
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметіне сәйкес, суға шомылу маусымы басталғалы (1 маусымы мен 10 шілдесі аралығында) еліміздің су айдындарында 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам, оның ішінде 23 бала құтқарылды.
Прокурорлар ішкі істер және төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындарындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер өткізуде, тұрғындармен кездесулер ұйымдастырып, жадынамалар мен ақпараттық материалдар таратуда, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы суда қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ерекше назар азаматтарды жабдықталмаған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы ескертуге аударылуда. Мұндай орындарда құтқару бекеттері жоқ, су түбі тексерілмеген. Сондықтан төтенше жағдай туындаған кезде дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмай қалуы ықтимал.
Су жағасында демалмас бұрын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Бұл ақпарат әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің ресми сайттарында орналастырылған.
Азаматтарға судағы қауіпсіздік қағидаларын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік те түсіндірілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 306-бабына сәйкес қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету салдарынан адамның денсаулығына зиян келтірілген жағдайда, 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салудан бастап бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабына сәйкес ата-аналар мен заңды өкілдер кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Аталған баптың санкциясында 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салудан бастап 10 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу көзделген.
Профилактикалық жұмыстар балалар арасында да жүргізілуде. Кездесулер барысында оларға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндіріліп, ересектердің қарауынсыз немесе тыйым салынған жерлерде шомылудың қауіптілігі туралы айтылуда.
Прокуратура ата-аналарды балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдырмауға және демалыс кезінде олардың қайда жүргенін үнемі бақылауда ұстауға шақырады.
Естеріңізде болсын: бірнеше минуттық бейқамдық орны толмас қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Демалу үшін тек ресми түрде рұқсат етілген әрі жабдықталған шомылу орындарын таңдаңыздар, қауіпсіздік талаптарын сақтаңыздар және өздеріңіз бен жақындарыңыздың амандығына қамқор болыңыздар.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері Қазақстанның Грузиядағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың заңсыз айналымымен, сондай-ақ қылмыстық кірістерді заңдастырумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады.
Тергеу анықтағандай, аталған адам қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейіннен дайындалған психотроптық заттардың тектестері осы облыс пен Алматы қаласының аумағында жасырын түрде таратылған.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық заттар (мефедрон) алынды.
Қылмыстық әрекет нәтижесінде алынған заңсыз кірісті қаскүнемдер 1,8 млрд теңгеден астам сомада әртүрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштарды пайдалана отырып, және қосымша 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлікті, бизнес объектілерін және көлік құралдарын сатып алу арқылы заңдастырған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына аудару мақсатында тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, олар бойынша сот талқылауы жүргізілуде, ал оның кейбір мүшелері, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жалтарып, халықаралық іздестіруге жарияланған.
Ағымдағы жылдың қаңтарында ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Партиялық тізімдерді тіркеу кезеңінің аяқталуына байланысты бүгін, 2026 жылғы 23 шілде 18 сағат 01 минуттан бастап 2026 жылғы 22 тамыз 00 сағат 00 минутқа дейін жалғасатын сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталады.
Сайлау алдындағы үгіт жүргізудің тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27 және 28-баптарымен реттелген.
Мемлекет азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге белгілі бір кандидатты, саяси партияны қолдап немесе оған қарсы кедергісіз сайлау алдындағы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.
Үгіт БАҚ және онлайн-платформалар арқылы, сайлау алдындағы жария
іс-шараларды өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады.
Телерадио хабарларын тарату субъектілері жаңалықтар мен талдау бағдарламаларда үгіт материалдарын таратуға құқылы емес.
Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 50 АЕК).
Кандидаттар не олардың сенiм бiлдiрген адамдары болып тiркелген журналистердiң, бұқаралық ақпарат құралдары редакциялары лауазымды адамдарының сайлауды бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетуге қатысуына құқығы жоқ.
Бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 20 АЕК).
БАҚ кандидаттардың, саяси партиялардың сайлау науқанын, олардың сайлау алдындағы іс-шараларының мақсаттарын, міндеттері мен нәтижелерін, сондай-ақ олармен байланысты оқиғалар мен фактілерді бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті.
Сонымен қатар, БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның абыройына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрнеу нұқсан келтіретіні анық үгіт материалдарын және өзге де ақпаратты жариялаудан тартынуға міндетті.
Осы талаптар сақталмаған жағдайда, сондай-ақ көрсетілген адамдарға ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау мақсатында теріске шығаруды тегін жариялау мүмкіндігін беруден бас тартқан жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін).
Партиялық тізімдерді ұсынған кандидаттар мен саяси партияларға сайлау алдындағы үгiт жүргізу үшін БАҚ тең қол жеткізу жағдайлары қамтамасыз етіледі.
БАҚ бір саяси партияның үгіт материалдарын шарттық негізде орналастыруына келісім беруі партиялық тізімдерді ұсынған басқа саяси партиялардың да үгіт материалдарын орналастыруына келісім берген болып есептеледі.
Егер БАҚ осы талапты бұзса, онда бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 4 және 6-бөліктеріне сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 20-дан 50 АЕК-ке дейін).
Шарттық негізде үгіт материалдарын орналастыру жөніндегі қызметтерді көрсететін БАҚ және онлайн-платформаларды пайдаланушылардың назарына аударамыз, олар үгіт басталғанға дейін кемінде 5 күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына орналастыру құны мен шарттары туралы мәліметтерді ұсынуы қажет.
Үгіт материалдарын Орталық сайлау комиссиясы көрсетілген мәліметтерді жариялағаннан кейін ғана орналастыруға болады.
Көрсетілген талаптарды сақтамаған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген (айыппұл 30-дан 50 АЕК-ке дейін).
Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары кандидаттарға сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін шарттық негізде үй-жайлар береді.
Олар бірыңғай және тең жағдайларда ұсынылуға тиіс.
Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 123-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 30 АЕК).
Үгіт материалдарына қатысты олардың құрамында осы материалдарды шығарған ұйым туралы (баспа материалдары бойынша – басылған орны мен таралымы туралы), тапсырыс берген адамдар және қандай қаражат есебінен төленгені туралы мәліметтер болуы тиіс екенін ескеру қажет.
Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде үгіт материалдарын дайындауға, жасырын (анонимді) үгіт материалдарын таратуға, сондай-ақ ағымдағы сайлау науқаны үшін дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға тыйым салынады.
Онлайн-платформаларға қатысты бұл талаптар онлайн-платформаларды пайдаланушылар үгіт материалдарын шарттық негізде дайындаған жағдайда қолданылады.
Осы талаптарды бұзу Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 113-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 25 АЕК).
Меншік иесінің немесе өзге де иеленушінің келісімімен ғимараттарда, құрылыстарда және өзге де объектілерде орналастырылған үгіт материалдарын қасақана жою немесе бүлдіру Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 114-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады (айыппұл 15 АЕК).
Баяндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезеңінде сайлау туралы заңнаманы қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге тағы да шақырады.
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
орынбасары
Е. Өтегенов
Бас прокуратураның, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Интерпол Ұлттық Орталық Бюросының қызметкерлері Вьетнам Социалистік Республикасындағы Қазақстан Елшілігінің қолдауымен аталған елден халықаралық іздеуде жүрген шетелдік экстрадициялады.
Тергеу бойынша, 2022–2023 жылдары күдікті сыбайласымен бірлесіп Алматы қаласының аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырып, нәтижесінде 12 миллион теңгеден астам қылмыстық пайдатапқан.
Қылмыс жасағаннан кейін сыбайластың біреуі қылмыстық жауаптылыққа тартылған, екіншісі қылмыстық қудалау органдарынан жасырынып, оған іздеу жарияланған.
Ағымдағы жылғы ақпанда ол Вьетнам аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айып тағылған қылмыс үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Мемлекетті цифрлық трансформациялау – Мемлекет басшысының стратегиялық бағытының негізгі басымдықтарының бірі. Биылғы жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы мемлекеттік органдарда заманауи IT-технологиялар мен озық цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуге жаңа серпін берді.
Құқық қорғау жүйесі үшін бұл – жекелеген процестерді автоматтандыруға, күрделі әрі қауіпті жағдайларда тиімді жұмыс істеуге, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге жедел ден қоюға және қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстылықтың сипатын да өзгертіп, құқыққа қарсы әрекеттерді жасаудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруда. Сондықтан құқық қорғау жүйесі туындаған қауіп-қатерлерге ғана ден қоймай, уақыт талабынан озып, жаңа сын-қатерлерге дайын болу үшін өзінің технологиялық әлеуетін үздіксіз дамытуы қажет.
Осы тұрғыда 2026 жылғы 17 шілдеде «USTEM Foundation» қоғамдық қорының негізін қалаушы Асылбек Мұрзахметов әріптестерімен бірге Бас прокуратура басшылығына жасанды интеллект негізіндегі заманауи әзірлемелерді таныстырды. Олардың қатарында гуманоидты роботтар, патрульдеу мен инспекция жүргізуге арналған роботтандырылған кешендер, төтенше жағдайларда жұмыс істеуге арналған жүйелер, сондай-ақ сервистік және кеңесші роботтар бар.
«Цифрлық трансформация мемлекеттік органдардың қызметіне заманауи технологияларды белсенді енгізуді талап етеді. Біз жасанды интеллект пен “ақылды” шешімдерді пайдалана отырып, жаңа қауіп-қатерлерге жедел ден қоюымыз, құқық қорғау жүйесінің мүмкіндіктерін кеңейтуіміз, азаматтардың құқықтарын қорғауды және «Заң мен Тәртіп» қағидатын сапалы жаңа деңгейде қамтамасыз етуіміз қажет», – деді Бас Прокурор Берік Асылов.
«USTEM Foundation» қоғамдық қоры 2020 жылдан бері Қазақстандағы балалар мен жастар арасында робототехника, инженерлік ойлау және STEM-білім беруді дамыту бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Қордың қолдауымен Қазақстанның робототехникадан ұлттық құрамасы «FIRST Global Challenge» әлем чемпионатында төрт мәрте жеңімпаз атанды.
Кездесу қорытындысы бойынша прокуратура органдары мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметінде робототехникалық шешімдерді қолдану мүмкіндіктерін зерделеу және осы бағыттағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөніндегі перспективалы бағыттар айқындалды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
2026 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының магистратурасы мен докторантурасы түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсіміне қатысты.
Іс-шараға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, құқық қорғау және арнаулы органдардың басшылары, сондай-ақ Maqsut Narikbayev University, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана халықаралық университеті, Astana IT University, Ұлттық қорғаныс университеті және Ішкі істер министрлігінің Академиясы сияқты жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.
Соңғы он жылда Академияның жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша құқық қорғау органдарының 534 қызметкері білім алды. Оның ішінде 459-ы магистратураны, 75-і докторантураны тәмамдады.
Академияның басты ерекшелігі – әртүрлі ведомстволардың өкілдері бір аудиторияда білім алады. Бұл құқық қорғау қызметіндегі түрлі тәжірибелерді біріктіріп, Заң және Тәртіпті қамтамасыз етуге негізделген бірыңғай кәсіби ынтымақтастық мәдениеті мен ортақ экожүйені қалыптастырады.
Салтанатты рәсімді аша отырып, Бас Прокурор бүгінгі түлектер ел дамуының тарихи кезеңінде білім алып шыққанын атап өтті.
Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғаудың сапалық жаңа деңгейін бекітіп, алғаш рет адам капиталын дамыту, ғылым, білім беру, азаматтардың цифрлық құқықтары, сондай-ақ прогресстің, инновациялардың және білім құндылықтарын жауапты отансүйгіштіктің конституциялық негізі ретінде айқындады.
Берік Асыловтың айтуынша, дәл осы өзгерістер құқық қорғау жүйесінің одан әрі эволюциясының бағытын айқындайды.
«Бүгінде Академия ғылымды, білімді, IT-технологияларды және практиканы біріктіретін құқық қорғау жүйесінің интеллектуалдық әрі технологиялық өзегіне айналуда. Біз цифрлық ортада тиімді жұмыс істейтін, қатерлерді жаппай сипат алмай тұрып алдын ала болжай алатын жаңа буын мамандарын даярлап жатырмыз.
XXI ғасырда қылмысқа жылдам әрекет ететін емес, оны алдын ала болжай алатын ғана жеңіске жетеді. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің болашағы бүгіннен – ғылыми зертханаларда, Академия аудиторияларында және жаңа технологияларды әзірлеу орталықтарында басталады», – деді Берік Асылов.
Бас Прокурор цифрландыруды дамыту елдің жаңа конституциялық моделіне және Мемлекет басшысының азаматтарға мінсіз қызмет етуге, Заң үстемдігін қамтамасыз етуге әрі технологиялық тұрғыдан егемен, икемді Қазақстан құру жөніндегі стратегиялық бағытына толық сәйкес келетінін атап өтті.
Президенттің білім беру мен ғылыми зерттеулердің сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Академия цифрлық криминалистика, киберқылмыстарды тергеу, электрондық дәлелдемелерді, ашық дереккөздерді талдау және құқық қорғау қызметінде жасанды интеллектіні қолдану салаларында мамандар даярлаудың кешенді экожүйесін қалыптастыруда.
Осы мақсатта Цифрлық технологиялар және киберқылмысқа қарсы іс-қимыл институты құрылып, онда цифрлық криминалистика мен киберқылмыстарды, оның ішінде криптоактивтерді пайдалана отырып жасалған қылмыстарды тергеуге арналған бірегей білім беру бағдарламалары әзірленді.
Тағы бір стратегиялық бағыт – құқық қорғау жүйесінің бірыңғай ғылыми кеңістігін қалыптастыру. Бүгінгі таңда Академияның бастамасымен 60-тан астам ведомствоаралық ғылыми зерттеу жүргізілді.
Келесі кезеңде Ғылыми-әдістемелік кеңес азаматтық жоғары оқу орындарының қатысуымен Ведомствоаралық кеңес болып қайта құрылады.
Бұл формат құқық қорғау жүйесін дамытудың бірыңғай шешімдерін әзірлеу үшін ғылыми әлеуетті, практикалық тәжірибені және заманауи білім беру тәсілдерін біріктіруге мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта Академия зерттеу университеті мәртебесін алуды, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуді, қос диплом бағдарламалары мен академиялық ұтқырлықты дамытуды жоспарлап отыр.
Рәсімге қатысушыларға Киберполигонның, Форсайт-орталықтың, Innovation Lab және Ғылыми превенция мен ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығының жұмысы таныстырылды.
Пилоттық режимде жұмыс істейтін Форсайт-орталық дипфейк технологияларын пайдалану арқылы жасалатын алаяқтыққа қарсы іс-қимыл, ұшқышсыз жүйелерді дамыту және көлеңкелі цифрлық нарықтар мәселелері бойынша терең талдамалық зерттеулер әзірледі.
Innovation Lab зертханасы аясында тәжірибеде қолданылып жатқан 14 қолданбалы өнім (әдістемелік ұсынымдар мен алгоритмдер) әзірленді. Бұл тәжірибе өңірлік ProLab зертханаларының желісі және аумақтық прокуратуралардағы оқу-практикалық кабинеттер арқылы кеңейтілуде.
Академия пайдалы модельдерге 20-ға жуық патент алды. Әзірлемелер қатарында ұшқышсыз ұшу аппараттарының прототиптері, тергеу әрекеттерін жүргізуге арналған мамандандырылған техникалық құралдар, сондай-ақ іздестіру іс-шаралары мен криминалистикалық зерттеулерде қолданылатын металл заттарды анықтауға арналған ұшқышсыз суасты дроны бар.
Сапар қорытындысын шығара отырып, Берік Асылов қазіргі заманғы мемлекеттің қауіпсіздігін ғылымсыз, технологиясыз және жасанды интеллектісіз қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Салтанатты кездесу прокуратура органдарының әр буын өкілдерін біріктіріп, «Заң мен Тәртіп» идеологиясын одан әрі ілгерілету, заңдылықты нығайту, жастарға патриоттық тәрбие беру және ұрпақтар сабақтастығын сақтау мәселелерін талқылауға арналды.
Іс-шараны ашқан Бас Прокурор Берік Асылов прокуратура органдары Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жөніндегі бағытын дәйекті түрде іске асырып келе жатқанын атап өтті. Бұл бағытта заң үстемдігі, азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық диалогты дамыту және «Заң мен Тәртіп» қағидаты мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарлары болып табылады.
Ол бұл құндылықтардың жаңа Конституцияда бекітілгенін және Президент оларды мемлекеттің орнықты дамуы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтудың негізі ретінде айқындағанын айтты.
Кездесуде Мемлекет басшысының прокуратура органдарының алдына қойған стратегиялық міндеттердің іске асырылуына ерекше назар аударылды.
Бүгінде мемлекетке заңсыз шығарылған 1,3 триллион теңге көлеміндегі активтер қайтарылды. Осы қаражат есебінен 350 әлеуметтік нысанның құрылысы аяқталды. Оның ішінде 179 сумен жабдықтау нысаны, 159 денсаулық сақтау мекемесі, 6 білім беру нысаны, 3 спорт нысаны, 2 инженерлік инфрақұрылымның нысаны және 1 көлік инфрақұрылымының нысаны бар.
«Қазынаға қайтарылған әрбір теңге – нақты адамдар сезінетін әділдіктің қалпына келуі. Бұл – жаңа мектептерде білім алып жатқан балалар, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда өмір сүріп жатқан отбасылар», – деп атап өтті Берік Асылов.
Сонымен қатар прокурорлар жаңа өндірістерді іске қосуға, жұмыс орындарын ашуға және экономикалық өсудің жаңа нүктелерін қалыптастыруға бағытталған 3 мыңнан астам инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Тек биылдың өзінде олардың үйлестіруімен 42 жаңа өндіріс іске қосылып, шамамен 3 мың жұмыс орны құрылды.
Құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесіне тоқталған қадағалау органының басшысы прокуратура органдары ардагерлерінің жас ұрпақты тәрбиелеудегі және «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілетудегі маңызды рөлін атап өтті.
Прокуратураның бастамасымен және Мемлекет басшысының қолдауымен мектептер мен колледждерде «Заң мен Тәртіп» пәні енгізілді. Талғар ауданындағы бірқатар орта білім беру ұйымдарында прокуратура мен полиция ардагерлерінің қатысуымен 8 мыңнан астам оқушыны қамтыған пилоттық жоба жасөспірімдер қылмысының (7-ден 0-ге дейін) және әкімшілік құқық бұзушылықтардың (135-тен 89-ға дейін) төмендегенін көрсетті.
Бүгінде республика бойынша құқық қорғау және арнаулы органдардың 317 ардагері жастармен кездесулер мен дәрістер өткізіп, аталған қағидатты, сондай-ақ «Адал азамат» пен «Таза Қазақстан» бастамаларын түсіндіріп, Конституцияға, заңға және патриоттық құндылықтарға құрметті қалыптастыруға үлес қосуда.
Берік Асылов Мемлекет басшысының: отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік қана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілік пен өз еліңе пайдалы болуға ұмтылыс деген сөзін еске салды.
Бас Прокурор ардагерлерге арнап сөйлеген сөзінде оларды тәлімгерлік пен құқықтық ағарту жұмыстарына, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту ісіне белсенді қатысуды жалғастыруға шақырды. Сондай-ақ Бас прокуратура жанынан заңдылықты нығайту және жас ұрпақты тәрбиелеу мәселелерін тұрақты түрде талқылайтын алаң құруды ұсынды.
Кездесуді қорытындылай келе, Берік Асылов ардагерлерді 13 шілдеде аталып өткен Прокуратура органдары ардагерлері күнімен құттықтады. Бұл күнді прокуратура органдарының құрметті демалысқа шыққан бұрынғы қызметкерлерінің мерекесі ретінде ардагерлер қауымдастығы айқындаған. Заңға адал әрі мінсіз қызметі және еліміздің құқықтық жүйесін дамытуға қосқан өлшеусіз үлесі үшін ардагерлерге алғысын білдірді.
Салтанатты жағдайда оларға Бас Прокурордың ведомстволық наградалары, сондай-ақ Прокуратура органдары ардагерлері қоғамдық бірлестіктерінің республикалық одағының медальдары табыс етілді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Алматы қаласының тұрғыны басқа тұлғамен бірге жәбірленушінің ақша қаражатын жасырын жымқырған.
Сот қаулысымен ол ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, жәбірленушімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылған.
Сот шешімінің заңдылығын тексеру барысында заңның дұрыс қолданылмағаны анықталды. Сот оның бұған дейін де дәл осындай негіздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылу құқығын пайдаланғанын ескермеген. Мұндай шараны қайта қолдану жазаның бұлтартпастығы қағидатына және заң талаптарына қайшы келеді.
Прокурордың кассациялық наразылығымен сот қаулысының күші жойылып, қылмыстық іс сол сотқа өзге құрамда жаңадан қарауға жіберілді.
Тараптардың татуласуы институты мемлекеттің ізгілік қағидатының көрінісі болып табылады. Ол келтірілген зиян өтеліп, жәбірленуші кінәлі адамды кешіріп және жанжал толық реттелгенде белгілі бір жағдайларда адамды қылмыстық жауаптылықтан босатуға мүмкіндік береді. Алайда бұл механизм жауаптылықтан жалтару тәсілі ретінде бірнеше рет пайдаланылуы мүмкін дегенді білдірмейді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас прокуратурада Бас Прокурордың орынбасары Асхат Жұмағалидың төрағалығымен Заң мен Тәртіп конституциялық қағидатын іске асыру, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың профилактикасы саласындағы Президенттің жекелеген тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша кеңес өтті.
Іс-шараға Бас прокуратураның, Құқық қорғау органдары академиясының, ҚСжАЕК-тің, ішкі істер, төтенше жағдайлар, мәдениет және ақпарат, туризм және спорт министрліктерінің, Қаржылық мониторинг агенттігінің, әкімдіктер мен прокуратуралардың басшылары мен қызметкерлері, оның ішінде аудандық буын өкілдері қатысты.
Талқылау барысында А.Жұмағали Мемлекет басшысының қоғамдық және жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі шарты ретінде қоғамда Заң мен Тәртіпті нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде уәкілетті органдар бірлескен кешенді шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.
«Жалпы, оң өзгерістерді байқап отырмыз: Заң мен Тәртіп тек мемлекеттік міндет қана емес, қоғамдық сұранысқа айналуда. Азаматтардың құқықтық санасы артып келеді. Қылмыс жасау тиімсіз әрі қоғам тарапынан айыпталатын орта қалыптасуда», – деп атап өтті Бас Прокурордың орынбасары.
Жыл басынан бері елдегі қылмыстық құқық бұзушылықтар 12%-ға төмендеді. Оның ішінде аса қауіпті қылмыс түрлері – адам өлтіру 9%-ға, қарақшылық 35%-ға, тонау 21%-ға, қорқытып алушылық 20%-ға, бұзақылық 12%-ға, сондай-ақ көшелердегі қылмыстық құқық бұзушылықтар 19%-ға және қоғамдық орындардағы қылмыстар 20%-ға азайды.
Бас Прокурордың орынбасары Заң мен Тәртіп идеологиясын қоғамда ілгерілету жөніндегі 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамаға егжей-тегжейлі тоқталып, оны іске асырудың үш бағдарын белгіледі. Олар – азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыру, мемлекеттік органдардың ашықтығы мен клиентке бағдарлануы арқылы қауіпсіз ортаны құру, сондай-ақ қоғамды белсенді түрде тарту.
Сондай-ақ мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары – «Адал Азамат», «Таза Қазақстан» және «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдарына негізделген заңға бағынатын мінез-құлықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, мемлекеттік органдардың ашықтығына, қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге, азаматтық қоғаммен әріптестік орнатуға және азаматтық белсенділікті ынталандыруға байланысты Тұжырымдаманың негізгі бағыттары айтылды.
Профилактика субъектілерінің қызметін үйлестіру және болжамдық талдауды пайдалану жөніндегі шаралар туралы ІІМ Профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы мен ҚСжАЕК Төрағасының орынбасары баяндады.
Астана қаласы мен Алматы облысының прокурорлары Мемлекет басшысының Астана және Қонаев қалаларында өткен көшпелі кеңестерде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, профилактиканы күшейту және жауапкершіліктің бұлтартпастығы мәселелері бойынша берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берді.
Кеңесті қорытындылай келе, А.Жұмағали өңір прокурорларына құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде, оның ішінде туристік аймақтар мен халық жаппай демалатын орындарда уәкілетті органдардың тиімді үйлестірілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
«Заң мен Тәртіп қағидатын іске асыру – қызметіміздің басым бағыты. Бұл қоғам өмірінің барлық салаларында заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімі туралы», – деп атап өтті ол.
Бас прокуратурасының баспасөз қызметі
ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТТАР!
Мемлекет басшысының Жарлығына (01.07.2026ж. №1338) сәйкес 2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы тағайындалды.
Оны дайындау мен өткізу тәртібі Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен егжей-тегжейлі регламенттелген.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен (01.07.2026ж. №26/41) аталған сайлауды Дайындау мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспары бекітілді.
Көрсетілген Күнтізбелік жоспарға сай 2026 жылғы 2 және 23 шілде аралығында партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңдері өтеді, ал 2026 жылғы 23 шілдеде, сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгiт басталады.
Ол 2026 жылғы 22 тамыз, сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Осыған байланысты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 2-тармағына сай партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдындағы үгiт жүргізуге жол берілмейді.
Осы талапты бұзу Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 102-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 9-тармағына сәйкес сайлау алдындағы жөнсiз үгіттi жүргiзуге тыйым салынады.
Мұндай үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауарлар, бағалы қағаздар беру, қызметтер көрсету, лотереялар, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады.
Жөнсіз жүргізілген үгіт үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 122-бабының 2-бөлігіне сәйкес жауаптылық көзделген.
Егер параға сатып алумен ұласқан құқық бұзушылық белгілері болған жағдайда, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық жауаптылық туындайды.
Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға ойын-сауық және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруды қоспағанда, қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынатынын атап өткен маңызды.
Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 27-бабының 7 және 7-1-тармақтарына сәйкес бұқаралық ақпарат құралдары, сол сияқты онлайн-платформаларды пайдаланушылар кандидаттың немесе саяси партияның ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін үгіт материалдары мен өзге де ақпаратты жариялаудан бас тартуға міндетті.
Кандидаттар, саяси партиялар туралы көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе сайлау нәтижесіне ықпал ету мақсатында олардың ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін өзге де әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 104-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделген.
Сонымен қатар жала жабу, яғни басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқаны үшін де Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-3-бабына сәйкес жаза көзделген.
Сонымен бірге жалған ақпаратты, құқыққа қайшы контентті орналастыру, тарату Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
Бұған қоса қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат тарату да Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеледі.
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 28-бабының 9-тармағында көзделген қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу және оның нәтижелерін жариялау тәртібіне ерекше назарларыңызды аудартамыз.
Нақты айтқанда, осы заң нормасына сай бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде, сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар және бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.
Сайлау күнi дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады.
Бұл ретте қоғамдық пікірге сауал салуды жеке тұлғалардың жүргізуіне және олардың нәтижелерін жариялауына мүлдем жол берілмейді.
Осы талаптарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 120-бабына сәйкес жауаптылық көзделген.
Мазмұндалғанды ескере отырып, Бас прокуратура заңдылық пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында сайлау процесіне қатысушылардың барлығын қолданыстағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауға және құқыққа қайшы әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Қазақстан Республикасы
Бас Прокурорының
орынбасары
Е. Өтегенов