Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Біріккен Араб Әмірліктері Жоғарғы федералдық сотының төрағасы Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захримен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.
Бас Прокурор қонаққа Қазақстанда жүргізіліп жатқан сот жүйесіндегі құқықтық және институционалдық өзгерістер, сондай-ақ прокуратура органдарының рөлі мен басым міндеттері және халықаралық-құқықтық ынтымақтастықтың дамуы туралы атап өтті.
Ол заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын білдіріп, сындарлы диалогқа дайын екенін жеткізді.
Б.Асыловтың айтуынша, бұл кездесу ведомстволар арасындағы қатыныстарға қосымша серпін беретіндіктен, ерекше болып табылады.
Өз кезегінде, Мұхаммед Хамад Мұхаммед әл Бади әл Захри қабылдау және қызығушылық тудырған мәселелер бойынша берілген ақпарат үшін алғыс айтып, елінде жүргізіліп жатқан сот реформасының негізгі бағыттары туралы сөз қозғады.
Кездесу нәтижесінде тараптар серіктестіктің тиісті деңгейін қанағаттанушылықпен атап өтіп, оны нығайтудың одан әрі бірлескен қадамдарын белгіледі.
Бас прокуратура баспасөз қызметі