Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді жүзеге асырады.
Негізгі мақсат – бизнестің сенімді дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуына және экономиканың дамуына үлес қосуына мүмкіндік беретін қолайлы әрі болжамды құқықтық ортаны қалыптастыру.
Мұндай өзара іс-қимылдың жарқын мысалы ретінде Өскемен қаласындағы «СакотаКорпорейшн» ЖШС жобасын сүйемелдеу болды.
Компания 11 млрд теңге инвестиция құйып, ірі сауда-ойын-сауық орталығы мен әкімшілік кешен – «Maxi Mall»-ды салды.
Жобаны іске асырудың әртүрлі кезеңдерінде инвестор әкімшілік кедергілерге тап болды. Алдымен көршілес тұрғын үй кешенінің тұрғындары мен олардың Мүлік иелерінің бірлестігі өз аумағы арқылы коммуналдық желілерге қосылуға рұқсат бермеді, кейін Ғылым комитеті баламалы қосылу нүктесін келісуден бас тартты.
Кейінірек құбырды пайдаланушы ұйым екінші кіреберіс жолын салуға келісім бермеді, ал соңында «Азаматтарға арналған үкімет» эскиздік жобаға үй-жайлардың нөмірленуі енгізілмегені үшін нысанды пайдалануға қабылдауға рұқсат етпеді.
Прокуратураның жедел араласуының арқасында бұл мәселелер инвестордың пайдасына шешілді.
Бүгінде орталық пайдалануға берілді, шамамен 100 жұмыс орны құрылды (ал қазан айында кешен толық ашылған соң 500-ге дейін адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда).
Осындай көмек Маңғыстау облысында да көрсетілді.
Құны 20 млрд теңгені құрайтын заманауи сауда-ойын-сауық орталығының инвестициялық жобасын іске асыру кезінде бірқатар кедергілер туындады: коммуналдық желілерге қосылуды ұзақ келісу, бөлек кіреберіс жол салу және объектіні пайдалануға беру мәселелері.
Алдымен сәулет бөлімі кіреберіс жолды келісуден ауызша бас тартты, себебі нысан қаланың Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы жоспарына енгізілмеген деп уәждеді, алайда іс жүзінде ол болған, бірақ объектіні нақтыландыру бойынша түзетулер болмаған.
Кейін жергілікті атқарушы орган жер учаскесін жалға алу мерзімін ұзартудан формалды негіздер бойынша бас тартты, бұл инвестордың қаржыландыру тарту мүмкіндігінен айырды.
Прокуратураның үйлестіруі қажетті рұқсаттарды уақытылы алуға және жұмыстарды мерзімінде аяқтауға мүмкіндік берді.
Жоба сәтті жүзеге асырылып, 1,5 мың жұмыс орны ашылды.
Бүгінде «Aktau Mall» өңір тұрғындары мен қонақтары үшін басты тартылыс орталықтарының біріне айналды.
Ұлытау облысында жел электр станциясын салу жобасын іске асыру барысында шетелдік инвестор бірнеше проблемаларға кезікті.
2023 жылы салық органы оның банктік шоттарын негізсіз бұғаттап, мемлекеттік қайта тіркеуді жою туралы сотқа талап-арыз берді.
Өткен жылы Экология департаменті мен жергілікті әуежай жобаға қалақшаларды кәдеге жарату полигоны енгізілмегені үшін қажетті рұқсаттарды бермеді, алайда заңнамада мұндай талап жоқ.
Кейін комиссия әуежай үшін ықтимал радиолокациялық кедергелерге байланысты құрылысқа келісім бермеді, ал уәкілетті орган инвестор іс жүзінде ұсынған түпнұсқа құжаттардың жоқтығын алға тартып, жер учаскелерін жалға алу құқығын тіркеуден бас тартты.
Прокуратура қабылдаған шаралармен инвестордың құқықтары қорғалды, талап арыз қайтарып алынды, Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері мен Сәтбаев қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінде жоба іске қосылды, 16 жел станциясы жұмыс істеп тұр, инвестиция көлемі 75 млрд теңгені құрады.
Бұл прокурорлар көмек көрсеткен жобалардың тек бір бөлігі ғана.
Тек ағымдағы жылдың өзінде 440 проблемалық жағдай табысты шешілді және 1032 инвесторға нақты көмек көрсетілді.
Жалпы, прокурорлар елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл жұмыс жалғасуда және Бас Прокурор Б.Асыловтың ерекше бақылауында.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі