
(«Заң мен Тәртіп – тұрақтылық пен прогресс негізі» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы)
Бүгін, 4 желтоқсанда сағат 10.00-де Астанада «Заң мен Тәртіп – тұрақтылық пен прогресс негізі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция басталды. Шараны Бас прокуратура мен Құқық қорғау органдары академиясы халықаралық серіктестердің қолдауымен ұйымдастырды.
Форумның мақсаты – құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тәсілдерін әзірлеу, заңдылықты нығайту және азаматтардың құқықтық тәртіп институттарына деген сенімін арттыру. Конференция Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Заң мен Тәртіп» мемлекеттік тұжырымдамасын іске асырудың негізгі кезеңі болды. Бұл тұжырымдама құқықтық сананы дамытуға, қауіпсіздік саласына цифрлық шешімдерді енгізуге, сыбайлас жемқорлықпен күресуге және құқық бұзушылыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған.
Форумға Қазақстан мен шетелден 300-ден астам қатысушы қатысуда: Президент әкімшілігінің, Парламенттің, Жоғарғы Соттың, әкімдіктердің, министрліктердің, ведомстволық жоғары оқу орындарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың – БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, ЕҚЫҰ, БҰҰ даму бағдарламасының және басқа да серіктес құрылымдардың өкілдері қатысуда. Кең институционалдық өкілдік талқыланатын күн тәртібінің салааралық сипатын және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын іске асыруға көңіл бөлудің жоғары деңгейін көрсетеді.
Ғылыми қоғамдастықтың: жетекші университеттердің ректорлары мен проректорларының, құқық қорғау және арнаулы органдар академияларының басшыларының, құқық және сабақтас пәндер профессорларының, криминологтардың, әлеуметтанушылардың, цифрлық қауіпсіздік саласындағы мамандардың, халықаралық ғылыми орталықтардың сарапшыларының қатысуы ерекше орын алады. Олардың қатысуы пікірталастың академиялық негізін құрайды және құқық бұзушылықтың алдын алуды ғылыми негізделген, әдіснамалық тексерілген жазықтықта талқылауға мүмкіндік береді.
Конференция жұмысына азаматтық қоғам институттары – қоғамдық кеңес мүшелері, құқық қорғаушылар, медиаторлар, қайырымдылық қорларының өкілдері, психологтар, жастармен және осал топтармен жұмыс жөніндегі мамандар да айтарлықтай қатысты. Олар халықпен, жастармен, отбасылармен, қауымдастықтармен өзара іс-қимылдың практикалық тәжірибесін ұсынады және мемлекеттік органдарға қоғамның нақты сұраныстары туралы кері байланыс береді. Бұл пікірталасты жан-жақты етеді және қабылданатын шешімдерді әлеуметтік шындыққа жақындатады.
Жеке сектор өкілдерінің – телекоммуникация, финтех, цифрлық технологиялар, аналитикалық платформалар, криминалистикалық шешімдер және жасанды интеллект құралдары саласында жұмыс істейтін компаниялардың болуы да маңызды рөл атқарады. Олардың қатысуы бизнестің қауіпсіздікті қамтамасыз ету, инновацияларды енгізу және қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге, соның ішінде онлайн алаяқтық пен киберқылмысқа қарсы тұру мәселелерінде серіктестікке дайын екенін көрсетеді.
Мұндай көп деңгейлі өкілдік – мемлекеттік құрылымдардан бастап ғылыми орталықтарға, бизнес пен қоғамдық ұйымдарға дейін – «Заң мен Тәртіп» идеологиясы қоғамның барлық институттарының күш-жігерін біріктірген, бірлескен сараптама мен ашық, кәсіби диалог жүргізген жағдайда ғана тиімді жүзеге асырылатынын көрсетеді.
Пленарлық отырыс Бас Прокурор Берік Асыловтың сөзімен басталды. Ол «Заң мен Тәртіп» идеологиясы мемлекеттік саясаттың негізіне айналғанын, ел басшылығы барлық мемлекеттік құрылымдарды үйлестіруді, алдын алудың бірыңғай жүйесін қалыптастыруды және орталық және жергілікті мемлекеттік органдар басшыларының дербес жауапкершілігін талап ететінін атап өтті. Бас Прокурор реактивті модельден проактивті модельге көшуге, цифрлық шешімдер мен жобалық тәсілді белсенді түрде енгізуге шақырды.
Ал құттықтау сөзді Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мен Президенттің көмекшісі Ержан Жиенбаев айтты.
Роман Скляр «Заң мен Тәртіп» идеологиясы мемлекеттік жаңғыртудың іргелі бөлігі екенін атап өтті. Ол құқықтық саланы жүйелі түрде жаңғырту, басшылардың жеке жауапкершілігін күшейту, цифрлық технологияларды енгізу және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың орнықты тетігін құру қажеттігін атап өтті.
Ол Үкіметтің мемлекеттік қызметтердің ашықтығын, тиімділігін қамтамасыз етудегі және азаматтардың мемлекет институттарына деген сенімін қалыптастырудағы рөліне ерекше назар аударды.
Ержан Жиенбаев «Заң мен Тәртіп» бағытының ұлттық қауіпсіздік элементі ретіндегі саяси және стратегиялық маңызына назар аударды. Бұл бағытты тек мемлекеттік органдар арқылы емес, қоғамның белсенді қатысуымен жүзеге асыру керектігін айтты. Жиенбаев өз үндеуінде құқық қорғау жүйесі жұмысының сервистік моделінің маңыздылығын, ашықтық пен диалогқа дайындықты арттыруды, сондай-ақ құқық бұзушылыққа төзбеушілік ахуалын қалыптастыруға жастар мен сарапшылар қауымдастығын тарту қажеттігін атап өтті.
Одан кейін халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі: БҰҰ ЕҚЫҰ бағдарламалық кеңсесінің басшысы Мадина Сариева, Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесі басшысының орынбасары Юрий Фенопетов, БҰҰДБ Тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов.
Олар Қазақстанның заңдылықты нығайту жөніндегі бастамасын жоғары бағалап, құқық бұзушылықтың алдын алуды дамытудың маңыздылығына тоқталып, сараптамалық және техникалық ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі