Бас прокуратура әкімшілік құқық бұзушылықтардың, соның ішінде қайта жасалатындардың алдын алу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Ерекше назар азаматтардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты көлік және жол шаруашылығы саласындағы бұзушылықтарға аударылады.
Мемлекет Басшысы өзінің халыққа арналған жыл сайынғы жолдауында атап өткендей: «Халықтың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін тағы бір түйткіл, бұл – жол қауіпсіздігі. Әрбір адам өз өміріне және айналасындағы адамдардың қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуге тиіс. Көлік жүргізу мәдениетін бүкіл қоғам болып қалыптастыру қажет».
Елімізде заманауи бейнебақылау жүйелерінің белсенді енгізілуі және цифрлы технологиялардың дамуы жағдайында құқық бұзушылықтарды анықтау деңгейі айтарлықтай өсті.
Тек 2025 жылдың алғашқы 6 айында 8,5 млн-ға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның 7 млн (немесе 84%-ы) көлік саласына қатысты.
Қайта жасалатын бұзушылықтардың саны ерекше алаңдатушылықты туғызуда – оның саны шамамен 1,5 млн, оның ішінде 85 мыңға жуық адам үш немесе одан да көп осы тектес құқық бұзушылықтарды жасаған. Бұл деректер заң талаптарын жүйелі түрде орындамаудың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды күшейту қажеттігін көрсетеді.
Тиісті нұсқаулар төмен тұрған прокурорларға, сондай-ақ Ішкі істер министрлігіне жіберілді.
Бас прокуратура: Жол қозғалысы ережелерін сақтамау – бұл қауіпті және қайғылы салдарларға апаратын тікелей жол екендігін атап өтуде. Автокөлік жоғары қауіп-қатердің негізі, жолда жауапсыз мінез-құлық ауыр апаттарға әкелуі мүмкін, бұл тек бұзушылардың өздері ғана емес, сонымен қатар кінәсіз азаматтар зардап шегіп, қаза болуда.
Салғырттықтың нәтижесінде балалар зардап шегетіні қатты алаңдатады. Көбінесе ата-аналар балаларды қараусыз қалдырып, мұқиятсыздығынан қайғылы оқиғалар орын алуда.
Алты айдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларынан 5,5 мыңнан астам бала зардап шекті, 135 бала қаза тапты.
Тек үлкендердің жолдағы тәртібі үлгі болып қана қоймай, сонымен бірге балаларға қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын ерте жастан үйрету, оларды жол қозғалысы ережелерімен оқыту маңызды.
Мас күйінде көлік басқаруға жол берілмейтіндігіне ерекше назар аударылады.
Осы жылдың 6 айында көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін 11 мыңнан астам адам әкімшілік жауаптылыққа тартылды, олардың 158-і жол-көлік оқиғасын жасап, салдарынан 282 адам зардап шекті, 17 адам қаза болды.
Жеке мобильділік құралдарын – электрсамокаттарды пайдалану мәселесіне жеке назар аудару қажет. Қалалық инфрақұрылым олардың қауіпсіз қозғалысына толық бейімделмеген, бұл жол-көлік оқиғаларына алып келеді.
Ішкі істер министрлігінің деректері бойынша жыл басынан бері елімізде электрсамокаттардың қатысуымен 213 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның салдарынан 224 адам зардап шекті. 42 жағдайда апатқа самокат жүргізушілерінің өздері кінәлі болған, 52 адам әртүрлі жарақаттар алды.
Қайғылы жағдайларға жаяу жүргіншілер жолын кесіп өту кезінде самокаттан түспеу, жаяу жүргіншілер мен балаларға жақындағанда жылдамдықты төмендетпеу сияқты қарапайым талаптарды елемеу әкеліп соғады.
Алайда жолдағы қауіпсіздік – қозғалыстың барлық қатысушыларының ортақ жауапкершілігі екенін ұмытпау керек. Жаяу жүргінші өз міндеттерін білуі тиіс:
- жолды тек жаяу жүргіншілер өткелінен кесіп өтуі;
- өткел болмаған жағдайда – жолды тек екі жақтан да жақсы көрінетін жерде кесіп өтуі;
- жолға тек көліктердің арақашықтығы мен жылдамдығын бағалап, өту қауіпсіз екеніне көз жеткізгеннен кейін шығуы;
- көліктердің жүруіне кедергі келтірмеуі және тоқтап тұрған көліктің немесе көрінуді шектейтін кедергінің артынан шықпауы.
Адам өмірі – баға жетпес, қайғылы жағдай орын алса, оны ешкім қайтара алмайды.
Көлік жүргізушісі өз кезегінде көлікке үнемі бақылау жасап, кедергі пайда болған кезде тоқтай алатындай жылдамдықты таңдауға міндетті. Әсіресе маңыздысы:
- жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда жылдамдықты төмендету, бірақ арттан келе жатқан көліктерге апатты жағдай туғызбау;
- аулаларда, мектептер мен балалар алаңдарының маңында аса мұқият болу – балалар көбінесе дәл осы жерлерде жолға кенеттен жүгіріп шығады;
- ауа райы жағдайын ескеру: ұзақ құрғақ ауа райынан кейін жол бетінде шаң, кір, май, түтін қалдықтары және басқа да ластағыштар жиналады. Алғашқы жаңбыр тамшылары кезінде бұл заттар ылғалмен әрекеттесіп, жұқа «майлы» қабат түзеді, ол шиналардың жолмен үйкелісін күрт төмендетіп, тежеу қашықтығын ұзартады. Ұзақ уақыт құрғақ болған жолдарда жаңбырдың алғашқы минуттарында апат қаупі жоғары болады, себебі жолда майлы және шаңды қабық пайда болады.
Қазір күз мезгілі, температураның күрт ауысуына байланысты жол-көлік оқиғалары қаупі артады.
Ұйқы режимінің бұзылуы мен шаршау зейінді төмендетіп, реакцияны баяулатады. Прокуратура жүргізушілерге ұзақ сапарларды шаршамауға мүмкіндік беретіндей етіп жоспарлауды ұсынады. Жолаушылар, әсіресе қалааралық тасымалдау және ұзақ қашықтыққа такси шақырған кезде, жүргізушінің жағдайын бақылап, қажет болған жағдайда оның демалуын талап етуі тиіс.
Естеріңізге саламыз: азаматтық заңнамаға сәйкес (АК-нің 931-бабы), жоғары қауіптілік көзі иесі жол-көлік оқиғасы үшін тікелей кінәлі болмаса да, келтірілген залал үшін материалдық жауапкершілікке тартылады.
Бас прокуратура жол қозғалысының барлық қатысушысын заңды қатаң сақтауға, саналы тәртіпке және жол қозғалысының басқа қатысушыларын сыйлауға шақырады.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу – бұл азаматтардың өмірін және әл-ауқатын сақтауға бағытталған мемлекет пен қоғамның бірлескен міндеті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі