Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде Әділетті мемлекет құрудың негізгі қағидаттары болып табылатын заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту жөніндегі шаралар жүйелі түрде іске асырылуда.
Мемлекет басшысы атап өткендей: «Әділеттілік, заң мен тәртіп – болашақ дамуымыздың басты бағдары».
Осыған байланысты Бас прокуратура құқық қорғау органдарымен бірлесіп қылмыскерлерді іздестірудің тиімділігін арттыру және жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша жүйелі шаралар қабылдауда.
Президент тапсырмаларын іске асыру аясында:
• іздестіру жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық база жетілдірілді;
• іздестірудегі адам мемлекеттік немесе басқа да қызметтер алу үшін жүгінген жағдайда іздестіруге бастамашы болған органды автоматты түрде хабардар ету мүмкіндігі енгізілді;
• бет-әлпетті тану функциясы бар бейнебақылау камераларын пайдалану белсенді жүргізілуде.
Мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылы негізінде бюджет қаражатын тартпай-ақ халық көп жиналатын орындарға 3 мыңнан астам камера орнатылды. Солардың көмегімен 2024 жылы 72 қылмыскер ұсталды. Мәселен, өткен жылдың қазан айында Алматы қаласында ауыр қылмыс жасағаны үшін 15 жылдан астам уақыт бойы іздестіруде жүрген қылмыскер ұсталды.
Сонымен қатар шетелдік юрисдикциялардан аса ауыр қылмыстар жасаған — кісі өлтіру, қаржылық пирамидалар құру, ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, алаяқтық және есірткі саудасы бойынша жауапқа тартылған 28 адам қайтарылды.
Жалпы, жыл басынан бері 706 іздестірудегі адам ұсталды, оның ішінде:
• 14 — кісі өлтіргені үшін,
• 13 — есірткі сатқаны үшін,
• 34 — тонағаны үшін,
• 141 — алаяқтық жасағаны үшін,
• 269 — ұрлық үшін.
Қабылданған шаралар іздестірудегі адамдардың жалпы санын 4,6%-ға (2226-дан 2123-ке дейін) азайтуға және оларды ұстау тиімділігін 63,7%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.
Жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету және елдегі құқықтық тәртіпті нығайту жұмысы жүйелі және тұрақты негізде жалғасатын болады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі