Бас прокуратурада ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына және ұлт ұстазы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы тілдері күніне арналған қорытынды мерекелік іс-шара өтті.
Салтанатты іс-шараны Бас Прокурордың орынбасары Ғалымжан Мәмбетұлы Қойгелдиев құттықтау сөзбен ашты.
Өз сөзінде ол прокуратура органдарында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде өткеніне тоқталып өтті.
Іс-шара аясында өңірлік прокуратураларда өткен «Бес асыл іс» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 400-ден астам қызметкер мен олардың балалары қатысып, Абай ілімін насихаттауға бағытталған өнері мен ізденісін паш етті.
Өздерінің шығармашылық үлгісін көрсеткен жеңімпаздарға арнайы марапаттар табысталды.
Сонымен бірге 21 шілде мен 10 тамыз аралығында прокуратура ұжымдары арасында өткізілген «Абай күні – бірлік үні» атты эстафеталық флешмобы да өз мәресіне жетіп, үздік шыққан өңірлік прокуратуралар Бас Прокурордың алғысына ие болды.
Бұл бастама Абай мұрасын кеңінен дәріптеумен қатар ұжымдық ынтымақ пен ұйымшылдықтың көрінісіне айналды.
2024 жылғы Абай оқуларының республикалық жеңімпаздары а.ж. 8-11 тамыз аралығында «Прокурорлар Абай елінде...» ғылыми-танымдық экспедицияға қатысып, Астана-Семей-Қарауыл бағыты бойынша ақын өміріне қатысты тарихи жерлерді аралады.
Мерекелік іс-шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – «Мен бір жұмбақ адаммын...» зияткерлік ойыны болды.
Бас прокуратураның құрылымдық бөлімшелерінен құралған 60 адамнан тұратын алты команда өздерінің білімдерін ортаға салып, ұлы ақынның өмірі, философиялық ойлары мен шығармашылық мұрасына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Сайыс қорытындысы бойынша:
І орын – «Көзімнің қарасы» тобы, топ басшысы Әбілқайырова Гауһар Мұханқызы – Басқарма прокуроры, 2-Қызмет, Стратегиялық даму департаменті, Қаржы департаменті, Ішкі аудит басқармасының қызметкерлерінен құралған командаға;
ІІ орын – «Абай рухы» тобы, топ басшысы Жиделбай Нұрсұлтан Нұрланұлы – Басқарма аға прокуроры, 4-Қызмет, Кадрлық жұмыс департаменті, Мемлекеттік құпияларды қорғау басқармасының қызметкерлерінен құралған командаға;
ІІІ орын – «Хан Шыңғыс» тобы, топ басшысы Мақұлбаев Нұрбұлан Есенгелдіұлы – Бас Прокурордың аға көмекшісі, Бас Прокурор Аппараты, 5-Қызмет, Норма шығармашылық қызметін үйлестіру департаментінің командасына берілді.
Зияткерлік дода тартысты өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Салтанатты жиынға арнайы шақырылған белгілі абайтанушы ғалымдар мен қоғам қайраткерлер өздерінің тұжырымды ойларымен, тағылымды пікірлерімен бөлісті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі