2025 жылдың 7 айындағы прокуратура органдарының жұмысы туралы

2025 жылдың 7 айындағы  прокуратура органдарының жұмысы туралы

Прокурорлар заңдылықты нығайту, «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету және қоғамда заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру шараларын жалғастыруда.

Үйлестіру шаралары арқылы қылмыстық ахуалды жақсарту міндеттері жедел шешілді. Қылмыстық құқық бұзушылық деңгейі төмендеді (82573-тен 76512-ге дейін).

Қоғамдық орындар (23121-ден 21269-ға дейін) мен көшелерде (11035-тен 10272-ге дейін) құқықтық тәртіп жақсарды.

Алайда  интернет-алаяқтық пен есірткі қылмысы мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Осы санаттағы қылмыстардың жолын кесу, анықтау және ашу бойынша мүдделі органдармен бірлесіп ауқымды және жүйелі іс-шаралар жүргізілуде.

Мәселен, алаяқтыққа қарсы күрес шеңберінде 61 кибертоп әшкереленіп, 217 «дроппер» қылмыстық жауаптылыққа тартылды.

Интернеттегі есірткінің заңсыз айналымы инфрақұрылымын тұрақсыздандыру мақсатында 88 мың есірткі дүкенінің шоттары бұғатталды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚСжАЕК-ті қайта құру жұмыстарына кірістік.

Негізгі мақсат – қоғамдық қауіпсіздік саласындағы қауіп-қатерлерді ерте анықтау және алдын алуды қамтамасыз ету.

Осыған байланысты пилоттық режимде Қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды. Жобалық басқару тәсілін қолдануды көздеп отырмыз. Ұлттық сарапшыларды да тартып үлгердік.

Жалпы, құқық бұзушылыққа қарсы  күресте біз ІТ шешімдерді қолданамыз. Мәселен, прокуратура органдарының «Цифрлық қадағалау» АТЖ бірыңғай платформасында мемлекеттік органдар мен ХҚКО-лардың деректер базасы біріктірілген. 3 мың көше камерасы қосылған. Дрондар қолданылады.

Адамдарды іздестіруде цифрлық қадағалау өзінің тиімділігін көрсетті. Іздеудегі адамдардың саны азайды.

Оны пробациялық бақылауда қолдана бастадық.

Қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының кепілдіктері күшейтілуде.

Қылмыстық ортаға 2547 адамды негізсіз тартуға жол берілмеді. Азаптау фактілері үш есеге қысқарды (-67%, 152-ден 50-ге дейін). 81 сотталған адамның жағдайы жақсарды.

Тергеу органдарының 12 мыңнан астам заңсыз шешімінің күші жойылды.

Осымен қатар әлеуметтік-экономикалық салада құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жүйелі қадағалау құрылды. Қадағалау актілері бойынша 2 млн астам азаматтың әлеуметтік құқықтары қалпына келтірілді.

Прокурорлар әлеуметтік тұрғын үйді бөлу практикасын қайта қарауға қол жеткізді. Нәтижесінде 529 жетім бала пәтерге ие болды, тағы 409-ы кезекке тұрды.

Психикалық  және мінез-құлқының бұзылыстары бар балаларды қолдау саласында жиі жол беретін проблемалар анықталды.

Отбасыларға тиісті әлеуметтік қолдау көрсетілмейді, жәрдемақы төленбейді. Инклюзивті және түзету жабдықтары жетіспейді.

Барлық бұзушылық бойынша қадағалау актісі енгізіліп, 4,5 мың баланың құқығы қорғалды.

Балық шаруашылығындағы қылмыстық схемалар ашылды. Атап айтқанда, оңтүстік және шығыс өңірлерінде браконьерлік балықты заңсыз аулау және заңдастыру фактілері анықталды. Солтүстікте (Павлодар, Қостанай, СҚО) шаянның жұмыртқасы заңсыз өндірілген. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Инвестициялық жобаларды қолдау барысында 822 (2023 жылдан бастап – 1522) инвесторға көмектестік. Олардың инвестиция мөлшері – 8,3 трлн теңге. Жалпы, қабылданған шаралар ондаған мың жұмыс орнын құруға және сақтауға ықпал етті.

Әлеуметтік бағдарламаларды табысты жүзеге асыру үшін бюджетті тиімді пайдалануды қамтамасыз ету маңызды. Сондықтан біздің күш-жігеріміз мемлекетке келтірілген залалдың жолын кесуге және өтеуге бағытталған.

Атап айтқанда, Активтерді қайтару комитеті биылғы жылы 354 млрд теңгеден астам соманы қайтарды.

Қаржы төрт жүзден астам әлеуметтік объектінің құрылысына жұмсалуда. Оның ішінде шалғай елді мекендер мен қалаларда 333 объектінің құрылысы басталды. Қазірдің өзінде денсаулық сақтау және спорт салаларындағы 33 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды.

Жалпы, прокуратураның шаралары бойынша бюджетке 716 млрд теңге өтелді (жымқырылған активтерді қайтару, прокурорлар тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша залал, әлеуметтік-экономикалық саладағы және атқарушылық іс жүргізудегі қадағалау актілері бойынша).

Халықаралық ынтымақтастық саласында 3 келісім ратификацияланды (Катармен экстрадициялау және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету, сондай-ақ Кипрмен сотталғандарды ауыстыру туралы).

Ағымдағы жылдың маусым айында Еуропа Кеңесінің министрлер комитеті Қазақстанның Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы конвенциясына қосылу туралы өтінімін бірауыздан қолдады. Бұл Еуропаның 46 елінен қылмыстық істер бойынша дәлелдемелерді алуға мүмкіндік береді.

Алдағы кезеңде прокуратура Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді, оның ішінде елімізде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» міндеттерін нақты орындауды жалғастырады.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі