Бүгін Бас прокуратурада Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Таңертеңнен бастап прокуратураның ер қызметкерлері қадағалау органының нәзік жандарын құттықтап, олардың әрқайсысын ғимаратқа кіре берістен гүл шоқтарымен қарсы алды.
Сондай-ақ, олар үшін арнайы ұйымдастырылған шарада Бас Прокурор Берік Асылов сөз сөйлеп, прокуратураның өміріндегі әйелдердің ерекше рөлін атап өтіп, адал еңбегі мен жоғары кәсібилігі үшін алғысын білдірді.
Бас Прокурор осы тамаша мерекеде аналарымызды, әйелдерімізді, қыздарымызды, апаларымызды қуантуға асығатынымызды атап өтті.
Олар барлық әдемілік және нәзіктілікті бейнелейді және ер адамдарды жаңа биіктерге жетуге шабыттандырады.
Б. Асылов прокуратура қатарындағы әйелдерге жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орындап, заңдылықты нығайтуға үлкен үлес қосып жатқанын баса айтты.
Мереке құрметіне 225 әйел прокурорлар ведомстволық наградалармен және сыныптық шендермен марапатталды.
Ресми бөлімнен кейін мерекелік концерт ұйымдастырылды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бүгін Бас прокуратурада алғыс айту күні қарсаңында прокуратура ұжымының және онлайн аумақтық прокуратура органдарының қатысуымен ашық диалог форматында Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Наталья Дементьевамен кездесу өтті.
Қазақстан халқының бірлігі, патриотизмді нығайту, еңбексүйгіштік, жастарды тәрбиелеу, адамгершілік, мейірімділік, туған жерге деген сүйіспеншілік және т.б. маңызды құндылықтар туралы пікір алмасу болды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бүгін Бас Прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
ҚР ІІМ-нің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мекемелеріндегі құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижелері, оның ішінде сотталғандарды ұстау жағдайлары, сондай-ақ осы жағдайларды халықаралық стандарттарға жақындату шаралары талқыланды.
Бас Прокурор сотталғандардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау, заңда көзделген өкілеттіктерді пайдалану, заңдардың дәл және біркелкі қолданылуына қол жеткізу, сондай-ақ анықталған заң бұзушылықтарының алдын алу және жою жөнінде уақтылы шаралар қолдану қажеттігін атап өтті.
Осы мақсатта Үйлестіру кеңесінің шешімімен уәкілетті органдарға сотталғандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды және радикалды діни ағымдарды таратуды күшейту, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларын жақсарту бойынша шаралар қабылдау жөнінде нақты ұсыныстар берілді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бүгін Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Қазақстанның Польшадағы Елшілігінің көмегімен Польша Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан топты құру және басқару үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Украина азаматын экстрадициялады.
Ол 2022 жылы құрған қылмыстық топ Қазақстан аумағында аса ірі көлемде психотроптық заттарды өндірумен және сатумен айналысқан.
Тәркіленген заңсыз заттардың көлемі 1 тоннадан астам, ал олардың заңсыз айналымдағы жалпы құны 1,5 млрд теңгені құрайды.
Көрсетілген қылмыстарды жасағаннан кейін ұйымдасқан топ мүшелері құрықталды, ал оның жетекшісі жасырынып, оған халықаралық іздестіру жарияланған.
2023 жылдың тамыз айында күдікті Польшаның аумағында ұсталды.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол экстрадицияланып, қазіргі уақытта Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Прокуратура органдары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге қатысты жұмысты жалғастыруда.
Кәсіпкерлік саласындағы заңдылықты қадағалау және инвесторларға қатысты «прокурорлық сүзгі» жобасын енгізу шеңберінде Бас прокуратурамен субъектілерге барып профилактикалық бақылау тізімдерін қалыптастырудың заңдылығы мәселесі зерделенді.
Өткен жылдың желтоқсан айында ведомстволардың басшыларымен ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығына осындай тексеру іс-шараларының тізбелері бекітілді.
Оларды құрастыру кезінде бақылаушы органдар тәуекел дәрежесін бағалаудың бекітілген критерийлерін басшылыққа алуға тиіс.
Алайда, кейбір субъектілер, негізінен кәсіпкерлер, бақылау тізімдеріне негізсіз енгізілді.
Ең алдымен, оларды құрастыру кезінде тәуекел дәрежесін бағалаудың күшіне енбеген критерийлері пайдаланылды.
Сонымен қатар, тәуекел дәрежесі көрсеткіштерінің есептеуі дұрыс жүргізілмеген.
Қабылданған бұйрықтардың орындалуы бақылау субъектілерінің, оның ішінде бизнес пен инвесторлардың құқықтарын айтарлықтай бұзатынын ескере отырып, оларға прокуратура наразылық білдірді.
Мысалы, наразылық бойынша Денсаулық сақтау министрімен 2024 жылғы 1 шілдеден ғана қолданысқа енгізілетін негіздер бойынша тәуекел дәрежесі көрсеткіштерінің есептеуі жүргізілген 400-ден астам бақылау субъектісі алынып тасталды.
Басқа жағдайда, Сауда және интеграция министрі жоспарланған тексерулер тізімінен 85 бизнес субъектісін алып тастады.
Екі қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша Бас прокуратурамен 53 инвестордың құқықтары қорғалды.
Кәсіпкерлерге қатысты негізсіз бақылау іс-шараларының жолын кесу жұмыстары жалғасуда.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Сыртқы істер министрлігінің көмегімен трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Әзербайжаннан Түркия азаматын экстрадициялады.
Ол 2020 жылдың шілдесі мен тамызы аралығында трансұлттық ұйымдасқан топ құрамында Қазақстаннан 24 келіден астам алтынды контрабандалық жолмен әкетуге қатысқан деп күдіктеледі.
Осы қызметтің нәтижесінде мемлекетке 633 миллион теңгеден астам шығын келтірілген.
Қылмыс жасағаннан кейін қатысушылар тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.
2023 жылдың шілдесінде күдікті Әзербайжан аумағында ұсталды.
Қазіргі уақытта ол Астана қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкін тәркілеп, сегіз жылдан
он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, 2022 жылдың маусымында Астана қаласының соты
осы трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметіне қатысы бар 14 адамды түрлі жаза түрлеріне соттап, олардан мемлекет пайдасына 5 миллиард теңгеге жуық ақша өндіріп алған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Қатар мемлекетіне мемлекеттік сапары аясында Қазақстан мен Қатар арасында ұстап беру және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісімдерге қол қойылды.
Бұл құжаттар халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ қылмысқа, оның ішінде оның трансұлттық түрлеріне қарсы күреске бағытталған.
Атап айтқанда, ұстап беру туралы келісім тараптарға бір елде қылмыс жасаған және басқа елде жасырынған адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін экстрадициялауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы келісім қылмыс жасаған адамдардың кінәсін дәлелдеу бойынша екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылына бағытталған.
Қазақстан тарапынан оларды іске асыру бойынша уәкілетті мемлекеттік орган Бас прокуратура болып табылады.
Айта кету керек, бұған дейін Қазақстан Сауд Арабиясымен, Иорданиямен және Біріккен Араб Әмірліктерімен осындай Араб әлемі елдерімен халықаралық шарттар жасасқан болатын.
Осылайша, Қатар Қазақстан Республикасының қылмысқа қарсы іс-қимыл саласында қажетті халықаралық-құқықтық базаны қалыптастырған Парсы шығанағының кезекті мемлекеті болды.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
А.ж. 6 ақпан күні Бас прокуратураның үйлестіруімен Астана қаласында аса ірі көлемде алаяқтық қылмысы бойынша күдікті М.К.Сүлейменов ұсталды.
Бұған деін а.ж. 30 қаңтар күні Қызылорда қаласында оның тағы бір сыбайласы Р.Қ.Қаржауов анықталып, ұсталды.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, К.Сүлейменов 2021-2022 жылдары адамдар тобымен азаматтарға жалған автокөлік несиесін рәсімдеген. Олардың алаяқтық әрекеттерінен 231 адамға 2,9 млрд теңге залал келтірілген. Тергеу барысында 2022 жылдың мамыр айында Сүлейменов тергеуден бой тасалап, оған іздеу жарияланған болатын.
Қазіргі уақытта Сүлейменов Ақтау қаласына жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оған тағылған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін адамдар үшін алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеу жариялайды.
Іріктеу аудан/қала прокуратурасының прокуроры (C-RGP-5 санаты) лауазымдарына жүргізіледі, олардың функционалдық міндеттеріне заңда белгіленген шекте және нысандарда Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын жоғары қадағалауды жүзеге асыру, сотта мемлекет мүдделерін білдіру және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыру кіреді.
Ең төменгі жалақы – 164 052 теңге.
Іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдауды прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелері (байланыс телефондары мен мекенжайлары төменде көрсетілген) 2024 жылғы 7 ақпаннан 7 наурызға дейін жүргізеді.
Алғашқы кәсіптік даярлыққа іріктеуге қатысу үшін үміткерлер:
1) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органда (құқық қорғау қызметінің лауазымдарына арналған тиісті бағдарлама бойынша) тестілеуден, оның ішінде жеке қасиеттерін бағалаудан өту;
2) құқық қорғау органдарының аумақтық бөлімшелеріне (түсу үшін жоспарланған органға) мынадай құжаттарды беру:
- белгіленген үлгідегі өтініш;
- Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- білімі туралы құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес нострификациялау немесе тану рәсімінен өткенін растайтын құжаттар (шетелдік білім беру мекемелері берген дипломдар үшін, салыстыру үшін түпнұсқалары);
- жақын туыстарын, оның ішінде белгіленген нысан бойынша бұрынғы жұбайларын көрсете отырып, өз қолымен жазылған толық толтырылған өмірбаян;
- кез-келген аймақта қызмет етуге келісім беру туралы өтініш;
- әскери билет немесе тіркеу куәлігін тапсыруы қажет.
Құжаттардың толық емес тізбесін, сондай-ақ белгіленген мерзімді бұза отырып ұсыну іріктеуге қатыстырмау үшін негіз болып табылады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі
Әскери инфрақұрылымды дамыту және Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қайта жарақтандыру кезіндегі заңдылықтың жай-күйі мәселесі бойынша Берік Асыловтың төрағалығымен Бас прокуратура алқасының отырысы өтті.
Іс-шараға Қауіпсіздік Кеңесінің өкілдері, әскери ведомстволардың, сондай-ақ өнеркәсіп және құрылыс, Ішкі істер, төтенше жағдайлар және қаржы министрліктерінің басшылары қатысты.
Бас Прокурор әскери қызметшілер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерінің өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.
Бас әскери прокуратура (бұдан әрі-БӘП) 2023 жылы әскери қауіпсіздік саласындағы заңдылықтың жай-күйіне 363 тексеру және 153 талдау жүргізді.
Олардың нәтижелері бойынша әртүрлі жауапкершілікке екі мыңнан астам тұлға тартылды.
Қадағалау актілері бойынша «Әскери құрылыс Астана» ЖШС-нің 4 мыңға жуық қызметкерінің 270 млн теңгеден астам сомаға жалақысы берешегі өтелді.
Қорғаныс министрлігі БӘП бастамасымен заттай мүліктің цифрлық есебін енгізуде.
Әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында 2022-2024 жылдарға арналған әскердегі құқық бұзушылықтардың алдын алудың үш жылдық бағдарламасы іске асырылуда.
Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2023 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың 4,2% - ға, оның ішінде аса ауыр құқық бұзушылықтардың 30% - ға, ауырлығы орташа - 3,1% - ға, теріс қылықтардың 24% - ға төмендеуіне қол жеткізілді.
Отырыс барысында оқ-дәрілерді сақтау мәселелері, сондай-ақ басқа да өзекті тақырыптар жеке талқыланды.
Сондай-ақ, Бас прокуратураның бастамасымен бірнеше ведомствоаралық жұмыс топтарын құру туралы шешім қабылданып, олар күн сайын әскери инфрақұрылымды жақсартуға және дамытуға, әскерді сапалы қайта жарақтандыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған шараларды іске асыруды сүйемелдейтін болады.
Оның құрамына Бас прокуратураның және Бас әскери прокуратураның, қорғаныс, төтенше жағдайлар, қаржы, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық ұлан мен Шекара қызметінің жауапты өкілдері кіреді.
Алқа қорытындысы бойынша Бас прокуратура әскери ведомстволардың басшыларына, мүдделі мемлекеттік органдарға әскери саладағы заң бұзушылықтарды болдырмау бойынша пәрменді шаралар қабылдау туралы ұсынымдар берді.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі