Маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеу – прокуратура органдарының алдындағы негізгі міндеттердің бірі.
Прокурорлық ерекше бақылауда 64 трлн теңгені құрайтын 1132 жоба бар.
Негізгі назар әлемнің 27 елінен келетін, инвестициялық тізілімге енгізілген, еліміздің экономикасы үшін басым маңызға ие инвестициялық жобаларға аударылған.
Жеке бақылауда Қытай мен Орталық Азия елдері (Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан) инвесторлардың 48 жобасы.
Бүгінге прокурорлар Қазақстан экономикасына 1,4 трлн теңге көлемінде инвестиция құйған 24 инвестордың мәселесін шешті.
Мысалы, Қарағанды облысының прокуратурасы Фронт-офис жұмысы аясында тұрмыстық техника өндіру жобасын іске асырып жатқан өзбекстандық инвестор – «Silk Road Electronics» ЖШС-не 3 мәселені шешуге көмектесті: газ қазандықтарына газ тарту үшін рұқсат құжаттарын алу, нысанның техникалық төлқұжатын тіркеу және сот орындаушысының ақшаға тыйым салуын алып тастау.
Нәтижесінде 25 млрд теңгелік жоба іске қосылып, инвестор өндірілетін өнім түрін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Тағы бір мысал, көлік прокуратурасының араласуынан кейін ҚХР ірі порт компаниясына шетелдік жұмыс күшіне квота берілді.
Бұл Ақтау портында контейнерлік хаб салу жобасын іске асыруға мүмкіндік берді, инвестиция көлемі – 46,7 млрд теңге.
Сонымен қатар «прокурорлық сүзгі» аясында инвесторларды негізсіз әкімшілік істер қозғаудан, тексерулер тағайындаудан, шектеулер мен тыйымдар қолданудан, оларды сот процесіне тартудан қорғау қамтамасыз етіледі.
Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында салық органы формалды негіздерге сүйеніп, қытайлық инвесторды әкімшілік жауапкершілікке тартуға бастама көтерген.
Алайда прокуратура бұл шешімді келісуден бас тартты.
Инвестор өзінің жобасын (1,6 млрд теңге көлемінде инвестиция салынған макарон өнімдерін өндіретін цех құрылысы) іске асыруды жалғастырды.
Жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда тұр.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі