Қазақстан және Литва Бас прокуратуралары азаматтардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан және Литва Бас прокуратуралары азаматтардың құқықтарын қорғау және активтерді қайтару саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Бас прокуратурада Қазақстан мен Литваның бас прокурорлары Берік Асылов пен Нида Грунскене арасындағы кездесу өтті.

Кездесу барысында тараптар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, қылмыстың өзекті түрлеріне, соның ішінде оның трансұлттық нысандарына, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимылға, сондай-ақ халықаралық қауіпсіздік саласына қатысты мәселелерді талқылады.

Өз сөзінде Бас Прокурор Б.Асылов екі елдің де ортақ
сын-қатерлер мен қауіптерге тап болып отырғанын, олардың көп жағдайда келісілген шешімдер мен қылмыстық қудалау саласындағы жедел ақпарат алмасуды талап ететінін атап өтті.

Сонымен қатар, кездесу барысында цифрлық құралдарды пайдалану мәселелеріне де назар аударылды. Атап айтқанда, қазақстандық тарап литвалық әріптестеріне іздестірудегі тұлғаларды анықтауға, сот шешімдерінің орындалуын бақылауға, сондай-ақ қадағалау қызметінде жасанды интеллектті қолдануға мүмкіндік беретін технологиялармен таныстырды.

Активтерді қайтару мәселелерін талқылауға ерекше көңіл бөлінді. Тараптар халықаралық ынтымақтастықтың тұрақты тетіктерін нығайтудың және деректер алмасуды жетілдірудің қажеттілігін растады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша заңсыз шығарылған активтерді қайтару саласындағы практикалық әріптестіктің құқықтық негізін күшейтетін ведомствоаралық Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Тараптар қол жеткізілген өзара байланыстар деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтіп, өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша оларды әрі қарай дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі