Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Бас прокуратура Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп «Аграрлық несие корпорацисы» АҚ-ның (бұдан әрі - АНК) қызметін тексерді.
Тексеру нәтижесінде мемлекетке материалдық залал келтірген «Шымкент қаласында екі алма бағын салу» жобасын іске асыру барысында «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» АҚ (бұдан әрі – Қор, 2021 жылы АНК-ның құрамына кірді) басшылығының лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі анықталған.
Аталған факті бойынша 10.07.2024 жылы Бас прокуратура Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Тергеп-тексеру Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне (бұдан әрі – Департамент) жүктелді.
Іс материалдарына сәйкес АНК Басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары И.М. өнім беруші С.Р.-дың мүддесін көздей отырып, Шымкент қаласындағы техникалық ерекшеліктер мен мәлімделген өндірістік параметрлерге сәйкес келмейтін алма бақтарын пайдалануға қабылдаған (орындалмаған жұмыс соммасы – 430,6 млн теңге).
Нәтижесінде бүгінде мемлекетке сараптамалар мен мамандардың қорытындысы бойынша 685,8 млн теңгеге материалдық залал келтірілді.
Қылмыстық істің шеңберінде қосымша ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) және ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы (бөтеннің мүлкін иемдену) бойынша бір өндіріске біріктірілген сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді.
07.08.2025 жылы Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының үкімімен АНК басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары И.М. және мердігер ұйымның директоры С.Р. мүлікті тәркілеумен 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі