Прокуратура қауіпсіз жолдар үшін

Прокуратура қауіпсіз жолдар үшін

Бүгін Батыс Қазақстан облысының прокуратурасында өткен алқа отырысында Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтың жай-күйінің нәтижелері қаралды.

Отырыс жұмысына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, қоғамдық бірлестіктердің, сондай-ақ жол ведомстволарының басшылары қатысты.

Облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев облыстағы жолдардағы апаттылықтың жоғары деңгейі өткір әлеуметтік және экономикалық проблемалардың бірі болып табылатынын атап өтті.

Республикада 100 мың тұрғынға шаққанда жолдардағы өлім саны бойынша өңір анти рейтингте ірі өңірлер мен мегаполистерден озып, 5-ші орында тұр.

Соңғы екі жылдың ішінде облыста 500 жол-көлік оқиғасы орын алды, 719 адам жарақат алды (әйелдер – 292, балалар – 91), 143 адам қаза тапты (әйелдер – 37, балалар – 6).

Жол-көлік оқиғалары бойынша қылмыстық істер бойынша 470 адам сотталып, 3 976 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 1 мыңнан астам азамат көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Қала маңындағы жолдардағы апаттар ең ауыр, мұнда адамдар жиі қаза табады.

Ақжайық ауданы арқылы Каспий теңізінің порттарына шығатын маңызды "Орал-Атырау" транзиттік дәлізі өтеді.

Бұл учаскедегі өлім-жітімнің жоғары болуына жолдың бүгінгі таңдағы талаптарға сәйкес келмеуі мен жүктелуі ықпал етеді.

 Апаттардың тағы бір себебі – қараусыз қалған жануарлар.

Өкінішке орай, мұндай жануарлардың иелерін анықтау көбінесе мүмкін емес – көбісі  тіркелмеген, ветеринарлық шаралар дұрыс ұйымдастырылмаған.

Автожолдарды күтіп ұстауда да проблемалар бар.

2021 жылы полиция департаментінің органдары жолдарды сапасыз ұстау фактілері бойынша 1 мыңнан астам ұйғарым енгізді, жүзден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ЖКО-ның 90%-дан астамы жүргізушілердің кінәсінен орын алады.

Көбінесе ережелер қасақана бұзылады.

Көрсетілген барлық мәселелер жүйелі шешімдерді талап етеді.

Прокуратура бұл шешімді интелектуалды көлік жүйелерін белсенді қолданудан да, жол инфрақұрылымының сапасын жақсартудан да көреді, бұл басқа өңірлерде оң нәтижелер берген.

 

 

Алқа отырысының нәтижесі бойынша уәкілетті және мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тиісті ұсынымдар берілді.