
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясында прокуратура органдарында қызмет атқаруға арналған бастапқы кәсіби даярлықтан өткен тыңдаушылардың кезекті түлектерін шығару рәсімі өтті.
Салтанатты жағдайда түлектерді Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Асылов Берік Ноғайұлы құттықтады. Ол өз сөзінде жас мамандарды қызметтік борышты абыроймен атқаруға, «Заң және тәртіп» қағидаттарын басшылыққа алуға, әділдік, заңдылық және жауапкершілік құндылықтарына адал болуға, сондай-ақ кәсіби қызметінде қоғамға қызмет ететін адал әрі принципшіл азамат — «Адал азамат» идеалын жүзеге асыруға шақырды. Бас Прокурор заңның үстемдігін қамтамасыз ету Әділетті Қазақстанды құрудың негізгі шарты екенін атап өтті.
Оқу қорытындысы бойынша 97 болашақ прокурорға курсты аяқтағаны туралы сертификаттар табысталды. Олардың ішінде 10 тыңдаушы оқу үлгерімі, тәртібі және көрсеткен кәсіби әлеуеті үшін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры тарапынан марапатталды.
Іс-шараның құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, тарих ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Қадырәли Дархан Қуандықұлы болды. Ол өз сөзінде прокуратура органдарының құқықтық мемлекетті нығайтудағы айрықша рөлін атап өтіп, кадрларды сапалы даярлаудың маңыздылығын айтты және Академия түлектері құқықтық тәртіп жүйесін дамытуға, қоғам мен мемлекет мүддесіне қызмет етуге лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.
Жақын арада түлектер прокурорлық міндеттерін атқаруға кіріседі. Академия қабырғасында алған білімдері мен практикалық дағдылары оларға заманауи сын-қатерлерге тиімді жауап беруге, қоғамдағы заңдылықты, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Прокуратура органдарына кандидаттарды бастапқы кәсіби даярлау институты Қазақстанда 2020 жылдан бері жұмыс істейді және Академия қызметінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Ол прокуратура жүйесі үшін кәсіби әрі құндылықтарға бағдарланған кадрларды даярлауды қамтамасыз етеді.
Салтанатты іс-шара концерттік бағдарламамен аяқталды. Оның шарықтау шегі офицерлік вальс болды — бұл дәстүр сабақтастығының, қызметтік абыройдың және түлектердің кәсіби жолының басталуының символы.