«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында және қолданыстағы «Болашақ прокурор кеңістігі» жобасы шеңберінде Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінде студенттермен кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев, Батыс Қазақстан облысының прокуроры Нұрбек Ұласбекұлы, университеттің негізін қалаушы Ақсерік Әйтімов, университет ректоры Әліби Баяхов, сондай-ақ оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесу барысында Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Бас прокуратураның бастамасымен қолға алынған «Болашақ прокурор кеңістігі» жобасы еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жоба студенттерге прокуратура қызметі туралы мол ақпарат беріп, құқық қорғау саласына назар аударуға, заңның үстемдігі мен әділеттілікті насихаттауға бағытталған.
Сонымен қатар, іс-шара аясында Ғалымжан Қойгелдиев студенттерге дәріс оқып, елдегі заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау – прокуратура органдарының басты міндеті екенін атап өтті.
Прокуратура жұмысының табысты болуы – кәсіби мамандарға байланысты.
Осыған орай, ол аталған жобаның кадр даярлаудағы маңыздылығына тоқталып, жобаны одан әрі дамыту барысында студенттерге білім сапасын арттыру үшін қолдау көрсетілетінін айтты.
Болашақ заңгерлерге прокуратура органдарына қызметке қабылдау талаптары мен Құқық қорғау академиясына түсу тәртібі туралы толық ақпарат берілді.
Прокуратура өкілдері студенттердің барлық сұрақтарына толық жауап берді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі