Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен құқықтық тәртіп саласында цифрлық құралдарды дамытуға, қылмыстық қатерлерді болжауға және қылмыспен күрес тиімділігін арттыруға арналған үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Өз сөзінде Бас Прокурор цифрлық прогрестің жаһандық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналып отырғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі стратегиялық бағытты айқын белгіледі. Осы тапсырмаларды орындау мақсатында елде ауқымды қадамдар жасалды: Жасанды интеллект министрлігі құрылды, Парламент Цифрлық кодекс жобасын қарауда, ал Мәжіліс Жасанды интеллект туралы заңды қабылдады», – деді Берік Асылов.
Ол құқық қорғау саласында IT-технологияларды қолдану прокуратура қызметінің басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Қылмыстық процесс, әкімшілік сот ісін жүргізу, мемлекеттік бақылау және азаматтардың өтініштерімен жұмыс толықтай цифрландырылды.
Бұл құралдар жыл сайын ондаған мың азамат пен кәсіпкердің құқықтарын қорғайды.
Ұлттық цифрлық платформа арқылы инвесторларды қорғау тетігі жолға қойылды: 20 қаңтардан бастап бірде-бір мемлекеттік орган прокурордың келісімінсіз инвесторды тексеруге, жауапкершілікке тартуға, қызметін тоқтатуға немесе лицензиясын қайтарып алуға құқылы емес.
«Бүгін цифрлық жүйелер тек құқық бұзушылықтарды тіркеп қана қоймай, оларды алдын алуы да маңызды. Осы мақсатта жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын “Цифрлық қадағалау” жүйесі құрылды», – деп атап өтті Бас Прокурор.
Аталған жүйе мәліметтерді талдайды, мемлекеттік органдардың деректер базаларына, «ақылды» камераларға, дрондарға қосылған және іздеудегі адамдар санын 24%-ға азайтуға мүмкіндік берді.
Бұл технология қоғамдық тәртіпті бұзушылықтардың, заңсыз кен өндірудің алдын алуда, пробация есебіндегі тұлғаларды бақылауда және құқық қорғау қызметінің басқа да маңызды бағыттарында қолданылады.
Берік Асылов негізгі бағыттардың бірі ретінде цифрлық талдауды және қылмыстылықты болжауды атады.
«Президенттің тапсырмасы бойынша Құқықтық статистика комитеті трансформациялануда, оның құрамында Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құрылды. Оның міндеті – үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде цифрлық профилактика жүргізу», – деді Бас Прокурор.
Орталық құқық бұзушылықтардың динамикасын талдайды, жаһандық қатерлерді бақылайды және мемлекеттік органдарды нақты уақыт режимінде хабардар етеді.
Қазіргі уақытта «е-Өтініш» жүйесі арқылы «зорлық-зомбылық», «сыбайлас жемқорлық», «буллинг» сияқты тақырыптар бойынша азаматтардың өтініштерінен тәуекелдерді анықтайтын модель сынақтан өтуде.
Берік Асылов Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне қадам басқанын, оның заң мен тәртіпті қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.
Digital Bridge форумында «Alem.ai» жасанды интеллект зертханасының ашылғаны жарияланды, және прокуратура осы құрылыммен қылмыспен және өзге де құқық бұзушылықтармен күрес тиімділігін арттыру мақсатында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр.
Бас Прокурор цифрлық технологиялар киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы күресті айтарлықтай күшейткенін атап өтті.
«Қазақтелекоммен» бірлесіп, алаяқтық қоңырауларды бұғаттайтын АнтиФрод Кол-орталығы іске қосылды.
Ол Украина мен Ресейдегі 9 шетелдік колл-орталықтың қызметін тоқтатты, ал бір айда 40 мыңнан астам қоңырау бұғатталды.
Жақын арада бұл тәжірибе өңірлерде кеңейтілетін болады.
Басым бағыттардың бірі – есірткі қылмыстарымен күрес.
«Ақша ізін қуу» қағидаты бойынша прокуратура есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың цифрлық активтерін тәркілеудің жаңа әдістемесін әзірледі», – деді Берік Асылов.
85 мыңнан астам банк картасы 2,3 млрд теңгеге бұғатталды, ал жалпы бұғатталған активтер көлемі 11,5 млрд теңгеден асты.
Жасанды интеллект негізіндегі чат-бот енгізіліп, оның көмегімен 12 мың есірткі шоты анықталды.
Берік Асылов қызметкерлерді жаңа цифрлық сын-қатерлерге бейімдеу қажеттігін атап өтті – киберанықтау мен жасанды интеллект негізіндегі талдаудан бастап, сертификатталған кибертергеушілер мен киберпрокурорларды даярлауға дейін.
Сондай-ақ, ведомстволар, сарапшылар мен IT-қоғамдастық арасында технологиялар мен деректер алмасу үшін тиімді диалог орнату маңызды.
«Біз қылмыстық қатерлерді талдау мен болжаудың тұрақты тетігін қалыптастыруымыз, халыққа құқықтық көмектің қолжетімділігін – әсіресе цифрлық ортада – қамтамасыз етуіміз керек. Осылайша “Заң және Тәртіп” идеологиясы жетекші цифрлық платформаларда жүзеге асырылады», – деп қорытындылады Берік Асылов.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі