
Республика күні қарсаңында Бас прокуратурада еліміздің басты мемлекеттік мерекелерінің бірі – Республика күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның тарихи маңыздылығын атап өтіп, құқық үстемдігін қамтамасыз ету қоғам мен мемлекеттің дамуының маңызды шарты екенін айтты. Елде дамыған құқықтық жүйе қалыптастыру үдерісінде Конституция мен заңның сақталуын қамтамасыз ететін прокуратураның рөлі айрықша. Әрбір прокурор заңдылықты нығайтуға, құқық тәртібін қамтамасыз етуге, бизнесті және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қорғауға өз үлесін қосып келеді.
«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында прокурорлар қылмыстылықтың алдын алу шараларын үйлестіруді цифрлық талдау мен болжау құралдары арқылы жүзеге асыруда. Жасанды интеллект технологиялары негізінде құрылған «Цифрлық қадағалау» жүйесі құқық бұзушылықтарды тек тіркеп қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Мұндай заманауи құралдар ондаған мың азаматтың құқықтарын қорғауға бағытталған. Барлық осы жетістіктер прокуратура қызметкерлерінің кәсібилігі мен жоғары жауапкершілігінің нәтижесі болып табылады.
Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен орталық және аумақтық деңгейдегі прокуратура органдарының 21 қызметкері мемлекеттік наградалармен марапатталды. Сонымен қатар, Бас Прокурордың бұйрығымен қызметтік міндеттерін үлгілі атқарған қызметкерлер ведомстволық марапаттарға ие болды.
Іс-шара соңында прокуратура органдары қызметкерлерінің қатысуымен дайындалған концерт өтті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі