
Қызылорда облысында мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен ұйымдастырылған бюджет қаражатын ұзақ жылдар бойы жымқыру схемасы әшкереленді.
Сот анықтағандай, ауылдық клубтың бухгалтері мекеме директорымен бірлесіп, қызметтік өкілеттігін пайдалану арқылы жүйелі түрде 10 жылдай бюджет қаражатын жымқырып отырған.
Қылмыстық әрекет жұмысшыларға жалақыны артық мөлшерде аударып, кейін түрлі сылтаулармен (қате есептеу, шоттың бұғатталуы және т.б.) сол қаражатты кері қайтарып алу арқылы жүзеге асырылған. Бұл ретте, қызметкерлердің көпшілігі басшылықтың заңсыз әрекеттерінен бейхабар болған.
Олар 36 млн теңге жымқырған, сол үшін сот оларға 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.
Сот бухгалтерге «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымдағы Заңның 3-бабы 3-тармағының 1-тармақшасын қолданып, жазаны 1/3 бөлігіне қысқартып, 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын белгілеген.
Алайда сот актілерінің заңдылығын тексеру барысында рақымшылық заңының дұрыс қолданылмағаны анықталды.
Осы санаттағы істер бойынша аталған Заңның 3-бабы 5-тармағының арнайы нормасы ғана қолданылуға тиіс.
Бас прокуратураның наразылығы бойынша Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот апелляциялық инстанцияның қаулысын өзгертті. Бухгалтердің жаза мөлшері 5 жыл 7 айға бас бостандығынан айыруға ұлғайтылды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (бұдан әрі – ҚСЗИ) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетімен (бұдан әрі – ҚСжАЕАЖК) бірлесіп «Құқық қорғау жүйесінің цифрлық трансформациясы және жасанды интеллект: Қазақстан Бас прокуратурасының тәжірибесі» атты талдамалық шолуды таныстырды.
Жарияланым Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің трансформациясын алғаш рет жүйелі түрде көрсетеді – есеп жүргізудің дәстүрлі цифрландыруынан бастап үлкен деректерді талдау мен жасанды интеллект технологияларына негізделген құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудің проактивті моделін енгізуге дейін.
Бұл тек процестерді цифрландыру туралы ғана емес. Қазақстан қылмыстық қауіптерді ерте анықтау мен болжауға негізделген қауіпсіздіктің мүлде жаңа архитектурасын қалыптастыруда.
Аталған шолу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының міндеттерін көрсетеді және заманауи, технологиялық мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған стратегиялық бағдар болып табылады.
Шолу жүргізіліп жатқан реформалардың ғылыми дәлелі болып, құқық бұзушылықтарға әрекет етуден оларды алдын алуға көшу парадигмасын нақты бекітеді.
Жарияланым халықаралық сарапшылық қауымдастық үшін Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде озық тәсілдерді енгізіп отырған мемлекет ретіндегі тұтас бейнесін қалыптастырады.
Сонымен қатар, құқық қорғау саласының цифрлық трансформациясының жүйелі көшбасшысы ретінде Бас прокуратураның рөлі ерекше атап өтіледі, ол талдау мен жасанды интеллектті енгізу стандарттарын айқындайды.
ҚСЗИ зерттеу қорытындысы бойынша қол жеткізілген нәтижелерді ауқымдауға бағытталған практикалық шешімдер кешені ұсынылды.
Шолу халықаралық ғылыми айналымға енгізіліп, білім беру және сараптамалық ортада пайдалануға қолжетімді.
Жарияланым халықаралық сарапшылар қауымдастығына арналған «Insights Central Asia» платформасында ағылшын тілінде орналастырылған.
Бұған дейін ағымдағы жылдың наурыз айында Бас прокуратура өзінің ресми интернет-ресурстарында Вена қаласында өткен БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 69-сессиясы аясында Қазақстан Бас прокуратурасының есірткі қылмысына қарсы цифрлық шешімдері таныстырылғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, жасанды интеллектті қолдану, құқық бұзушылықтарды цифрлық анықтау құралдары және интерактивті сервистер (чат-боттар) көрсетілді.
Ұсынылған тәсілдер шетелдік ұйымдар мен бейінді ведомстволар тарапынан практикалық қызығушылық тудырып, тәжірибе алмасуға және жекелеген шешімдерді енгізу мүмкіндіктерін талқылауға ықпал етті.
Қазақстан БҰҰ-ның Есірткі заттары жөніндегі комиссиясының 2026–2029 жылдарға арналған мүшесі ретінде осы халықаралық алаңда есірткі қылмысына қарсы жаңа бастамаларды ілгерілетуді, сондай-ақ отандық цифрлық құралдарды ауқымдауды жалғастыруға ниетті.
Сонымен қатар, 2026 жылғы 17 сәуірде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңестің отырысында ҚСжАЕАЖК-тің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы анықтаған цифрлық қатерлердің жаңа түрлері талқыланғаны туралы бұрын хабарланған болатын.
Мәселен, өткен жылы Орталық Ұлыбританияда, Жаңа Зеландияда және Таиландта алаяқтар тарапынан SMS-бластерлерді (бір мезгілде көптеген нөмірлерге жаппай SMS-хабарламалар жіберуге арналған құрылғы) пайдалану үрдісі анықталғанын хабарлаған.
Ағымдағы жылдың сәуір айында Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД елдері арасында алғаш болып осындай жабдықты анықтап, тәркіледі. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
17 сәуір күні Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңестің отырысы өтті. Онда киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мәселелері қаралды.
Отырысқа Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, бейінді министрліктердің, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өкілдері қатысты.
Отырыс барысында соңғы үш айда киберқылмыстар санының азайғаны атап өтілді.
Ағымдағы жылы мұндай құқық бұзушылықтар саны 15,1%-ға (6 216-дан 5 275-ке дейін) қысқарды.
Оң динамика мемлекеттік органдардың үйлестірілген жұмысының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қылмыстық қауіп-қатерлерге реактивті әрекет етуден проактивті әрекет етуге көшу жөніндегі тапсырмаларын іске асырудың нәтижесі болды.
Атап айтқанда, кредит беру саласындағы қауіпсіздік күшейтілді: «салқындау кезеңі» енгізілді, алғашқы қарызды ресімдеу кезінде міндетті жеке қатысу талабы белгіленді және өзге де қорғаныс тетіктері іске асырылды.
Байланыс саласында да елеулі өзгерістер енгізілді: SIM-бокстарға тыйым салынды, абоненттерді биометриялық тіркеу енгізілді, операторларға антифрод-жүйелерді қолдану және алаяқтық қоңырауларды бұғаттау міндеттелді.
Сонымен қатар, дропперлік үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы (банктік шотқа, төлем құралына немесе сәйкестендіру құралына қолжетімділікті заңсыз ұсыну, беру және алу, сондай-ақ төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын заңсыз жүзеге асыру) күшіне енген сәттен бастап 446 іс тіркелді.
Ұлттық банк жанындағы Антифрод-орталық арқылы алаяқтық операциялармен байланысты 2,8 млрд теңге бұғатталды.
Сондай-ақ цифрлық активтер саласындағы қылмыстарға қарсы күреске, оның ішінде криптовалюталарды ұрлау схемаларын әшкерелеуге, сондай-ақ виртуалды байланыс арналары арқылы жүзеге асырылатын жаппай алаяқтық қоңырауларға қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды.
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің құрылымында қылмыстық қауіптер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы құрылды.
2026 жылғы 18 сәуірден бастап Комитетке заңнамалық тұрғыда жаңа функция – мемлекеттік органдар үшін ұсынымдар әзірлеуді қоса алғанда, болжамдық-талдамалық қызмет жүктеледі.
Орталықтың талдауы көрсеткендей, алаяқтық қоңыраулардың едәуір бөлігі мессенджерлер (ең алдымен WhatsApp) арқылы жүзеге асырылады, бұл қылмыскерлер белсенділігінің дәстүрлі телекоммуникациялық инфрақұрылымнан тысқары ауысқанын білдіреді. Орталық 18 жаңа киберқауіпті анықтады, олардың ішінде шетелде орналасқан қылмыскерлердің SMS-бластерлерді (байланыс операторларын айналып өтіп жаппай хабарлама жіберуге арналған құрылғылар) пайдалануы; фишингтік таралымдар мен дипфейк технологиялары; нөмірлерді алмастыру және тіркелмеген SIM-карталарды қолдану схемалары бар.
2026 жылғы 4 сәуірде елде алғаш рет SMS-бластерді пайдалану фактісі әшкереленді, бұл құқық қорғау органдарының киберқылмыстың жаңа түрлерін жедел анықтап, жолын кесуге қабілетті екенін көрсетеді.
Отырысқа қатысушылар ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің киберқауіпсіздік саласындағы біліктілігін арттыру бойынша жүйелі жұмысты атап өтті.
Отырыс соңында Берік Асылов халық арасында киберқылмыскерлердің жаңа тәсілдері мен айлалары туралы түсіндіру жұмыстарын кеңейту, сондай-ақ қаржы ұйымдарының, байланыс операторларының және онлайн-платформалардың өздеріне заңмен жүктелген міндеттер шеңберінде клиенттері мен пайдаланушыларының құқықтары мен заңды мүдделеріне киберқатерлердің алдын алу үшін тиісті цифрлық және ұйымдастырушылық шараларды қабылдамауы немесе уақтылы қабылдамауы үшін жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Үйлестіру кеңесі мүшелерінің, киберполиция бөлімшелерінің және Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимылға қосқан үлесі ерекше атап өтілді.
«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру шеңберінде халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және киберқауіптерге қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілгені атап өтілді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің Интерпол қызметкерлері, Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында аталған елден шетелдік азамат экстрадициялады.
Тергеу барысында көрсетілген тұлға 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, компьютерлік техниканы жеткізуге жәрдем көрсету сылтауымен қазақстандық кәсіпкердің 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражатын алдау жолымен иемденгені анықталды.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Германияда ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
Қазіргі уақытта сотталушы тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясының сауда өкілі Антон Логиновпен кездесті. Кездесуге Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Бауыржан Ералы және Қазақстан Республикасындағы Ресей Федерациясы елшілігінің бірінші хатшысы Артур Закаев қатысты.
Жандос Өмірәлиев ресейлік тарапты Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің қызметі туралы хабардар етіп, инвесторларды құқықтық сүйемелдеу тетіктеріне, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысына цифрлық құралдарды енгізуге, сондай-ақ Инвестициялық омбудсменнің рөліне ерекше назар аударды.
Ресей Федерациясының сауда өкілі Антон Логинов инвесторларды қорғау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың маңыздылығын атап, инвестициялық ахуалды жақсарту мәселелері бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық білдірді.
Тараптар өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары бойынша пікір алмасып, инвесторлардың құқығын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Елде жылы кезеңнің ерте басталуына байланысты тұрғын үйлердің терезелерінен жас балалардың құлап кету жағдайлары тіркелуде.
Негізгі себеп – ересектер тарапынан тиісті бақылаудың болмауы. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда балалар қысқа уақытқа болса да қараусыз қалады, бұл қайғылы салдарға әкеледі.
Ашық терезелер мен қауіпсіздік сезімін жалған түрде қалыптастыратын москиттік торлардың болуы ерекше қауіп төндіреді. Москиттік тор баланың салмағына есептелмегенін және оны ұстап тұра алмайтынын естен шығармаған жөн.
Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына қарамастан, мұндай оқиғалар жыл сайын тіркелуде.
Мемлекет тарапынан мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған қажетті заңнамалық шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңға сәйкес (27-2-баптың 2-тармағы және 27-2-баптың 3-тармағы) құрылыс салушылар жаңа тұрғын үйлерде терезе ойықтарын құлыптармен және қауіпсіздік механизмдерімен қамтамасыз етуге міндетті.
Сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сәйкес (51-1-баптың 5-тармағының 3 тармақшасы, 51-5-баптың 2-тармағының 3 тармақшасы және 51-6-баптың 4-тармағының 2 тармақшасы) пәтер иелерінің қауіпсіз тұруын қамтамасыз ету мәселелері мүліктің меншік иелері бірлестігі, пәтерлер меншік иелерінің кооперативі және басқарудың өзге де нысандарының құзыретіне жатады.
Алайда негізгі себеп – адами фактор болып қала береді.
Осыған байланысты Бас прокуратура ата-аналардың назарын қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңыздылығына аударады:
1) жас балаларды қараусыз қалдырмау;
2) жиһазды терезе маңына қоймау;
3) терезелерге арнайы блокираторлар мен шектеуіштер орнату;
4) баланың терезеге өз бетінше қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау.
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабына сәйкес 20 АЕК-ке дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамақ түрінде жауапкершілік көзделген. Тек 3 айдың ішінде осы бап бойынша 8 мыңнан астам ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.
Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін бірінші кезекте жауапкершілік ата-аналарға жүктелетінін түсіну қажет.
Бас прокуратура азаматтарды қырағылық танытуға және қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін жағдайларға жол бермеуге шақырады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
2026 жылғы 18 наурызда Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 50-бабының 4-тармағының конституциялылығын тексеру туралы жолданымды қарау нәтижелері бойынша №77-НҚ нормативтік қаулыны қабылдады. Аталған норма банктік құпияны құрайтын мәліметтерді ашу тәртібін реттейді.
Өтініш жасауға неке бұзылғаннан кейін туындаған жағдай негіз болды. Өтініш берушіге екінші деңгейлі банктер бұрынғы жұбайының шоттары мен ондағы ақшалай қаражаттары туралы мәліметтерді ұсынудан бас тартқан.
Сот банктердің ұстанымын қолдап, шот иесінің мұндай мәліметтерді ашуға келісімі болмағанын негізге алды.
Жолданым субъектісінің пікірінше, мұндай шектеулер Конституцияда бекітілген теңдік қағидатын, меншік құқығын және отбасын қорғау кепілдіктерін бұзады.
Конституциялық Сот жеке өмірге қол сұқпаушылық және салымдар құпиясын сақтау құқығы Конституциямен кепілдендірілетінін және ол барлық тұлғаларға, соның ішінде ерлі-зайыптыларға да таралатынын атап өтті.
Некеге тұру қаржылық ақпараттың құпиялылығы құқығын жоймайды, ал мұндай мәліметтерді ашуға тек заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.
Сонымен қатар конституциялық бақылау органы заңнамада банктік құпияны қорғау мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын іске асыру арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін құқықтық тетік көзделгенін көрсетті.
Атап айтқанда, соттар мүлікті бөлу туралы дауларды қоса алғанда, қаралатын сот істері шеңберінде банктерден шоттардың бар-жоғы және олар бойынша ақша қаражатының қозғалысы туралы мәліметтерді талап ете алады.
Қарау нәтижелері бойынша Заңның 50-бабының 4-тармағы Конституцияға сәйкес деп танылды.
Қабылданған нормативтік қаулы адамның жеке өміріне қол сұқпаушылық және банктік құпия құқығы мен ерлі-зайыптылардың мүліктік құқықтарын сот тәртібімен қорғау мүмкіндігі арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас прокуратура мен Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері, Қазақстанның Грузиядағы елшілігінің қолдауымен сеніп тапсырылған қаражатты ұрлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тартуға Грузиядан Қазақстан азаматын экстрадицияланды.
Тергеу барысында аталған тұлға компания басшысы бола отырып, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қаражатты ұрлау мақсатында, мемлекеттік сатып алу нормасын қолданбай, спутниктік және телекоммуникациялық жабдықты жалға алудың заңсыз шартын жасағаны анықталды.
Қылмыстық іс-әрекеттің нәтижесінде «Транстелеком» АҚ арқылы мемлекетке 4 миллиард теңгеден астам шығын келген.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынған, осыған байланысты халықаралық іздеу жарияланған.
А.ж. наурыз айында ол Грузия аумағында ұсталып, Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалды.
Айып тағылған қылмыстар үшін қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Астанада Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен инвестицияларды қорғауға арналған Форум өтті.
Форум жұмысына Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Роман Скляр, Мәжіліс Парламентінің депутаттары, ҰКП «Атамекен», Сыртқы инвесторлар кеңесінің мүшелері, Қазақстандағы Еуропалық Одақ Елшісі, ірі отандық және шетелдік бизнес, сондай-ақ БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуразиялық даму банкінің өкілдері қатысты.
Форумды ашқан Бас Прокурор инвестор нақты қорғалғанын сезінуі, құқықтық ортадағы ашықтық пен тұрақтылыққа сенімді болуы керек екенін атап өтті.
«Біздің жұмысымыз мемлекеттік органдардың заңдылық, болжамдылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген, яғни «Заң мен тәртіп» идеологиясының қағидаттарына сүйенеді.
Инвесторлардың қызметіне заңсыз араласу әрекеттерінің кез келгені прокуратура органдарының барлық құралдары арқылы тоқтатылады».
Форум барысында прокуратураның инвестицияларды қорғаудағы рөлін трансформациялау жұмысы кеңінен қамтылды.
Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Бас Прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі берілген.
Инвестор құқықтарын қорғау комитеті оның жұмыс органы болып табылады, ал өңірлерде бұл функцияны аймақ прокурорлары жүзеге асырады. Бұл күрделі жағдайларды тез шешуге және инвесторларды институционалды қорғаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Форумның ерекшелігі ретінде Инвестор құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы жаңа инвестициялық қолдау құралдарын таныстырды, олар Президенттің қолдауына ие болып, заңнамалық түрде бекітіледі.
Мысалы, прокурорға міндетті түрде орындалуы тиіс ұйғарымдар енгізу құқығы берілген.
Инвестициялық жобаға персоналды прокурор бекітіліп, жылдың басынан бастап оның проактивті жұмысы шамамен 600 инвестордың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, ал Комитеттің инвестициялық портфелі 1 мың жобамен толықты, жалпы сомасы 12 трлн теңге болды.
Қазіргі уақытта прокурорлық сүйемелдеуде 2,8 мыңнан астам инвестициялық жоба бар, жалпы құны 96 трлн теңге.
Заңбұзушылықтарды тиімді болдырмау үшін прокурорлық фильтр кеңейтілді. Енді инвесторларға қатысты кез келген шектеу шаралары, мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың тексерулері мен талаптары прокурордың келісімінсіз мүмкін емес. Бұл механизм 1 мыңнан астам негізсіз шешімдерді, оның ішінде 450 заңсыз тексеруді, 500 әкімшілік өндірісті және 200-ден астам шектеу шараларын болдырмады.
Цифрландыру аясында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа «Цифрлық бақылау» жүйесімен интеграцияланды, бұл жобаның барлық циклін, туындайтын мәселелер мен мерзімдерге кешіктірулерді «бір терезе» режимінде бақылауға мүмкіндік берді.
«Мобильді прокурор» қосымшасында инвесторларды персоналды прокурормен тәулік бойы байланысқа шығуға арналған бөлім енгізілуде.
Заңнаманы жетілдіру үшін Комитет жанында мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Сараптамалық кеңес құрылуда.
Кеңестің қызметі инвестициялық климатты жақсарту бойынша ұсыныстарды тоқсан сайын дайындауға бағытталған.
Сонымен қатар, инвесторлар мен мемлекеттік органдар арасындағы дауларды тиімді шешу үшін Дауларды сотқа дейін шешу комиссиясы құрылатын болады.
Форум барысында OrbisKazakhstan және AKSA Energy компаниялары елімізде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобаларды таныстырды, прокуратура органдарының проблемалық жағдайларды сәтті шешудегі және әкімшілік кедергілерді жоюдағы рөлін ерекше атап өтті.
Іс-шараның бизнес-климатты нығайтудағы маңыздылығын «Қазақстандық Сыртқы Инвесторлар Кеңесі» Ассоциациясының директоры Ж. Байдашева және Қазақстандағы Еуропалық бизнес-ассоциациясының (EUROBAK) бас директоры Ю. Кусиди де атап өтті.
Іс-шара соңында Бас Прокурор барлық жүргізіліп жатқан жұмыстың Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары аясында құрылғанын, оның мақсаты елімізде қолайлы және бәсекеге қабілетті инвестициялық климат қалыптастыру екенін айтты.
Мемлекеттік органдардың негізгі міндеті – шешімдерді жедел қабылдау, әкімшілік кедергілерді жою және инвестициялық жобаларды артық процедуралар мен кешігулерсіз жүзеге асыру үшін жағдай жасау болып табылады.
Арнайы назар реакциядан жүйелі және алдын алу жұмысына көшуге аударылды: проблемалардың түпкі себептерін анықтау және жою, заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ инвесторларға қатысты «Заң мен тәртіп» қағидатының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз ету.
Президенттің тапсырмаларын орындау тұрақты бақылауда болатыны, форум барысында айтылған барлық ұсыныстар мен бастамалар мемлекеттік органдармен пысықталатыны атап өтілді.
«Біздің мақсатымыз – инвестор өз жобасының заңмен қорғалғанына сенімді болатындай, шешімдер уақтылы қабылданатындай және ойын ережелері түсінікті әрі тұрақты болатындай жағдай жасау», – деп Бас Прокурор қорытындылады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Ағымдағы жылдың 7 cәуірде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов пен Ресей Федерациясының Бас прокуроры Александр Гуцанның кездесуі өтті.
Кездесу барысында қазақстандық қадағалау органының басшысы қонақты прокуратура органдары қызметінің негізгі және басым бағыттарымен таныстырып, жаңа Конституцияда айқындалған оның құқық қорғау рөлін атап өтіп, ең жоғары құндылықтар ретінде бұрынғыдай адам, оның құқықтары мен бостандықтары болып қала беретінін жеткізді.
Ресейлік прокурорлар делегациясы азаптаулардың алдын алу, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сондай-ақ инвесторлардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс туралы хабардар етілді.
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетуге, қылмыстық қудалауды жүзеге асыруға және іздеуде жүрген адамдарды ұстап беруге байланысты халықаралық-құқықтық ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Сонымен қатар прокурорлық қадағалау процестерін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ақпараттық-талдамалық құралдар таныстырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша 2009 жылғы 23 маусымдағы Қазақстан мен Ресей прокуратуралары арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге әскери прокуратуралардың және активтерді қайтару саласындағы өзара іс-қимылын күшейтуге бағытталған қосымша хаттамаларға қол қойылды.
Соңында тараптар сенімді және кәсіби ынтымақтастықтың жоғары деңгейін атап өтіп, қылмыстылыққа қарсы күрес, заңдылықты, құқықтық тәртіпті және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы алдағы бірлескен қадамдарды келісті.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі