Қазақстан Республикасы Конституциясы күні қарсаңында Бас прокуратурада салтанатты жиын өтті.
Іс-шараны ашқан Бас Прокурор Берік Асылов жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, тәуелсіз, құқықтық әрі әділетті мемлекеттің берік іргетасына айналған Ата Заңның тарихи маңыздылығын атап өтті.
«Отыз жыл бұрын Қазақстан халқы тағдыршешті таңдау жасап, елдің стратегиялық даму бағытын айқындаған Конституцияны қабылдады. Ол демократиялық қағидаттарды бекітіп, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жүйесін қалыптастырды. Дәл осы нормалардың арқасында елімізде ауқымды реформалар дәйекті түрде жүзеге асуда», – деп атап өтті ведомство басшысы.
Мемлекеттік органдар жүйесінде прокуратураға ерекше рөл берілген — ол заңдылық пен конституциялық тәртіптің қорғаушысы. Соңғы үш онжылдықта прокуратура органдары Ата Заңның үстемдігін қамтамасыз етіп, азаматтардың құқықтарын, мемлекет пен қоғамның мүдделерін қорғап келеді.
Өз сөзінде Бас Прокурор «Прокуратура туралы» Конституциялық заңның қабылдануы конституциялық жүйенің дамуына маңызды қадам болғанын және прокуратураның мемлекеттің құқықтық құрылымындағы айрықша миссиясын бекіткенін атап өтті. «Біздің жұмысымыздың әрбір бағыты – Конституция прокуратураға заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалау мен азаматтардың құқықтарын қорғауды жүктеген нормаларды іске асыру болып табылады», – деді Б.Асылов.
Сонымен бірге ол қарқынды өзгерістер жағдайында прокуратураның заманауи органға айналып, конституциялық реформаларға үйлесімді түрде кірігіп жатқанын, цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, бизнесті, инвестицияны, балалардың құқықтары мен қоғам мүдделерін қорғауды күшейтіп отырғанын атап өтті.
Салтанатты жиынды қорытындылай келе, Бас Прокурор ұжымды Конституцияның 30 жылдығымен құттықтап, прокуратура қызметінің басты бағдарлары – Ата Заңның үстемдігі мен азаматтардың сенімі екенін ерекше атап өтті.
Әділетті Қазақстан – баршамыздың ортақ жолымыз, онда прокуратура әрқашан заңдылықтың, құқықтық тәртіп пен адам құқықтарын қорғаудың тірегі болып қала береді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі