Бас прокуратурада салтанатты іс-шара өтті

Бас прокуратурада салтанатты іс-шара өтті

Бүгін, кәсіби мереке – Прокуратура күні қарсаңында, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасында салтанатты іс-шара өтті.

Іс-шараны аша отырып, Бас Прокурор Берік Асылов өз құттықтау сөзінде прокуратура органдарының заңдылықты қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті.

Заманауи прокуратура өзіне тән талдамалық ресурстарға және қазіргі заманғы технологияларға ие, жасанды интеллект элементтерін енгізуде. Бұл құралдар құқықбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде анықтап, олардың алдын алуға және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Б. Асылов қызметкерлерге адалдығы мен жанқиярлығы үшін алғыс білдіріп, қоғам өмірінің барлық салаларында азаматтардың құқықтарына кепілдікті одан әрі күшейту жөніндегі міндеттерді еске салды.

Қадағалау органы ардагерлеріне арнаған сөзінде ол былай деді: «Сіздер дайын заңдар да, қалыптасқан жүйе де, заманауи техникалық жарақтандыру да болмаған кезеңде бастауында тұрдыңыздар. Барлығын нөлден бастап жасап, кадрларды қалыптастырып, прокурорлық мектептің негізін қаладыңыздар. Заңға қызмет етудегі сіздердің үлгілеріңіз – біздің моральдық тірегіміз әрі болашақ жетістіктерге жетелейтін ынтамыз», – деп атап өтті Бас Прокурор.

Соңында Берік Асылов ұжым мен ардагерлерге құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлестері үшін шынайы алғысын білдіріп, барлығына денсаулық, табыс, ұзақ ғұмыр және отбасылық амандық тіледі.

Прокуратура күніне орай Бас Прокурордың бұйрығымен бірқатар прокуратура органдарының қызметкерлері мінсіз қызметі мен қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны үшін көтермеленді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі