2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында маскүнемдіктен және есірткіге тәуелді сотталған адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын орындаудың тиімділігі мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.
Кеңеске Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Т.С.Сұлтанғазиев Ішкі істер министрінің орынбасары – Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы А.С.Қайырбеков, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысты.
Кеңес барысында Бас Прокурордың орынбасары Ә.Қ.Шындалиев азаматтардың білікті медициналық көмек алуға конституциялық құқықтарын қамтамасыз ету, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және соттар мәжбүрлі емдеуге жіберген адамдардың есебін жетілдіру қажеттігін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері мен пробация қызметтерінде осы жұмыстың тиімділігін арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі