«Прокурорлық сүзгі»: жұмыстың тиімділігі және оны кеңейту

«Прокурорлық сүзгі»: жұмыстың тиімділігі және оны кеңейту

Мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары инвесторларды қорғау және қолдау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Бұл бағыттағы негізгі құралдардың бірі - Инвесторлар тізіліміне енгізілген инвесторларға қатысты «прокурорлық сүзгінің» енгізілуі болды.

Бұл - прокурордың келісімінсіз мемлекеттік органдардың инвесторды тексеруге, оның қызметін тоқтатуға, әкімшілік жауапкершілікке тартуға, талап арыз беруге, лицензияны кері қайтаруға, шартты бұзуға немесе басқа да шектеулер енгізуге құқығы жоқ дегенді білдіреді.

Аталған жұмыстың аясында прокурорлар заң талаптарының сақталуына ғана емес, сонымен қатар қабылданған шешімдердің мақсатқа сай және негізді болуына ерекше мән береді.

Нәтижесінде прокурорлар 1 мыңнан астам шешімге келісім беруден бас тартып, 370 заңсыз тексерудің, 438 әкімшілік іс жүргізудің және 200-ге жуық шектеу шарасының жолын кесті.

Осы тетік өзінің тиімділігін көрсеткендіктен, Бас прокуратураның бастамасымен оның қолданылу аясы кеңейтілді.

Инвесторлар тізілімін қалыптастыру, жүргізу және пайдалану қағидаларына (Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрінің бұйрығымен бекітілген) өзгерістер енгізілді.

Енді бұл тізілімге жалпыұлттық пулға (инвестиция көлемі 150 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын) кіретін жобалармен қатар, жергілікті атқарушы органдар қалыптастыратын жалпыөңірлік пулдың жобалары да енгізіледі.

Бұндай тәсіл барлық инвесторларға қатысты лауазымды тұлғалардың шешімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын неғұрлым әділ әрі жан-жақты қорғауға бағытталған.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі