Бас прокуратура азаматтардың қауіпсіздігі мен заңдылығын нығайту үшін жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуде

Бас прокуратура азаматтардың қауіпсіздігі мен заңдылығын нығайту үшін жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейтуде

Бас Прокурор Alem.Cloud Ұлттық деректерді өңдеу орталығына барып, Орталық Азиядағы ең қуатты есептеу кешені – суперкомпьютерлік кластердің жұмысымен танысты. Ол бұл нысанның іске асуы елдегі цифрландыру саясатының нәтижесі екенін атап өтті.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев кластердің үлкен деректерді нақты уақыт режимінде өңдеу, ахуалдарды модельдеу және жасанды интеллектіні қолдану мүмкіндіктері туралы айтып берді. Бұл технологиялар құқық қорғау органдарына, әсіресе қоғамдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерлерді болжау саласында жаңа көкжиектер ашады.

Сапар аясында әртүрлі міндеттерді орындауға арналған ЖИ-агенттерді жасауға мүмкіндік беретін Ұлттық жасанды интеллект платформасы таныстырылды.

Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, сондай-ақ IT-саланың өкілдері (iKOMEK109, КӨМЕК-112, 103, Қызмет-102, Ахуалдық орталық АПК 2.0, AsiaSoft, Sergek, Dream Lab, KazDream) қатысты.

Бас прокуратура қадағалау функцияларын автоматтандыратын «Цифрлық бақылау» ақпараттық-талдамалық жүйесінің мүмкіндіктерін көрсетті. Бұған қоса, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау мақсатында енді дрондар мен Sergek жүйесі қолданылатын болады, бұл қауіптерге жедел әрекет етуді қамтамасыз етеді.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті қылмысты болжау, көше қылмыстарының ошақтарын анықтау, құқық бұзушылықтардың қайталануын талдау бойынша цифрлық шешімдерін таныстырды.

Жобалар қатарында: е-Өтініш жүйесі деректері негізінде әлеуметтік тұрғыдан маңызды өтініштерді анықтау моделі; көше қылмыстарын болжау алгоритмдері; қайталап құқық бұзушылыққа бейім тұлғаларды анықтау; сыртқы қауіптерді анықтау мақсатында халықаралық ақпараттық кеңістікті мониторингтеу жүйесі бар.

IT-саласының өкілдері шұғыл және коммуналдық қызметтер, сондай-ақ құқық қорғау органдарына енгізілген цифрлық шешімдерді таныстырды.

Қатысушылар цифрлық технологиялардың маңыздылығын және суперкомпьютерлік ресурстарды құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде пайдалану әлеуетін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша құқық қорғау саласындағы цифрлық құралдарды дамыту, прокурорлық қадағалауды күшейту және заңдылықты нығайтуға бағытталған шешімдер қабылданды.

 

Бас прокуратураның баспасөз қызметі