ТМД елдері Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

ТМД елдері Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті

2020 жылғы 8 қазанда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Ғизат Нұрдәулетов видеобайланыс режимінде ТМД елдерінің Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің (БПҮК) 30-шы отырысына қатысты.

Аталған шараға сондай-ақ Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Молдова, Ресей және Тәжікстанның бас прокурорлары, Халықаралық прокурорлар қауымдастығы мен ТМД-ның Атқарушы комитетінің өкілдері қатысты.

Отырыс барысында БПҮК-нің қызметі жөніндегі жыл сайынғы есеп тыңдалып, тергеуді қадағалау, прокурормен сотқа дейінгі ынтымақтастық туралы келісім институты, қылмыстық жолмен табылған мүлікті конфискациялау, кәсіпкерлер құқықтарын қорғау мәселелері талқыға салынды.

Сонымен қатар, терроризм және экстремизмнің өзге де зорлық-зомбылық көріністерімен күрес саласындағы алдағы міндеттер келісілді.

Қазақстанның Бас Прокуроры өз баяндамасында ТМД мемлекеттерімен трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, соның ішінде есірткі айналымы, контрабанда, заңсыз көші-қон, ойын бизнесі және адам органдарын саудалаумен айналысқан қылмыстық топтарға төтеп берудегі тығыз қарым-қатынасты атап өтті. Ол сондай-ақ көптеген құқық қорғау органдары үшін қылмыскерлердің IT-технологияларды белсенді пайдалануы үлкен сын екенін мәлімдеді.

Бас Прокурор баяндамасын қорытындылай келе, трансұлттық қылмыспен күрестегі көпжақты ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті және осы мәселелер бойынша тиімді ықпалдастыққа дайын екенін білдірді.

ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі