдалануға берілді; Ақмола, Жамбыл және Қызылорда облысы аймақтарындағы бірқатар аудандық ауруханаларға реконструкция жүргізілді.
Әртүрлі өңірлерде 20 аудандық, қалалық және облыстық аурухананың, олардың қатарында Өскемен қаласындағы гематология орталығының, Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансердің реанимация блогының құрылысы жүргізілуде.
Ашылған 115 қазіргі заманғы фельдшерлік-акушерлік пункттерде, медициналық пункттерде және дәрігерлік амбулаторияларда ауыл тұрғындарына 800 мыңнан астам алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі көрсетілді, оның ішінде вакцинация және профилактикалық қабылдаулар бар.
Медициналық мекемелердің жақын орналасуы кей жағдайларда адамдардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мысалы, Ақмола облысының Жаңаесіл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның медицина қызметкерлері ауыл тұрғынына алғашқы сапалы көмек көрсетіп, қатты қан кетуді тоқтатып, жедел жәрдем бригадасы келгенге дейін оның жағдайын тұрақты ұстап тұрды. Соның нәтижесінде ауыр салдардың алдын алуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, шалғай ауылдар мен елді мекендерді дәрігерлік қамтамасыз ету мәселелері негізінен шешімін тапты.
Мысалы, бұрын Ақтөбе облысының Мұғалжар ауылында тұратын тұрғындар базалық медициналық қызметтерді алу үшін 100 километрден астам жол жүретін.
Атырау облысының Құрманғазы аудандық ауруханасында және Шығыс Қазақстан облысының Алтай ауданаралық ауруханасында магниттік-резонанстық томография аппараттарын орналастыру жұмыстары жүргізілуде. Бұған дейін мұндай тексерулерден өту үшін тұрғындар 200 километрден астам қашықтыққа баруға мәжбүр болатын.
Ақмола облысында «Kokshe-arena» көпфункционалды спорт кешені салынды. Бұл объекті халықтың бұқаралық спортқа қолжетімділігін арттырып қана қоймай (жыл сайынғы келушілер саны 300 мыңнан астам), халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Зеренді ауылында апатты жағдайдағы ғимараттың орнына балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебі салынды.
Аталған нысандарда шамамен 1 мың спортшы жаттығады. Олардың тәрбиеленушілері түрлі жарыстарда, оның ішінде республикалық деңгейде 50-ден астам медаль жеңіп алды.
Астана қаласында Қ.Мұңайтпасов атындағы жаңа жабық заманауи стадионның құрылысы жүргізілуде. Оның аумағында мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебін орналастыру жоспарланған.
Сонымен қатар «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту басталды. Мұнда жас спортшылар үшін халықаралық жоғары стандарттарға сай барлық жағдай жасалатын болады.
Алматы облысының Кеген ауданына қарасты Жалаңаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Ақмола, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облысы, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облысы өңірлеріндегі жүздеген мың тұрғын алғаш рет орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізді.
Мысалы, Қостанай облысында 24 елді мекенге 535 километр су құбыры тартылып, 71 мыңнан астам тұрғын сапалы сумен қамтамасыз етілді.
Сумен жабдықтау объектілерінің құрылысы жалғасуда. Атап айтқанда, Атырау облысында «Тайсойған – Миялы» магистральдық су құбырының 78 километрі салынуда, Теміртау қаласында су құбыры желілері жүргізілуде, Түркістан облысында Шардара топтық су құбыры салынуда, Жезқазған қаласында және басқа өңірлерде шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстары қайта жаңғыртылуда.
Білім беру саласында Түркістан облысында балалар музыка мектебінің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар Шымкент қаласында Сайрам арнайы мектеп-интернат-колледжінің (сөйлеу және өзге де ерекшеліктері бар балаларға арналған) 300 орындық жатақханасы, сондай-ақ Петропавл қаласында балабақша салынды.
Қазіргі уақытта, Ұлытау облысы Қаражал қаласында және Мынадыр станциясында, Жетісу облысы Текелі қаласында және Көксай ауылында, Атырау облысы Жамансор ауылында мектептер салынуда. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша салынып, Арқалық қаласындағы педагогикалық университеттің жатақханасы қайта құрылуда.
Бұдан басқа, Арқалық, Балқаш және Павлодар қалаларындағы әуежайларды қайта құру басталды. Бұл өңірлер арасындағы көлік байланысын (оның ішінде транзиттік) жақсартуға, халықтың мобильдігін арттыруға, сондай-ақ инвестиция тарту, туризмді дамыту және жолаушылар ағынын жылына 1 миллионнан астам адамға дейін ұлғайтуға ықпал етеді.
Жалпы, қайтарылған қаражат есебінен іске асырылып жатқан жобалар халықтың өмір сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік береді. Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты көптеген әлеуметтік объектілерді салуға және жаңғыртуға жағдай жасап, мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені едәуір төмендетті.
Осылайша Заңның негізгі мақсаттарының бірі – қайтарылған активтерді мемлекеттің экономикалық айналымына тиімді тарту және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру – іске асырылуда.
ҚОРЫТЫНДЫ
Прокуратура органдары мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының ережелерінің орындалуы мен іске асырылуын толық көлемде қамтамасыз етуде.
Заңсыз иемденілген активтерді анықтау және қайтару бойынша қабылданған шаралар Арнайы мемлекеттік қорды толықтыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ халық үшін маңызды әлеуметтік және экономикалық жобаларды іске асыруға қаражат бағыттауға мүмкіндік берді.
Оларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, азаматтар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға, сондай-ақ жалпы оң әлеуметтік-экономикалық әсерге ықпал етеді.
Осылайша, Заңда көзделген мақсаттарға қол жеткізілуде.
Жұмыс жалғасуда.
***
Заңсыз иемденілген және шығарылған активтерге қарсы іс-қимыл, сонымен қатар қабылданған жүйелі шаралар туралы осы ақпарат Заң талаптарына сәйкес жарияланады және жыл сайын қоғам назарына ұсынылатын болады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі