Бас прокуратурада вейптердің заңсыз әкелінуі үшін жауапкершілік мәселелері бойынша Қаржы мониторингі агенттігімен бірлескен ведомствоаралық кеңес өтті.
2024 жылғы 19 сәуірдегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қылмыстық кодекс вейптерге, хош иістендіргіштерге және оларға арналған сұйықтықтарға, сондай-ақ темекі шекпей тұтынатын темекі өнімдеріне қатысты жауапкершілікті көздейтін 301-1-баппен толықтырылды.
Аталған баптың екінші бөлігінде вейптерді ел аумағына әкелу санына қарамастан қылмыстық жауаптылық көзделген.
Жыл басынан бері вейптерді әкелудің 16 фактісі тіркеліп, оның 9 сотқа жолданды, қалғандары бойынша тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Мысалы, 24 жастағы Қазақстан азаматшасы 5 вейпті заңсыз әкелгені үшін сот алдында жауап берді.
Аудандық сотының үкімімен ол 1 жылға бостандығын шектеу жазасына сотталды.
Сонымен қатар, жүргізілген талдау көрсеткендей, азаматтардың вейптерді әкелу үшін қылмыстық жауапкершіліктің бар екені туралы жеткілікті ақпараттандырылмағаны анықталды.
Осыған байланысты Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша көлік прокурорлары әуежайларда, вокзалдарда және кеден бекеттерінде ауқымды түсіндіру акцияларын жүргізді: баннерлер мен бейнероликтер орналастырылып, вейптерді өз еркімен тапсыру үшін арнайы жәшіктерді орнатты.
Ақпараттық науқан басталғаннан кейін, азаматтар мен туристер арасында вейптерді әкелу бойынша жаңа қылмыстық істер тіркелмеген.
Прокуратура еске салады: Қазақстан Республикасының аумағына вейптерді әкелу – санына қарамастан – қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және Қылмыстық кодексінің 301-1-бабының 2-бөлігіне сәйкес, екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі