ОРАЛДА "СИНТЕТИКА" ТАСЫМАЛДАУШЫ 11 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

ОРАЛДА "СИНТЕТИКА" ТАСЫМАЛДАУШЫ 11 ЖЫЛҒА СОТТАЛДЫ

Батыс Қазақстан облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 09 тамыздағы үкімімен 27 жастағы жігіт сотталып, есірткі таратқаны үшін 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Интернет дамыған дәуірде заңсыз бизнесті ұйымдастырушылар сыбайластарын көбінесе желілер арқылы іздестіріп, өздеріне тартады, олардың арбауына балалар мен ересек өмірді енді бастаған жас адамдар жиі тап болады.

Көбінесе заңсыз жұмысқа алған кезде оларға курьер жұмысы ұсынылады, алайда жұмыс іздеушілер өздерінің наркокурьерлерге айналғанын соңынан біліп жатады.

Әдетте, мұндай ұсыныстар оларды табыстың жоғары болуымен қызықтырады.

Ашық деректер бойынша, «жеткізушінің» бір күндік табысы шамамен 50 000 теңгені құрайды, алайда курьерлер жеткізу кезінде жазаның қатаңдығы туралы  күдіктенбейді де.  

Ағымдағы жылдың сәуір айында Набережная-старица көшесінде С. есімді азамат ұсталып, полиция қызметкерлері оның қылмыстық әрекеттерінің жолын кесіп, киімін қарап тексеру кезінде оның бойынан қара изолентамен оралған 9 байлам тапқан, ал қалған 16 байламды ол әртүрлі жерлерге жасырып үлгерген.

         Батыс Қазақстан облысы Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2022 жылғы 09 тамыздағы үкіміне сәйкес азамат С. ҚК-тің 297-бабының 3-бөлігімен 11 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі мейлінше жоғары мекемесінде өтеу тағайындалған. Қосымша түрде сот С. есімді азаматқа жазасын өтейтін жергілікті жерде есірткіге тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеуді тағайындады.

         Нашақорлардың да, есірткі сатудың қылмыстық жолына түскендердің де орта жасының төмендеуі – бүгінгі заманымыздың ащы шындығы. Жастарды оңай олжа қызықтырады. Олардың көбін өз әрекеттерінің салдары, атап айтқанда есірткі үшін қатаң жазаланатыны толғандырмайды.

         Соттың бұл үкімі заңды күшіне енген жоқ.