Бас прокуратура қылмыспен күрес саласында шет мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастықты дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Негізгі мақсат – қылмыстық қудалау, құқық бұзушыларды экстрадициялау және сотталғандарды отанына беру кезінде басқа мемлекеттермен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.
Халықаралық шарт жасасу – мемлекеттердің құқықтық жүйелеріндегі айырмашылықтарды, конституциялық шектеулерді ескеру мен күдіктілер мен айыпталушылардың құқықтарын сақтау қажеттілігін талап ететін көп сатылы әрі ұзақ процесс.
Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан алыс шетелдің 38 елімен 83 екіжақты келісім жасасты (оның ішінде 33 – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы, 24 – экстрадиция туралы, 26 – сотталған адамдарды беру туралы).
Тек өткен жылы ғана Бас прокуратура 9 жаңа халықаралық шарт жасасты. Олардың ішінде Перу және Мароккомен (толық пакет – қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек, экстрадиция және сотталған адамдарды беру туралы), Катармен (қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және экстрадиция туралы), Кипрмен (сотталған адамдарды беру туралы).
Африка мен Еуропа арасындағы қылмыскерлердің халықаралық қозғалыс арналарына тосқауыл қоюға мүмкіндік беретін Марокко Корольдігімен жасалған стратегиялық маңызды келісімнің айрықша маңызы бар.
Биыл Қазақстан Сингапур Республикасымен қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімге қолқойды. Бұл – Сингапурдың әлемдік қаржы орталығы және жаһандық сауда-инвестициялық ағындардың негізгі торабы ретіндегі мәртебесін ескере отырып, қылмыспен күрес пен заңсыз шығарылған активтерді қайтару үшін маңызды қадам.
Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 18 маусымда Еуропа Кеңесінің Министрлеркомитеті Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы бастамашылық еткен Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Еуропа Кеңесінің конвенциясына қосылу жөніндегі өтінімді мақұлдады.
Аталған Конвенцияға біздің елдің қатысуы қазақстандық құқық қорғау органдарына бірден 46 еуропалық мемлекетпен қылмыстық-құқықтық салада өзара іс-қимыл тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, Қазақстан соңғы 20 жылдан астам уақыт ішінде осы Конвенцияға қосылу үшін төрт рет қадам жасаған, алайда бұрынғы өтінімдері Еуропа Кеңесінің жекелеген мемлекеттерінің қарсылығына байланысты тұрақты түрде қабылданбай келген.
Конвенцияға қосылу жөніндегі шақырту алу – қазақстандық прокурорлар мен дипломаттардың көпжылдық табанды еңбегінің нәтижесі әрі Қазақстанның қылмыстық-құқықтық жүйесіне және заң үстемдігі қағидатына сенімнің айғағы.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және Бас Прокурордың жеке бақылауында.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі