«Анальгетиктерді» заңсыз сатудың жолы кесілді

«Анальгетиктерді» заңсыз сатудың жолы кесілді

Қазіргі уақытта психотроптық анальгетиктерге тәуелділіктің күрт өсуімен байланысты жастар арасында «дәріханалық нашақорлық» кең таралған.

Орал қаласында анальгетиктерге тәуелді адамдардың күрт өсуін ескере отырып, облыс прокуратурасының бастамасымен ведомствоаралық мониторингтік топ құрылып, құрамында кодеин бар дәрілік препараттарды, атап айтқанда «Трамадол», «Самнол», «Тропикамид» заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.

Осы жылдың шілде айында жүргізілген рейдтер нәтижесінде психотроптық және опиоидты анальгетиктерді заңсыз сатуды жүзеге асыратын 2 тұлға анықталды.

Мысалы, «В» азаматшасы өзінің тұрғылықты жері бойынша «Променад» сауда үйінің ауданында 2006 жылы туған  кәмелетке толмаған «К» азаматшасына «Трамадол» анальгетигін сатқан, ол кейіннен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі бөлімге және наркодиспансерге есепке қойылды.

Анальгетиктерді заңсыз сатқан «В» азаматшасына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Ұқсас жағдай Гагарин көшесінің аумағында «О» азаматшасы тұрғылықты жерінен Трамадол анальгетигін заңсыз сатқан.

Тұрғын үйді тексеру барысында соңғысынан заңсыз сақтаған «Трамадол» 88 пластинасы, «Тропикамид» 60 флаконы және «Медакс» 20 флаконы табылып, алынды.

Қазіргі уақытта сот кінәлі адамдарға әкімшілік жаза қолдану туралы мәселені қарастыруда.

Өңір тұрғындарының назарын психотропты әсері бар дәрілік заттарды сатудың жиілеп кеткен фактілеріне аударамыз.

Бұл препараттарға тәуелділік тез дамиды. Мұндай препараттарды қолданғаннан кейін адам физикалық және психологиялық сарқылу белгілерін көрсетеді.

Егер Сізге есірткі және психотроптық заттарды заңсыз сақтау, өткізу фактілері белгілі болса, олар туралы 102 телефоны бойынша полиция органдарына және 51-09-41 телефоны бойынша кезекші прокурорға хабарлауыңызды сұраймыз.

 

 

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы