«Бизнесті бірге қолдаймыз» форумының қорытындылары

«Бизнесті бірге қолдаймыз» форумының қорытындылары

Батыс Қазақстан облысының прокуроры Жандос Өмірәлиевтің төрағалығымен, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл (бизнес-омбудсмен) Рустам Жүрсіновтің, «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Ербол Өстеміровтың және бизнес-қоғамдастықтың қатысуымен бизнесті қорғау жөніндегі Форум өткізілді.

Кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдар өкілдерінің бұл кездесуі – мемлекеттік аппарат пен бизнес-қоғамдастық ашық бірлескен диалогқа дайын екендігінің тағы бір дәлелі.

Форумның тақырыбы Мемлекет Басшысы қойған міндеттер болды.

Форумда мемлекеттік құрылымдардың бизнесті негізсіз тексерулерінен, оған келтірілетін кедергілерден және қылмыстық, әкімшілік және азаматтық сот ісін жүргізуге тартылуынан көрінетін кәсіпкерлер құқығын бұзу фактілері талқыланып, көрсетілді.

Форум қорытындысында прокурорлар мен мемлекеттік органдарға алдағы уақытта бизнес үшін жағымсыз салдарлар туындағанға дейін шенеуніктердің заңсыз әрекеттерінің жолын кесуге баса назар аудару бойынша нақты міндет қойылды.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов прокуратура органдарымен тиімді ынтымақтастық туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар, бизнес-омбудсмен кәсіпкерлердің бірқатар мәселелерін (жер, құрылыс, рұқсат құжаттарын алу) айтып, оған аумақтық прокурорлардың қосылуын сұрады.

Форум соңында бизнесті қорғау жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған бірлескен Жол картасына қол қойылды.

Жол картасына бизнестің жүйелі проблемаларын шешу, атап айтқанда, кредит беру, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, кәсіпкерлерді негізсіз қудалау фактілерінің жолын кесу және оларды қылмыстық сот ісін жүргізу орбитасына тарту, сондай-ақ басқа да бағыттары бойынша мәселелер енгізілді.