Бас прокуратурада прокуратура органдарының қызметкерлері мен жұмыскерлері арасында ұлттық ойындар бойынша республикалық чемпионат өтті.
Бас Прокурор Б. Асылов чемпионатқа қатысушыларды жеке өзі қарсы алып, жарыстарда сәттілік тіледі.
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай Бас прокуратурамен ұйымдастырылды.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімін Бас Прокурордың орынбасары Ғ. Қойгелдиев жүргізді. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығының маңыздылығын атап өтіп, оның қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесін ерекше айтты, сондай-ақ қатысушыларды Алғыс айту күнімен құттықтап, жарыста сәттілік тіледі.
Чемпионаттың негізгі мақсаттары – ұлттық спорт түрлерін жаңғырту және насихаттау, ұжымдық рухты нығайту және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Жарыс аясында қатысушылар мергендік, логика және ептілік бойынша «Асық ату» (ерлер), «Бес асық» (әйелдер), «Тоғыз құмалақ» және «Ләңгі тебуден» бақ сынасты.
Жалпыкомандалық есепте 1-орынды Ұлытау облысының прокуратурасы, 2-орынды Қарағанды облысының прокуратурасы, ал 3-орынды Алматы облысының прокуратурасы иеленді.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар кубоктармен және медальдармен марапатталды, ал ерекше көзге түскен қатысушыларға Бас Прокурордың атынан құрмет грамоталары табысталды. Марапаттау рәсімі чемпионаттың жабылу салтанатында өтті.
Чемпионат жоғары спорттық рух пен жеңіске деген ұмтылысты көрсетті және ұжымдарды біріктіруге бағытталған жарқын іс-шара болды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
2025 жылғы 28 ақпанда Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында «Конкурстық негізде орналасатын басшы лауазымдарының тізбесін және Қазақстан Республикасы прокуратура органдары жүйесінің жоғары тұрған басшы лауазымдарына конкурс өткізу қағидаларын бекіту туралы» «Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2018 жылғы 25 қыркүйектегі №118 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бұйрығының жобасы (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15468484) (бұдан әрі – бұйрық жобасы) орналастырылды.
Бұйрық жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы № 156-VIII Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін әзірленді.
Бұйрық жобасы бойынша прокуратура органдары жүйесінде конкурс негізінде ауыстырылатын басшылық лауазымдар тізбесіне Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын және (немесе) онымен келісілетін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен келісу арқылы тағайындалатын және босатылатын лауазымдарды қоспағанда, барлық басшы лауазымдар кіреді.
Конкурс кезеңі ретінде қосымша полиграфологиялық зерттеу енгізілді. Сонымен конкурстық іріктеу кандидаттарды прокуратура органдары қызметкерлері лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін және бәсекеге қабілеттілік көрсеткішін (цифрлық рейтингін) қарау арқылы жүзеге асырылатын болады.
Бұйрық жобасы қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.
Бұйрық жобасын жария талқылау 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
2025 жылғы 18 ақпанда Ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында «Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының ротацияға жататын басшылық лауазымдарының тізбесін және оларды ауыстыруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының жобасы (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15449836) (бұдан әрі - Жарлық жобасы) орналастырылды.
Жарлық жобасы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 10 қаңтардағы № 156-VIII Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру үшін әзірленді (бұдан әрі – Заң).
Жарлық жобасында ротацияға жататын құқық қорғау органдары мен азаматтық қорғау органдарының басшылық лауазымдарының тізбесі, сондай-ақ олардың ауыстыру тәртібі, оның ішінде ротация жүргізу жұмыстарын ұйымдастыру, оның мақсаттары, ротация жоспарын құру және т.б. қарастырылған.
Жарлық жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға алып келмейді және мемлекеттік бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етпейді.
Жарлық жобасын жария талқылау 10 жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы ірі мөлшерде гашиш есірткі құралы мен мефедрон психотроптық затының контрабандасы үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Тәжікстан азаматын Ресей Федерациясынан экстрадициялады.
2022 жылдың тамыз айында күдікті Қостанай облысындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы тыйым салынған заттарды тасымалдамақ болған кезде шекара қызметкерлері ұстаған.
Күдіктінің жеке басын ескере отырып, тергеу органы оған қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес бұлтартпау шарасын таңдаған.
Алайда ол бұл жағдайды пайдаланып, белгіленген жауаптылықтан құтылу үшін тергеуден жасырынып, осыған байланысты оған халықаралық іздеуге жарияланды.
2024 жылдың мамыр айында күдікті Екатеринбург қаласында ұсталып, содан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі таңда күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында құқық қорғау органдарына азаматтардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.
Президенттің тапсырмаларын орындау үшін, сондай-ақ «Заң және Тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдары қылмысқа қарсы күресте жасанды интеллект (ЖИ) және цифрлық шешімдерді қолдануға негізделген бірқатар тиімді жобаларды іске асыруда.
Мәселен, Астана қаласының прокуратурасы есірткі қылмысына қарсы күрестің бірнеше инновациялық әдістерін әзірлеп, оны қолданысқа енгізді.
Ағынды сулардан есірткіні анықтау. Кәріз ағынынан алынған сынамаларды талдау елорданың өнеркәсіптік аймағында есірткі өндіретін жасырын зертхананы анықтауға мүмкіндік берді. Тінту нәтижесінде 27 кг-нан астам «мефедрон» психоактивті заты және бір тонна түрлі прекурсорлар тәркіленген.
Ауа ағындары бойынша есірткі зертханаларын анықтау. GCMS-TQ8040 NX масс-спектрометрі бар газ хроматографының көмегімен бұрын есірткі зертханалары орналасқан үй-жайларда ауа бөлшектерін өлшеу жүргізілді. Ауаға жүргізілген талдау онда есірткі өндірісінде қолданылатын химиялық заттардың болуын анықтады.
Прокуратура қазіргі заманғы технологияларды қолдана отырып, алаяқтыққа және киберқылмысқа қарсы белсенді күрес жүргізуде.
«WhatsApp» қосымшасында телефон нөмірінің алаяққа тиесілігін тексеруге мүмкіндік беретін арнайы «Алаяқтыққа қарсы» боты әзірленді. Бот екі деректер базасымен жұмыс істейді: «NumBuster» және СДТБТ деректер базасы.
Алматы қаласының прокуратурасы, «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» ұялы байланыс операторы және «Киберпол» полиция бөлімшесі арасында SIP-қоңырауларды бұғаттау және «SIM-бокс» машиналарын анықтау үшін Меморандум жасалған.
«WhatsApp» қосымшасында чат құрылған, оған кезекші прокурорлар мен «Қазақтелеком» АҚ-ның қызметкерлері енген. «Антифрод» жүйесінің көмегімен интернет-алаяқтардың 600 мыңнан астам қоңырауы бұғатталған, 5 мекенжай анықталып, 10 «SIM-бокс» - машина және 1200-ден астам SIM-карта тәркіленген.
Прокуратура құқық бұзушылықтың профилактикасына және жастармен жұмыс істеуге көп көңіл бөлуде.
Алматы қаласында жастармен жұмыс істеуге баса назар аудара отырып, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға бағытталған «Жастармен» жобасы іске асырылуда. Студенттер полиция қызметкерлерімен бірлесіп, рейдтік іс-шаралар жүргізеді, құқық бұзушылықтарды анықтайды және оларды полицияға шара қолдану үшін жібереді.
Шымкент қаласында «Заң үйірмесі» жобасы басталған. Оның басты міндеті жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайту болып табылады. Девиантты мінез-құлқы бар жасөспірімдерге сабақтан тыс іс-шаралар ұйымдастырылған, кәмелетке толмағандарға психологиялық қолдау көрсетілуде.
Сотталғандарды оңалту және балалар суицидінің алдын алу.
«Оңалтуға апарар жол» жобасының шеңберінде Алматы облысында сотталғандарды қоғамға тиімді қайта бейімдеу үшін оларды жұмысқа орналастыру туралы кәсіпкерлермен меморандум жасалған.
TELE2 ұялы байланыс операторымен бірлесіп, интернетте теріс мазмұннан қорғауды, баланың орналасқан жерін анықтауды, оның айналасында болып жатқан оқиғаларды тыңдауды және басқа да функцияларды көздейтін «СИМ КИДС» сим-картасы әзірленуде.
Басқа да тиімді жобалар.
Шымкент қаласында Жасанды интеллект элементтері бар «BAIQA SYSTEM» бейнебақылау жүйесі енгізілген, ол автоматты режимде ҚАЖД-ның №53 мекемесіндегі бұзушылықтарды тәулік бойы бақылап, қызметкерлерге хабарлайды.
Шығыс Қазақстан облысында ағымдағы жылдың басынан бастап пилоттық режимде «Есірткіні тоқтат!» жобасы іске қосылған, онда есірткі құқық бұзушылықтары туралы шынайы ақпарат берген азаматтарға ақшалай сыйақы төлеу көзделген. Төлемдер жергілікті кәсіпкерлердің ерікті жарналарынан жүргізіледі.
Қызылорда облысында «Қылмыссыз ауыл - кемел келешек кепілі» жобасы шеңберінде өңір аудандарында алкоголь өнімдерін сататын кәсіпкерлермен алкоголь сатуды шектеу туралы меморандум жасалған.
Қарағанды және Алматы облыстарында түсірілген «Закладка», «Они психологи» және «Детство за стеной» деректі фильмдері жастар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасына өзіндік маңызды үлес қосты.
Прокуратура қылмысқа қарсы күресте, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде және құқық бұзушылықтың профилактикасында инновациялық технологияларды белсенді қолдануда.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Беларусь Республикасының Тергеу комитеті делегациясымен кездесу өткізді.
Әңгімелесу барысында тараптар қылмыскерлікпен күрес және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.
Қазақстандық қадағалау ведомствосының басшысы екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы қылмыскерлікке қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың және заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық тараптың сындарлы және жедел ынтымақтастықты дамытуға қызығушылығын білдірді.
Өз кезегінде, Беларусь делегациясының басшысы қылмыстық-құқықтық саладағы өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар, тараптар өзекті қылмыс түрлерімен, оның ішінде интернет-алаяқтықпен күресу мәселелері бойынша пікір алмасып, нәтижесі бойынша аталған қылмыс түрінің екі мемлекеттің аумағында дәлі сол бір тұлғалармен бірнеше рет жасалу фактілері анықталуына байланысты Қазақстан мен Беларусь құқық қорғау органдарының өкілдерінен тұратын халықаралық тергеу-жедел тобын құрды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қол жеткізілген ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалап, оны одан әрі дамыту бойынша нақты қадамдарды белгіледі.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
2024 жылы Жоғарғы Сот Бас Прокурордың наразылықтары бойынша 50 сот актісін қайта қарап, оның 38-де мемлекет пайдасына 12,3 миллиард теңгеге қатысты. Қаралған істер негізінен мемлекеттік сатып алулар, салықтық даулар және басқа да мәселелерге қатысты болды.
Мысалы, «СК» ЖШС мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттар негізінде Талғар қаласында екі тұрғын үй кешенін салуға міндеттенді. Алайда, құрылыс белгіленген мерзімде аяқталмаған.
2024 жылғы 8 қазанда Жоғарғы Сот Бас Прокурордың наразылығымен келісіп, үйлердің салынбауына мердігер кінәлі деп таныды. Осыған байланысты сот «СК» ЖШС-ін айыппұл төлеуге міндеттеп, келісімшартты ұзартудан бас тартты.
Тағы бір жағдайда, Бас Прокурордың наразылығы негізінде Жоғарғы Сот Қорғаныс министрлігінің Әскери институтына «А.Э.С» ЖШС-нен оқытуға жарамсыз жаттықтырғышты қабылдауды және 1,1 миллиард теңге төлеуді міндеттеуді негіссіз деп таныды.
Азаматтар мен кәсіпкерлердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокуратура органдарының басым бағыттарының бірі болып табылады.
Өткен жылы азаматтар мен бизнес субъектілерінің мүддесі үшін 12 наразылық қанағаттандырылды. Бұл олардың сот актілерін өз бетінше шағымдану мүмкіндігі таусылған жағдайларда қабылданды.
Мысалы, Қарағанды облыстық перинаталдық орталығында ота жасау кезінде азаматша М-ның ішкі органы зақымданып, нәтижесінде ол әдеттегі өмір салтын өзгертуге және жұмысын ауыстыруға мәжбүр болған. Аурухананың кінәсі дәлелденгендіктен, Жоғарғы Сот Бас Прокурордың наразылығын қанағаттандырып, М-ның пайдасына материалдық залал ретінде 33 814 теңге және моральдық өтемақы ретінде 3 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.
Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргізілуі мүмкін.
Қазақстан Конституциясының 26-бабының 3-тармағына сәйкес мемлекет мұқтажы үшін мүліктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде ғана жүргізілуі мүмкін.
Алайда, бұл талаптар сақталмай, Ж. отбасының мүлкін алу кезінде сарапшы кейбір құрылыстарды есептемеген, соның салдарынан олардың құны өтелмеген.
Бас прокуратураның наразылығынан кейін Жоғарғы Сотта бұл іс қайта қаралып, Ж-ның отбасына төленетін өтемақы көлемі 48 миллион теңгеден 78,2 миллион теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар, Бас Прокурор бизнеске қолдау көрсету мақсатында «К.А.С» ЖШС-нің мүддесі үшін наразылық білдірді. Бұл компания Алматы қаласының Құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша балабақша салған.
Алайда, нысанды қабылдау мен пайдалануға беру тапсырыс берушінің кінәсінен кешіктірілгеніне қарамастан, тапсырыс беруші мердігерді мемлекеттік сатып алуларға қатысуға жарамсыз деп танытуға және оған айыппұл салуға қол жеткізген.
Жоғарғы Сот бұл шешіммен келіспей, тапсырыс берушінің талабын қанағаттандырудан бас тартты және Бас Прокурордың наразылығын қанағаттандырды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
«Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру және қолданыстағы заңнаманың орындалуын қамтамасыз ету аясында Бас прокуратура алимент бойынша қарызды өндіріп алу жұмысының қорытындыларын шығарды.
Қадағалау органының басшысы Берік Асылов атап өтті: «ЮНИСЕФ-тің отбасы-неке саласындағы зерттеулеріне сәйкес, алименттің төленбеуі баланың өмір сүру сапасының нашарлауына, оның даму мүмкіндіктерінің шектелуіне, сондай-ақ отбасындағы психологиялық шиеленістің артуына әкеледі. Әкесінің қолдауынсыз қалған балалар өздерін тастанды немесе бағаланбаған болып сезінеді, бұл олардың эмоционалдық жағдайына әсер етеді. Баладан ұрланған әрбір теңге – оның білім, денсаулық және жарқын болашаққа деген мүмкіндігін ұрлау деген сөз. Алимент – бұл тек заңды міндет емес, сонымен қатар өз балаңның алдындағы жауапкершілік екенін ұмытпау маңызды».
Алайда барлық әкелер өз балаларын қолдап, көмегін тигізе қоймайды. Қазіргі таңда 28 млрд теңге көлемінде қарыз жинақталған. Борышкерлер сот шешімдерін орындаудан жалтарып, мүліктері мен табыстарын жасыруда.
Заңнамаға сәйкес, борышкерлерге бірқатар шектеу шаралары қолданылады: шетелге шығуға уақытша тыйым салу, лицензиялар, рұқсаттар мен арнайы құқықтарды беруге уақытша тыйым салу, сондай-ақ бұрын берілген рұқсаттар мен арнайы құқықтардың (мысалы, көлік жүргізуші құқығы, атыс қаруын иелену және алып жүру рұқсаты) жүзеге асыруын тоқтата тұру. Сонымен қатар, мүлік пен банктік шоттарға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, прокуратура органдары борышкерлерді іздеу үшін өткен жылдан бастап IT-технологияларды белсенді қолдануда. Әзірленген Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының «Бірыңғай қауіпсіздік ақпараттық ресурстарының кешені» («КИРЕБ») мемлекеттік органдардың дерекқорлары мен «Сергек» камераларымен біріктірілді.
Осы жүйе іске қосылған сәттен бастап (2024 жылдың қыркүйегінен бастап) 176 алимент төлеуден жалтарған борышкердің орналасқан жері анықталып, олар ұсталды.
Осы жұмыстың нәтижесінде прокуратура органдарымен өткен жылы балалардың пайдасына 4,6 млрд теңге қарыз өтелді.
Сонымен қатар, Бас прокуратура қазіргі заман талабына бейімделген борышкерлердің мүліктік жағдайын тексерудің жаңа алгоритмін әзірледі. Жол полициясы және салық органдарымен бірлесіп автожолдарда рейдтер жүргізілуде.
Мысалы, Ақтөбе қаласының прокуратурасы атқарушылық iс жүргiзулер бойынша борышкерлердің автокөлік құралдарын анықтау, соның ішінде «Автоураган», «Архан», «Мираж» және «Кибер» арнайы жүйелерінің көмегімен мемлекет пайдасына әкімшілік айыппұлдарды, салықтарды, алименттерді және жалақы бойынша қарыздарды өндіру мақсатында, Мемлекеттік кірістер департаменті, Полиция департаменті, жеке және мемлекеттік сот орындаушыларымен бірлесіп, рейдттік іс-шаралар өткізді.
(https://www.instagram.com/reel/C8qql44oq3L/?igsh=OThqaWZib250a2Q%3D)
Іс-шара барысында 250 борышкер автокөлігі анықталып, мемлекет пайдасына 95 млн теңге өндірілді, сондай-ақ 35 автокөлік айып тұрағына қойылды.
Осындай жұмыстар Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында және басқа өңірлерде де жүргізілді.
(https://www.instagram.com/reel/C9wde3ytfJy/?igsh=MTRsdWY5emt0d3MyZA%3D%3D https://www.instagram.com/reel/C7RSpWFondb/?igsh=QkFZNlZIRDBZeA%3D%3D).
6 мың кіріс жасыру және төлемнен жалтару фактісі анықталды. Борышкерлер ақшаларын казино мен букмекерлік кеңселерде жұмсап, бизнес пен такси, жеткізу қызметтерінен түскен табыстарын жасырған, қаражаттарын электронды әмияндарда сақтаған, мүліктерін ломбардқа өткізіп немесе сатып жіберген, шоттарынан қолма-қол ақша шешіп алып, ресми жұмыстан жалтарған.
Түркістан облысының прокуратурасы алимент төлеу міндеттемелерін орындамаған 72 борышкердің 274 млн теңгені құмар ойындарға жұмсағанын анықтады.
Жаңа алгоритмнің жұмысы нәтижесінде бұзушылықтардың көлемі анықталған:
Сонымен қатар, балалардың мүддесі үшін қарыздарды өндіріп алу бойынша сот актілерін орындау кезеңінде жеке сот орындаушылары (ЖСО) тарапынан заң бұзушылықтар анықталды. Кейбір ЖСО борышкерлермен заңсыз әрекеттерге барып, өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған.
Мысалы, Маңғыстау облысында жеке сот орындаушы 200 мың теңге пара алып, алименттен жалтарған борышкерге шетелге шығуға тыйымды заңсыз алып тастаған. Ол үшін өндіріп алушының өтінішін қолдан жасап, борышкердің 1,6 млн теңге қарызы бола тұра, оның Өзбекстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінде демалуына мүмкіндік берген.
Бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Сотта ЖСО өз кінәсін толық мойындап, заңсыз сыйақы алғанын және өкілеттігін асыра пайдаланғанын растады.
Жалпы 2024 жылы жүргізілген прокурорлық тексерулердің нәтижесінде 10 жеке сот орындаушысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Тағы 6 тұлғаға қатысты тергеу жүріп жатыр, ал 3 қылмыстық іс сот қарауында.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізіліп, онда интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.
Жұмысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқа мүдделі адамдар қатысты.
Кеңесте өткен жылы мыңдаған қазақстандықтар кибералаяқтардан зардап шеккені айтылды.
Сенгіш азаматтарды алдау үшін заманауи IT-технологиялар мен психологиялық манипуляциялар кеңінен қолданылады.
Мәселен, телефон алаяқтары Алматы қаласында 82 жастағы зейнеткерді 67 млн теңгеге қатарынан 14 транзакция жасауға көндірген. Олар өздерін күштік органдардың қызметкерлері деп таныстырып, жәбірленушіге оның шоттары арқылы жасалған террористік шабуыл туралы хабарлаған.
Бұдан бөлек, қайтыс болған адамдарға және біздің елде ешқашан болмаған шетелдіктерге биометрия өткізбестен микроқарыздар беру фактілеріне жол берілуде, банктік шоттар ресімделіп, олар арқылы көптеген алаяқтық транзакциялар өтуде.
Мысалы, Ақтөбе облысында «Кредит 365 Казахстан» және «Авто Сыйлық» микроқаржылық ұйымдары биометриясыз 2023 жылдың шілдесінде қайтыс болған азаматқа микроқарыздар ресімдеген.
Интернет-алаяқтықтарға қарсы іс-қимыл бойынша шетелдік тәжірибені ескере отырып, Парламентте депутаттар қаржылық ұйымдардың, байланыс операторларының және өздерінің банктік карталарын ұсыну арқылы алаяқтарға қызмет көрсететін «дроптар» деп аталатын адамдардың жауапкершілігін күшейту туралы түзетулерге бастамашылық жасады.
Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша өткен жылдың желтоқсан айынан бастап өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны және міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан азаматтардың алаяқтар айласына түсуіне әкеп соққан микроқаржылық ұйымдар мен байланыс операторларына қатысты 71 қылмыстық іс басталды. Ұсталған адамдар бар.
Атап айтқанда, Батыс Қазақстан облысында елімізге ешқашан келмеген Украина азаматына шот ашқан екінші деңгейдегі банкінің 2 қызметкеріне қатысты қылмыстық іс тергелуде. Осы тұлғаның шотына жәбірленушілер өздерінің жинаған қаражаттарын аударып отырған (залал 1 миллион теңге).
Қазіргі уақытта банк қызметкерлері өкілеттіктерін теріс пайдаланды деп күдікті болып танылды (ҚК-нің 250-бабы).
Билайн, Теле-2 ұялы байланыс операторларының қызметкерлері мен олардың дистрибьютерлеріне қатысты ҚК-нің 211 және 254-баптары бойынша 4 іс қозғалды: БҚО-2, Қарағанды мен Алматыда біреуден.
Олар алаяқтарға азаматтарды алдау үшін пайдаланылған мыңдаған сим-карталарды тіркеуге көмектескен.
2024 жылы жалған банк қызметкерлерінен, құқық қорғау және басқа органдардың қызметкерлерінен, байланыс операторлары мен жақын туыстардан келіп түскен 8 мыңнан астам қоңырау тіркелді.
Қаскүнемдердің көп жағдайда шет мемлекеттерден әрекет етуіне байланысты халықаралық ынтымақтастық күшейтілді.
Шетелдік әріптестердің қолдауымен Қазақстаннан тыс жерде біздің елдің азаматтарына қатысты әрекет жасаған 8 жалған колл-орталықтары жойылды.
Басқа да іс-шаралардық кешені қабылдануда.
Ұлттық Банктің жанында алаяқтық транзакцияларды бұғаттауға арналған Антифрод-орталығы іске қосылды. Ол жұмыс атқарған жарты жыл ішінде күдікті операциялар бойынша 1,5 млрд тенге бұғатталды.
Прокуратураның бастамасы бойынша әкімдіктердің қолдауымен киберқылмыскерлерді анықтауға мүмкіндік беретін заманауи бағдарламалық кешендер алынды.
Бұл 2024 жылы 59 алаяқтық топты әшкерелеуге және банктік аударымдар мен жымқырылған қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру қызметін көрсеткен 128 азаматты қылмыстық жауаптылыққа тартуға септігін тигізді.
Тергеу органдары жәбірленушілерге келтірілген шығынды азаматтық сот тәртібінде «дроптардан» өндіріп алу жолын (АК-нің 953-бабы) түсіндіруге бағдарланған.
2024 жылы 800 талап арыз бойынша «дропперлерден» 1 млрд тенге өндіріп алынды.
Прокуратура жалған қоңырауларды дереу бұғаттау мақсатында киберполициямен, «Қазақтелеком» АҚ-мен және өзге байланыс операторларымен бірлесіп тиісті меморандум жасады.
Аталған жоба аясында 19 мыңнан астам алаяқтық қоңыраулар бұғатталып, интернет-алаяқтықта қолданылатын 100 «СИМ-бокс» құрылғылары анықталды, күдікті адамдар, оның ішінде шетел азаматтары ұстап алынды.
Тергеу барысында мыңнан астам жәбірленушілердің 1,5 млрд теңгеден аса несиелік берешектерін өндіріп алу уақытша тоқтатылды, сондай-ақ қаржы ұйымдары азаматтардың іс жүзінде қатысуынсыз ресімделген несиелер бойынша 100 миллион тенге көлеміндегі берешекті есептен шығарды.
Сондай-ақ, отырыста адамдарды, әсіресе жастарды басқа біреудің ақшасын жылыстату схемаларына тарту мәселелері талқыланды.
Қорытындысы бойынша бірқатар ұсынымдар әзірленді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бүгін Бас прокуратурада қылмыстық-атқару жүйесіндегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің өзекті мәселелері талқыланған Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті.
Іс-шараны аша отырып, Бас Прокурор Берік Асылов сотталғандардың құқықтарын, бостандықтарын және заңды мүдделерін құрметтеу мен қорғау – бұл Заңның тікелей талабы екенін және олардың оңалуы мен қоғамда құқықтық тәртіпті сақтаудың маңызды аспектісі екенін атап өтті.
Отырысқа Парламент депутаттары, облыс әкімдері, орталық мемлекеттік органдардың, Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің, Ұлттық ұланның бірінші басшылары, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері, сондай-ақ өңірлерде бейнеконференция байланысы арқылы аумақтық үйлестіру кеңестерінің мүшелері қатысты.
Соңғы жылдары қылмыстық-атқару жүйесінде реформалар жүргізіліп, қоғамдық бақылау кеңейтілгені атап өтілді. Колонияларда толық бейнебақылау енгізіліп (40 мың бейнекамера орнатылған), сотталғандардың тікелей өтініш беруі үшін 600 электрондық терминал қойылған.
2023 жылдан бастап сотталғандарды түзеу мекемелеріне бөлу тұжырымдамасы өзгертілді. Енді алғаш рет сотталғандар ҚАЖ-нің орташа қауіпсіздік мекемелерінде ұсталса, бұрын бас бостандығынан айыру жазасын өтегендер – ең жоғары қауіпсіздік мекемелерінде орналастырылады.
Қабылданған кешенді шаралар азаптау туралы сигналдар санын 5 есе азайтуға мүмкіндік берді.
Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жаңа ғимараттар мен жабдықтар бөлініп, тәулік бойғы кезекшілік пен телемедицина енгізілді, сондай-ақ барлық сотталғандар скринингтен өтті.
Сотталғандардың құқықтарын сақтау, білім алуға қолжетімділік, жұмысқа орналастыруды ұйымдастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қылмыстық жазаны орындау жүйесінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ қылмыстық-атқару жүйесінің алдында тұрған өзекті проблемалар мен қауіп-қатерлер туралы баяндамалар тыңдалды. Олардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне қарсы тұру, тыйым салынған заттарды тасымалдауға және заңсыз ақша айналымына жол бермеу мәселелері қаралды.
Үйлестіру кеңесінің қорытындысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған заңнамалық түзетулерді қоса алғанда, бар проблемаларды шешу жолдары айқындалды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі